• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2015

Мемлекет басшысы Ресей президентімен кездесті

200 рет
көрсетілді

АСТАНА. 15 қазан. Елбасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Қазақстан Президенті кездесу барысында В.Путиннің елімізге сапары үшін ризашылық білдірді. «Сіздің Қазақстанға бұдан бұрынғы мемлекеттік сапарыңыз төрт жыл бұрын болды. Осы уақыт аралығында біз үнемі екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін түрлі орындарда шешіп отырдық. Сіздің бұл жолғы сапарыңыз да осынау күрделі кезеңдегі ынтымақтастығымызды нығайтуға және тереңдете түсуге септігін тигізетініне сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы 16 қазанда өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясындағы келіссөз мәселелерін де қозғады. «Бүгінде ЕАЭО халықаралық аренада құрмет пен беделге ие болып, өз аясын кеңейтіп келеді. Біз дұрыс жолда келеміз деп есептеймін», – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің екіжақты қарым-қатынасын дамыту келешегі туралы да айтты. «Біз Сочиде өзара қарым-қатынастарымызға қатысты негізгі мәселелерді талқылауға мүмкіндік алдық, енді бүгін соларға қатысты тиісті құжаттар дайындалып отыр. Біздің қарым-қатынастарымыз «ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы» іргелі келісім негізінде дамып жатқанын да айтқым келеді. Одақтастық Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартпен, ал экономикалық тұрғыдан ЕАЭО-ның жарғылық құжаттарымен бекітілген. Қазақстан әрдайым Ресей Федерациясының жақын әрі сенімді көршісі, одақтасы болған, алдағы уақытта да солай болып қала береді. Бұл Қазақстан халқының түпкі мүдделерімен тоғысып жатыр», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. В.Путин өз сөзінде жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. «Менің Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына сипаттама беруімнің керегі жоқ. Бұл – жай өзара сенімді серіктестік қана емес, толық мағынасындағы одақтастық қарым-қатынас. Қазақстан – біздің ірі сауда-экономикалық серіктесіміздің бірі. Бүгінде 6 мыңға жуық Ресей компаниялары Қазақстанда жұмыс істеп жатыр, долларлық эквивалентпен есептегенде мол көлемдегі инвестиция жинақталды. Сіздің төл бастамаңыз – Еуразиялық экономикалық одақ белсене дамып, экономикаларымыздың тиімді дамуына жағдай туғызуда. Біз көптеген серіктестеріміз ЕАЭО-мен түрлі форматта ынтымақтасу ниетінде екенін көріп отырмыз», – деді Ресей президенті. Айдар Өрісбаев. Дерек, сурет: akorda.kz.