Алтынсарин ауданы табиғаттың тамылжыған ортасында тұр. Айнала ақ қайың мен қарағай, күре жолдың бойынан өткен жолаушыны «Шіркін осындай жәннат жерде тұрған адамда арман бар ма?» дегізеді. Бірақ ауылда тіршілікке ең қажетті ауыз су мен жол болмаса, адамдар табиғаттың сондай көркін де байқамайтындай қалыпқа келеді екен. Атақты «Сосновый бор» санаториі орналасқан бұл өңірде жер астында минералды су қоры мол болғандықтан, ол кәдімгі ауыз суға жарамды емес, тұщы құдық жоқ. Сондықтан ауыз суды сырттан тартуы тиіс. Батырбек Ахметов осы ауданға 2010 жылы әкім болып келгенде алдымен ауыз су мәселесіне көңіл бөлді.
– Ауылда да, қалада да алдымен адам тіршілігіне қажет ауыз су болып табылады. Сапалы ауыз су болмай, адамдардың денсаулығы туралы да сөз қозғау артықтау. Сондықтан мемлекетіміздің ауылға зор қамқорлықпен жүргізіп отырған «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға талпыныс жасадық. Бұл зор мүмкіндік, – дейді Батырбек Мықансалықұлы.
Расында, осы аудандағы қай елді мекен болса да ауыз судан қаңсып отыратын. Большой Чураков деген үлкен ауылға ауыз су екі жылда жеткізілді. Ауылдағылардың балаша қуанғанын көрсең. Ауылдарды айтпағанның өзінде, аудан орталығы Обаған селосында да ауыз су болмайтын. Қазір бұл жерде де тәулік бойы су шүмектен ағып тұр. Малый Чураков мен Силантьев елді мекендеріне ауыз судың жеткізілгені ауылдан кетуге жиналып, қопаңдап отырған жұртты қайта ойландырды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша бұрынғы су құбырларын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмыстар арқасында Щербаков селосына жақында ауыз су жеткізілмек.
– Бұрын, сонау қиын жылдары ауылдың жүгі неге ауды? Әлеуметтік жағдай жасалса ауылдағылар туған жерден қайда кетпек? Қазір аудандағы ауыз су мен газ жеткізілген ауылдарда тұрғындар қаладағыдай тұра бастады. От жақпайды, су тасымайды, үйдің іші тап-таза, барлығы үйдің ішінде. Адамға қалада да, далада да осыдан артық не керек? – дейді аудан әкімі Батырбек Ахметов.
Алтынсарин облыс орталығына жақын ауданның бірі болғанымен, мұнда не ауыз су, не газ жоқ, жолдар да тозып біткен болатын. Бәкең осы ауданға келгелі Щербаков, Красный Кардон және Малый Чураков деген ірі селоларына көгілдір отын жеткізілді. Биыл қаңтар айында красныйкардондықтар алғаш рет көгілдір отынды пайдалана бастады.
– Жыл сайын 15 текше метр отын алатын едік. Түннен тұрып от жағу, күл алу деген әйелді жүнжітетіні рас. Енді, міне, бір күннің ішінде үйіміз хан сарайындай өзгеріп сала берді, 25 жыл от жаққан бейнетімді бір күнде ұмытқандаймын. Әрине, мұның барлығы да Елбасымыздың саясатының арқасы екенін түсінеміз. Ал соны жүзеге асыру үшін көп жұмыстар атқарып отырған аудан әкімі Батырбек Мықансалқұлына рахметімді айтамын, – деп ағынан жарылған еді үйіне газ жеткен күні Красный Кардон ауылының тұрғыны Мусфира Пименова.
Жасыратыны жоқ, облыстың өзге аудандарында ауыл, аудан ішіндегі жолдардың жөнделіп жатқаны шамалы, айтарлықтай жұмыстарды ешкім көріп отырған жоқ. Алтынсарин ауданында үлкен даңғыл жолдан Маяковский, Алексеев ауылдарына дейін баратын жолдар орта жөндеуден өткізілді. Аудандағы «Зуев – Танабай – Воробьев» жолына тас төселіп, ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, ауданда бірінші рет Силантьев және Большой Чураков елді мекендері ішіндегі көшелерге тас төселіп, жөнделді.
Ауыл үшін әлеуметтік мәселе ылғи да алдыңғы орында тұрады. Батырбек Мықансалықұлы еліміздің экономикасы ілкімділікпен дамып отырған бүгінде ауылға өгей баланың күйін кештіруге болмайтынын және оның жағдайын барынша қалаға жақындатуды ойлайды. Әлеуметтік жағдай сайраған тілмен келмейді, оған мол қаржы, жұмыс керек. Мемлекет ондай қаржыны беріп те отыр, түрлі бағдарлама жұмыс істеп жатыр. Ал істің орайын келтіру әкімдерге көп байланысты. Бәкеңнің бұл орайда тәжірибесі жетеді. Мысалы, қазір ауылдық жерде мектеп пен балабақша негізгі тірек десе болады. Шүкіршілік, ауылда бала туу көрсеткіші жоғарылап, бақшаларға сұраныс да артқан. Соңғы бес жылда ауданда үш балабақша ашылды. Екі мектеп республикалық бюджет қаржысына күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті.
