Жобаларға жол ашатын форум
Облыс орталығында халықаралық «ErtysInvest 2015» инвестициялық форумы болып өтті. Форумға өнеркәсіптік-инвестициялық компаниялар, даму институттары, ұлттық компаниялар өкілдері қатысты. Франция, Германия, Италия, Сербия, Сауд Арабиясынан, Украина, Ресей өңірлерінен өкілдер келді. Жуырда біз газетімізде жазған Артемия салина шаяндарын экспорттау жобасын жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы да айтылды. Бұл биоресурс құрамында ақуыз мол. Өнім медицина, ауыл шаруашылығы саласына қажет. Артемия салинаны қайта өңдеу инвесторлар үшін тиімді ұсыныс. Облыстың экспорттық әлеуетін арттыруға да септігін тигізері анық, деді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Форум барысында алдағы уақытта өндірісті өңірдің әлеуетін арттыратын 40-тан аса инвестициялық жобалар ұсынылды. Мақсаты – отандық және шетелдік инвесторларға өңірдің инвестициялық әлеуеті мен мүмкіндіктерін таныстыру. Осымен екінші рет өткізілген форумға еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, облыс әкімі Қанат Бозымбаев, Новосібір облысының губернаторы Владимир Городецкий, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов, сондай-ақ танымал кәсіпкерлер қатысты. Биыл біздің облыстан Новосібірге 353 тонна азық-түлік экспортталады. Бұл облыс әкімі Қанат Бозымбаев пен Новосібір облысының губернаторы Владимир Городецкийдің кездесуінде айтылды. Жалпы, өңірдің инвестициялық саясаттағы өзара ынтымақтастық үшін географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы Ресейдің шекаралас нарығына шығу мүмкіндігін береді. Ал форумда Новосібірдің «СибИнвестГруп» компаниясымен «Павлодар облысы аумағында автокөлікке арналған алюминий дискілер шығаратын зауыт салу» жобасын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл жоба өңір үшін маңызды, іске асырылуына қолдау көрсететін боламыз, деді Қ. Бозымбаев.
Ресей – облысымыздың басты сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылы облыстың Ресеймен сауда көлемі 1,9 млрд. долларды құрады. Павлодарлық кәсіпорындар Ресейге 1,0 млрд. доллар сомасына өнім жеткізсе, облысқа 900 миллион доллар көлемінде ресейлік тауарлар әкелінген көрінеді. Біздің өңірден Новосібір облысына өткізгіш-кабель өнімі, азық-түлік жеткізіледі. Новосібірден негізінен машина жасау өнімдері жеткізіледі, атап айтқанда, құрал-жабдық, қосалқы бөлшектер, жүк көтергіш механизмдер, буып-түю өнімдері, халық кеңінен қолданатын заттар келеді. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық өсімдік және мал шаруашылықтары, сондай-ақ аграрлық ғылым салаларында жүзеге асырылады.
Ал облыс әкімдігі мен «Қазақстан Алюминийі» АҚ басшылығы арасында алюминий құймалары мен энергоблоктарды қайта жөндеу үшін электролиз өндірісін кеңейту бағытындағы жобалар қолға алынады. Өңір аумағында химиялық-металлургиялық кешен облыс әкімдігі, «TENIR-LOGISTIC» ЖШС және қытайлық «China Machinery Engineering Corporation» компаниясы арасында жасалған құжаттың арқасында құрылмақ. Жаңа жоба аясында арнайы болат пен титан диоксиді өндірісі іске қосылады. Сонымен бірге, «Қазақстан элекролиз зауыты» АҚ және «УПНК ПВ» ЖШС арасындағы келісім бойынша қыздырылған мұнай коксын тасымалдау жоспарлануда. Ал теміржол машина жасау саласын дамыту мақсатында «Рельстік бекіту құрамына енетін W тәріздес иілгіш клеммалар зауыты» жобасын жүзеге асыру жөнінде «RELART SA» швейцариялық компаниясы мен «Railcast Systems» ЖШС келісімге қол қойды. Еліміздің теміржол паркін вагон құймаларымен қамтамасыз ету қажеттігі туындауда. Бұл бағытта жасалған меморандум бойынша енді «R.W.S. Weelset» ЖШС мен ресейлік «РейлИнвестМенеджмент» ЖАҚ бірлесіп жұмыс жасайды.
