• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Қазан, 2015

Өрелде өрге басқан кәсіп

382 рет
көрсетілді

«Біздің жақта қыс ұзақ» деп жазушы Оралхан Бөкей жазғандай, асқаралы Алтайдың жаздыгүні қыз ғұмырындай азғана уақыт атқа мінетіні, алыс-жақыннан келгенді көркем келбетімен тамсандыратыны болмаса, алты айы қар басқан қыс, қала берді жауынды-шашынды, тұманды, сұрғылт кейіпте тұратын табиғаты қатқыл өлке екенін катонқарағайлықтардан өзге жұрт түсіне, түсінсе де, түй­сіне бермейді. Сондықтан қабағы қатулы табиғатпен арпалыса жү­ріп, атамекеніне адалдық танытып, адал кәсібін дөңгелетіп жүргендерді көрсеңіз, сүйсінбеске әддіңіз қалмайтыны да рас. Сондай еңбекқор жандардың бірін қос қапталдағы сеңгір таулардың ортасында ирелеңдеп жатқан ұзақ жолдың бойынан кездестіресіз. Бұл азаматтың есімі – Қайырды Дүйсенбаев. Өскемен мен Рах­ман қайнары арасындағы 400 шақырымдық республикалық тас жолдың бойында өзегі талып келе жатқан жолаушыны дәм-тұзымен қарсы алатын Қайырды Сүлейменұлы биыл «Тұран» атты дәмхана ашыпты. Келіншегі Сандуғаш Сексенбайқызы қо­лы-қолына жұқпай дәмді ас пісіріп, шілденің шіліңгірінде де қоңырсалқын болып тұратын тау алқымында тоңып келе жатқан жолаушының қолына жылы суын құйып, таза сүлгісін ұсынып, отағасына қолғабыс етіп отыр. Қайырдының қажыр-қайраты барша ауылдастарына үлгі десе де болады. Ол бұрын Семей қаласына жылқы сатумен шұғылданған екен. Әр барған сапарынан түс­кен қаржысына өзіне бір тайдан сатып алып жүріп, үйірлі жылқының басын құрапты. Қазір Өрел ауылындағы «Алғабас» шаруа қожалығының жетекшісі болып отырған жігіт ағасының қожалығында 60 бас жылқы, 200-ден астам қой, 20 ірі қара бар. Алтайдың қойнауындағы ырыздығы – ұзақ жылғы тынымсыз жүрістің, еңбектің өтеуі. Алтайдың қымызы өтімді ас қой. Қайрекең де 10 биесін сауып, саумалы мен қымызын ұсынады. Тәулігіне 80 литр қымыз шайқайды екен. Литрі 300-400 теңгеден өтетін қымыз ауылды жерде кәдуілгідей кіріс. Сарытетен тауындағы Прометей деген жерде қыстағы бар. Төрт түлігі 15 шақырым жерде орналасқан сол қыстақта. Кезінде «Прометей» деген студенттердің құрылыс бригадасы салғаннан кейін қыстағы да солай аталып кеткен көрінеді. Шаруасын шатқаяқтатпай ұс­тап тұру бір бөлек те, оны өрістету де тәуекелді қажет етеді. Қайырды жол бойындағы шағын дәмханасының құрылысын былтыр бастаған екен. Биыл жыл басынан бері жұмыс істеп жатқан жобаның жалпы құны 5,5 млн. теңгеге түсіпті. «Жұмыс­пен қам­ту­дың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 млн. теңгелік жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізуі ойға алған жұмысын ілгерілетуіне әжептәуір қолдау болғанын айтады. Ауыл кәсіпкері аталған несиені бес жылда өтемек. Шағын нысанның атауы зор екеніне назар аудардық. Атауды бұлай қоюында да гәп бар екен. – Бұл жерде ата-бабаларымыз – көне түркі халықтары, сақтар мекендеген. Олар «Тұран» атты алып империя құрғанын білесіздер. Мен де отбасылық кәсібімнің іргесін кеңейтуді мақсат еткендіктен, дәмханамды ырымдап «Тұран» атауымен атадым, – деді Қайырды. Дәмхана 40-қа жуық адамға бір мезетте қызмет көрсете алады. Жалпы көлемі 100 шаршы метрді құрайтын кешенге күніне орта есеппен 30-дан астам жолаушы келіп, түстенеді. Шындығытай мен Өрелдегі шекарашылар, ауыл жастары, туристер, әрі-бері өтіп жатқан жолаушылар да жиі келеді. Қажетті азық-түлік қоры Өскемен мен Зырян қалаларынан тасымалданады. Осылайша, шаруа қожалығы мен дәмхана арқылы қиырда жатқан ауылда бес жұмыс орнын ашып отырған Қайырды Дүйсенбаев алдағы уақытта жол жанынан қонақүй құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. 12-15 адамға арналған шағын қонақүй ағаштан салынбақ. Сонымен бірге, жанармай құю бекеті мен техникалық жөн­деу орталығын ашу да ойында бар. Қайырдының қажырлы қимылына қарап қияндағы тау қойнауында да, алыстағы ауылда да кәсіпкерлікпен шұғылдануға болатындығын түйсінуге болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.