– Өзге мектептердің ағымдағы жөндеу жұмысына бюджеттен қаржы күтіп отыра берсек, олар жыл сайын тоза береді ғой. Балаларға білім беретін қасиетті орынға жүрдім-бардым қарасақ, болашаққа не айтамыз. Аудандағы кәсіпкерлер мен шаруашылық жетекшілерінің басын қосып жіберіп, осы мәселені түсіндіргенмін. Олардың қолдауымен жиналған қаржыға Приозерный, Лермонтов, Щербаков, Зуев ауылдарындағы мектептерге күрделі жөндеуден еш кем түспейтін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік, – дейді Б. Ахметов.
Бәкең мұнан бұрын Жангелдин ауданын басқарған кезде де атқарған әлеуметтік жұмыстардың рахатын шалғайдағы ауылдар әлі көріп отыр. «Батырбектің жасап кеткені» дейді. Ахмет Байтұрсыновтың кіндік қаны тамған Ақкөл ауылы облыс орталығынан 700 шақырымдай жерде жатыр. Қостанайдан шыққан жолаушы 10 сағат жүріп жетеді. Сол шалғайдағы қатар жатқан Ақкөл мен Қарасу ауылына екі мектеп, сол ауылдардың маңайындағы Милісайға тағы бір мектеп салып берген еді. Бүгінде балалардың рахатына қызмет етіп тұр. Ақкөл мен Қарасуға ауыз су тартып берген де Бәкең болатын.
– Қала халқының көбейіп, ауылдардың облыс картасынан сызылуы, тұрғындарының азаю үдерісі әлі тоқтамай отыр. Ал сіздің ауылда барынша әлеуметтік жағдайды оңалту керек деп шырылдайтын көзқарасыңыз уақыт талабына сай ма? – деп әкімді шамырқандырып алдық.
– Ауыл туралы осындай көзқарасты мен әу бастан қолдамаймын. Өзіміз ауылдан шықтық. Қазақ ауылы өмір сүруі тиіс! Біз ата кәсібімізді тастамай, қайта оны жаңғырта дамытуымыз қажет. Біз сонда ғана дәстүрімізді, тілімізді берік сақтап, ұлт ретінде күшейе түсеміз. Қазір ауылда мал бағып отырған жігіттер ешкімнен кем емес. Мемлекеттің өзі соған жағдай жасап отыр. Тек қимылда, ерінбе. Мысалы, біздің ауданда орта және шағын бизнесті дамыту аясында «Сыбаға» бағдарламасымен 5 кісіге несие беріліп, олар 165 бас ірі қара мал алды. Шаруа қожалықтарына, серіктестіктерге де мал алуға қолқабыс көрсетіп отырмыз. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Хамит М.М.» шаруа қожалығы 232 қой-ешкі алды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 6 адам 108 жылқы алып өсіре бастады. Мұның барлығы да бағдарлама бойынша жасаған жоспарымыздан әлдеқайда көп. Ештеңе жасалмай судағы қалтқыдай жүре берсек, әрине жұрт ауылдан кетеді, – дейді Бәкең.
Ауданда бюджет қаржысын игеру, бюджет табыспен толықтырылмаса, әлеуметтік мәселе қайдан шешімін тапсын? Сол үшін аудан шаруашылығын ақсатпауға тырысады. Соңғы жылдары аудан өңірінде орналасқан «Сосновый бор» санаториінің жанынан «MVS» атты серіктестік «ARTEZA» деген маркамен шөлмекке ауыз су құятын цех ашты. «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалары бойынша инвестициялық жобаларды белсене жүзеге асырады. Өңірдің индустриялық картасы шеңберінде 2011-2015 жылдарға арналған ірі екі жоба жүзеге асырылды. 500 аналық ірі қара мал және 1000 ірі қараға арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Қазір «Обаған құс» шаруашылығының, яғни Силантьев селосында тәулігіне 1 миллион жұмыртқа беретін құс фабрикасының құрылысы қызу жүріп жатыр, оның бір бөлігі дайын тұр. Индустрия картасынан тыс инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. 500 жылқыға арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Сонымен қатар, Осипов селосында 200 басқа арналған сауынды сүт фермасы, Обаған селосында тәулігіне 3000 литр сүт өңдейтін цех құрылысы жүргізілуде. 9 ай ішінде инвестициялық негізгі қаржы 2 миллиард теңгеге жуықтаған, бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 194 миллион теңгеге көп екен. Ауыл тұрғындарының шағын және орта бизнесті дамытуға да жағдай жасап отыр. Ауданда жұмыссыздықтың – 0,4, ал кедейлік шегінің 0,1 пайыз болып төмендегені де осындай жұмыстардың арқасы екені сөзсіз.
Айтпақшы, Алтынсарин ауданында ішкі туризмді дамытуға да талпыныс бар. Бұл өңір ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мен қазақ ақын қыздарының көшін бастаған Мәриям Хакімжанованың кіндік қаны тамған жер. Олар туған жердегі құдықтың макетін жасап, ол жерде Балғожа Жаңбыршиннің ауылы болғанын еске салатын плита қойылды. Щербаков ауылының кіреберісіне Алтынсарин саябағы салынуда, балаларды оқытып тұрған ұлы ұстаздың ескерткіші де бой көтерді.
– Біздің халқымыз тарихының әр кезеңі ішкі, сыртқы туризмге материал ретінде сұранып тұр. Ыбырай атамыздың туған жерін, кесенесін көруге ынтығып келетіндер аз ба? Тамылжыған табиғат мынау. Мұның өзі жас ұрпаққа рухани азық және патриотизмге тәрбиелейтінін ескеруіміз қажет, – дейді аудан әкімі Батырбек Ахметов.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Алтынсарин ауданы.