«КазЭкспо» ЖШҰ инвестициялық компаниясы мен облыс әкімдігі арасында жасалған меморандум өңірімізде астық кластерін дамытады. Құжат бойынша өңірдегі Уәлиханов және Ертіс элеваторларын қайта жөндеуден өткізіп, астық, май дақылдарының өндірісін іске қосып, құрама жем шығару зауытын ашуды мақсат етеді. Өңірдегі «Киров» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасы қайта жөнделіп, «LACTALIS» француз компаниясының келісімшарты бойынша жобаны жүзеге асырады.
– Қол қойылған барлық құжаттар облыстың экономикасы, шағын және орта бизнестің дамуына серпіліс береді деген сенімдеміз. Форум инвестициялық ынтымақтастықты нығайтады, – дейді Қанат Бозымбаев.
Ал қазақстандық миллиардерлер болса өңірдегі инвестициялық жобаларға қатысуға дайын екендерін жеткізді. Танымал қаржыгер, экономист, «Visor Holding» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Кәріпжанов өңір экономикасына қаржы құюға дайын.
– Мені өңірдегі арзан энергия көздерін дамыту мүмкіндігі қызықтырды. Елімізде өндірілетін электр энергиясының тең жартысы осы жерде өндіріледі. Ал қуат көздері толық жүктелмеген. Бұл энергетикалық технологиялар үшін мол мүмкіндіктер бар деген сөз. Жергілікті әкімдік, банк өкілдері және бизнес қауымдастықпен келісім жасауымыз қажет, – дейді Айдын Кәріпжанов.
«AllurGroup» атвомбиль топтары компанияларының басқарма басшысы, «АгромашХолдинг» компаниясы басқармасының мүшесі, Премьер-Министр жанындағы сараптама кеңесінің мүшесі Андрей Лаврентьев автокөлік құралдарын қорғауға байланысты жобалар жайлы айтты.
Сонымен қатар, форумда Еуразиялық топ пен қазақстандық «УПНК-ПВ» ЖШС арасында қол қойылды. «УПНК-ПВ» ЖШС-нің өнімдерін пайдалану арқылы Еуразиялық топ оны сатып алуға жұмсалатын шығындарды азайтады. Бұл қазақстандық алюминийдің әлем нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
– Форумда жасалған келісімдер Еуразиялық топ жұмысының тұрақтылығын, өңір бюджетіне салық түсімдерін қамтамасыз етеді. Бұл – жұмыс орындары ашылуы. Алып зауыт үшін әлеуметтік кепілдіктің сақталуын да білдіреді, – дейді «Қазақстан Алюминийі» АҚ-тың президенті Арман Есенжолов.
Еуразиялық топ пен ВТБ банкі инвестфорумда еліміздегі алғашқы экспорталды қаржыландыру туралы келісімге қол қойды. Бұл ретте 180 миллион еуроға алюминий жеткізу үшін экспорталды төлем жасау туралы сөз қозғалды. Қаржы келісімшарттың 25 пайызын құрайды. Алдағы жылдары 500 тонна алюминий жеткізу қарастырылуда. Тауардың мұндай көлемі ел аумағындағы бастапқы алюминий өндірісінің жартысына жетеді. Сөйтіп, «КЭЗ» шығаратын қалған өнім отандық тауар өндірушілермен жүзеге асырылып, импорт алмастыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Еуразиялық топқа енетін РУСАЛ және «Қазақстан Алюминийі» АҚ арасындағы ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша серіктестіктер үшін ВТБ банкі Еуразиялық топқа қосымша 150 млн. АҚШ доллары көлемінде экспорталды қаржыландыруға дайын екенін жеткізді. Бұл қаржы 2019 жылға дейін 3,5 миллион тонна саз топырақ сату жөніндегі келісімшарттың 15 пайызын құрайды.
Форумға жетекшілік еткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшысы Пьер Ив Люка инвесторларға экологиялық технологияларды дамытуға кеңес берді.
– Өңірдің инвестициялық әлеуеті зор. Қосымша құны бар компанияларға басымдық беру керек. Инвестиция көлеміне емес, облысқа пайда әкелетін жобаларға мән беру керек. Негізі, Еуропада танымал экологиялық, яғни жасыл технологиялар мен инновациялық IT-технологиялар қарқынды дамитыны сөзсіз, – деді Пьер Ив Люка.
