Кеше Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Жиында 22 мәселе күн тәртібіне шығарылып, бірқатар маңызды құжаттардың жобалары келісілді.
Алқалы жиынды ашқан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның мінберінен сөйлеген сөзінің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Қазіргі таңда әлемді толғандырып отырған көптеген түйткілдерді оңтайлы шешуде Қазақстан Президентінің талайға ой салған ұсыныстарының маңызы зор. Әсіресе, Елбасының БҰҰ құзыретін жаңаша құруға, сондай-ақ, әлемнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты пікірлерінің жөні бөлек.
Жиын барысында ТМД Атқару комитетінің атқарушы хатшысы Сергей Лебедев Достастыққа мүше мемлекеттердің өзара түсіністікпен жұмыс істеу мақсатында көптеген мәселелерді бірлесе талқылауға мүдделілік танытып келе жатқанына назар аударды. Бұдан бөлек, ол: «ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысын өткізу туралы шешім қабылданды. Ол жалпы уағдаластыққа сәйкес, 2016 жылдың 8 сәуірінде Мәскеуде өтеді», – деді.
Өз кезегінде ТМД Ақпараттық кеңесінің басшысы, ТАСС агенттігінің бас директоры Сергей Михайлов 2016 жылы ТМД-ның ішкі туризмінің танымалдылығын арттыру қолға алынатынын айта келіп, «ТМД мемлекеттерінің гуманитарлық ықпалдастық қорының қолдауымен ақпарат агенттіктері өз күштерімен ішкі туризмнің ең әлеуетті бағдарлары бойынша журналистер мен фототілшілерге арнап пресс-тур өткізеді», – деді. Оның айтуынша, бұл мақсатта арнайы сайт ашылады. Онда xалық үшін ең көрікті туристік орындар, тариxи және қазіргі заманғы нысандар туралы қызықты материалдар топтастырылмақ.
Басқосуда белгілі болғандай, ТМД Лаңкестікке қарсы күрес орталығының басшысы, полиция генерал-полковнигі Андрей Новиков өз қызметін одан әрі жалғастыра беретін болды. Нақтылай айтқанда, А. Новиковтың өкілеттілігі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Алайда, бұл шешім Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде қабылданғанымен, ол ТМД Мемлекет басшыларының кеңесінде арнайы бекітілуі тиіс.
Айта кетейік, полиция генерал-полковнигі Андрей Новиков ТМД Лаңкестікке қарсы күрес орталығына 2006 жылдан бері жетекшілік етіп келеді.
Сонымен, отырыс қорытындысы бойынша, сыртқы істер министрлері БҰҰ-ның құрылуының 70 жылдығына байланысты ТМД мемлекет басшылары мәлімдемесінің, сондай-ақ, халықаралық лаңкестікпен күрес туралы мәлімдеменің, ТМД мемлекет басшыларының Чернобыль АЭС-індегі апаттың орын алуына 30 жыл толуына қатысты үндеуі жобаларын мақұлдады. Сонымен қатар, ТМД-ның 25 жылдығы құрметіне орай, 2016-2017 жылдар аралығында ерекше аталып өтетін Іс-шаралар жоспары қабылданды. Бұл жоспар бойынша, Достастық елдері жастарының халықаралық стратегиясын жүзеге асыру қолға алынбақ.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».