Ұлттық бояуынан ажырамаған халықтың сүйікті әншісі, бес баланың анасы Роза Әлқожа өзінің жеке кәсібін бастағаны жайлы алдымен әлеуметтік желідегі достарынан сүйінші сұраған-ды. Әншінің бұл бастамасы көпшілікке бірден ұнап, әр елге еліктей бергенше, орамалды кие тұтқан аналарымыздың өнегесін ұлықтайық деп, жақсы лебіздерге бөленген еді.
«Қазақтың қыз-келіншектеріне арнап әдемі, сапалы, өзіміздің дәстүріміз бен ділімізге сай киімдер мен орамалдар сататын дүкен ашу біраздан бері ойда жүрген еді. Енді, міне, осы игі істі бастаудың сәті келді. Дүйім жұртқа өзімді сүйкімді еткен «Мен сыйға тартқан орамал» атты әннің атауын осы дүкенге беріп отырмыз. Өйткені, дүкенде негізінен қыз-келіншектерге арналған орамалдар, аналарға арналған ақ жаулықтар, қазақы ою-өрнек бедерленген бас киімдер сатылады. Сондай-ақ, үлкен апа-әжелерімізге арналған той көйлектерін де біздің дүкенімізден таба аласыздар. Қазіргі заманда жасы үлкен апаларымыз тойға жастардың стилінде киініп барып жүргенін көріп жүрміз. Үлкен кісілер өзіміздің дәстүрімізге және қазіргі заманға сай әдемі көйлектер киіп, жаулығын салып жүргені қандай жарасымды болар еді. Жас қыздар мен келіншектерге арналған сәнді киімдер де бар. Біздің дүкендегі орамалдар, киім-кешектер арнайы стилистер мен дизайнерлердің қолдарынан шыққан» дейді оқырманнан алдымен сүйінші сұраған Роза Әлқожа «Алаш айнасы» сайтында.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.