Форумда Әсет Исекешев қазіргі экономикалық жағдайға қарамастан, әсіресе, жаңадан құрылған кәсіпорындар қиындықтарға төтеп беріп жатқанын алға тартты.
– Қазіргі таңда Павлодар облысында шығарылатын өнімдердің төрттен бір бөлігі жаңа кәсіпорындарға тиесілі. Еліміздің жеті аймағында өнімнің 20 пайызын инновациялық жобалар мен жаңа компаниялардың арқасында алынуда. Еліміздегі экономикалық жағдай тұрақты сипатқа ие болуда, – дейді министр.
Қанат Бозымбаев өңірде брендтік өнімдердің қатарына алюминийден жасалған дайын өнімдер, темір-бетон және электртехникалық машина жасау тауарлары, мұнай-химия және химиялық өнімдерді қосуға болатынын жеткізді. Өнімдердің бұл түрлерін шығаратын кәсіпорындар экспорттық бағытта да жұмыс жасайды.
Облыста жалпы шетелдік инвестициялар көлемі 500 миллион АҚШ долларына жеткен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына бағытталған инвестициялар 2 млрд. АҚШ долларын немесе 353 млрд. теңгені құраған.
– Дамыған өнеркәсіп пен көліктік инфрақұрылым, арзан электр энергиясы, транзиттік мүмкіндіктердің молдығы, табиғи ресурстар мен бос жер учаскелерінің болуы, сондай-ақ «Павлодар» еркін экономикалық аймағы – өңіріміздің басты артықшылықтары. Облыс алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шыға алатын батыстық компанияларға жаңа кәсіпорындарды ашуға қолайлы аймақ болып табылады. Бүгінде өңірде инвесторлар табысты еңбек етуде. Негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі едәуір артты, – дейді Қ. Бозымбаев.
Форумдағы көрмеде жарықтандыру құралдарына арналған алюминий корпустарын өндіру жобасы таныстырылды. Идея авторлары Екібастұздың «Свет» ЖШС-ның басшысы Виталий Михеев. Өндіріс жарық-диодты жарықтандыру құралдарына арналған алюминий корпустарын ғана емес, түрлі профильдер де шығара алады.
Форумда Қашыр ауданынан ауыл шаруасы түйеқұс өсіру жобасын ұсынды. Жоба авторы – Тереңкөл ауылындағы «К & С» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Олег Кривобоков. Жобаны жүзеге асыруға 4 миллион теңге қажет.
– Түйеқұс шаруашылығына қолға алуға ауданда мүмкіндік бар. Жоба 20 балапан сатып алуға жоспарлануда. Ресей облыстарынан сатып алынады. Түйеқұстардың мамығы, терісі, еті мен жұмыртқасы, майы – нарықта жоғары сұранысқа ие, экологиялық таза, – дейді О. Кривобоков.
Мәселен, түйеқұстың жұмыртқасы тоңазытқышта бір жыл бойы сақталады. Терісінің бағасы нарықта қолтырауын терісінен де қымбат екен. Салмағы 100-120 келі болатын құс басынан 50 келі таза ет алуға болады. Ал мамығы көрпе-жастық жасауға пайдаланылады. Аналық құс екі жастан, аталығы үш жастан бастап жыныстық тұрғыда жетіледі. Қазіргі таңда бройлер тауықтарын өсірудемін. Түйеқұс өсіруден пайда көп, дейді О. Кривобоков.
«Ертic Инвест-2015» халықаралық инвестициялық форумының Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте өтуі де бүгінгі студент, ертеңгі мамандарға қызығушылық тудырып, ой салары да сөзсіз. Оқу орнында ашылған көрме залында теміржол, алюминий, мұнай-химия кластерлерін, сауда-логистикалық кешенді, агроөнеркәсіп, орта және шағын бизнес, сондай-ақ туризм салаларын дамытуға бағытталған жобалар көрсетілді. Ректор Арын Өрсариев өз сөзінде өңірдегі кәсіпорындарға кадрлар дайындаудамыз, студенттер мен оқытушылар жобалар жасауда. Ендігі мәселе, осы жобаларды коммерцияландырып, табысты жобаларға айналдыру. Мақсат университеттің технологиялық орталықтары мен зертханаларында оқытушылар мен студенттер стартап жобаларды жасап, одан өздері пайда табуы керек дейді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.
Суреттерді түсірген
Валерий БУГАЕВ.