• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2015

Қызылорда облысы буферлік аймақтан шығады

335 рет
көрсетілді

ҚЫЗЫЛОРДА. 15 қазан. Қызылорда облысы буферлік аймақтан шығуға толық дайын. Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов журналистерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында осылай мәлімдеді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының ветеринарлық қызметтерінің 2011 жылғы 11 наурыздағы шешіміне сәйкес аусыл індетіне қолайсыз Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттеріне көршілес Қазақстанның 5 облысы буферлік аймаққа жатқызылып, бұл облыстардан еліміздің басқа аймақтары мен Кеден одағына мүше мемлекеттерге аусылға бейім ауыл шаруашылығы жануарлары мен олардың шикі ет өнімдерін шығаруға тыйым салынған болатын. Содан бері облыс аумағын буферлік аймақтан шығару мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Биылғы жылдың өзінде аусыл індеті бойынша бекітілген жоспарға сәйкес, 480 бас малдың қан құрамына лабороториялық зерттеулер жүргізіліп, қуантарлық нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, қазан айының 8-11 аралығында Халықаралық Эпизоотиялық Бюросының бас директоры Бернард Валл Астана қаласына іссапармен келіп, Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен және Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбековпен кездесуі барысында буферлік аймақтағы 5 облысқа вакцина қолданылатын аусылдан таза аймақ статусын беру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған болатын. Ғылыми кеңестің оң шешімі 2015 жылғы 6 қарашада Алматы қаласында өтетін ІІІ Халықаралық ветеринарлық конгрессінде алынады деп күтілуде. Содан кейін барып 2016 жылдың мамыр айында Париж қаласында өтетін ХЭБ 84-Ассамблея делегаттарының қарауына ұсынылмақ. Қызылорда облысының етті экспорттауға әлеуеті жеткілікті. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар ауқымды. Мәселен, қазіргі таңда облыста 2 200 басты бордақылауға арналған 18 алаң бар. Сондай-ақ, Сырдария ауданында 3 мың басқа және Қазалы ауданында 500 басқа арналған мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Келер жылы Жалағаш ауданында 3 мың басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы басталатын болады. Ержан Байтілес. Дерек: egemen.kz. Сурет: syrboyi.kz.