Қазақмыс компаниясы жыл сайын өтетін республикалық «Мектепке жол» акциясының аясында биыл Жезқазғандағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 15 миллион теңге қаржы бөлді. Бөлінген қаржы мекеменің қайта оңтайландырылуына, спорт және балалар алаңына, сондай-ақ электронды техника мен компьютер алуына бағытталған.
Бұл шараға құрметті қонақ ретінде «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Қайрат Шалмағамбетов, сенатор Сергей Ершов және Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов қатысты. Қайта оңтайландырылған спорт алаңын аралап, балаларды биылғы жаңа оқу жылымен құттықтап, Қазақмыс әлеуметтік жауапты әріптес ретінде әр жылдары Жезқазған аумағында бірнеше әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне атсалысқанын атады.
– Қазақмыс компаниясы әсіресе, балаларға қатысты әлеуметтік жобаларға ерекше көңіл бөледі. Жасөспірімдер біздің мемлекетіміздің болашағы, сондықтан біз олардың өмірін жақсартып, сапалы білім алуларына барынша қолдау көрсетеміз. Корпорация мен «Үміт» балалар үйі арасында көпжылдық достық қарым-қатынас орнатылған, – дейді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Бақтияр Қырықпышев.
«Егемен-ақпарат».