• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2015

Сыр елінің нысандары сыр шертеді

652 рет
көрсетілді

Елбасының бастамасымен құрылған ашық аспан астындағы мұражай «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешеніндегі ғажайып макеттер Қызылорда облысы картасының жаңартылған нысандарымен толықты. Аймақта құрылысы өзіндік қалыпқа еніп, оған өміршеңдік нақыш сыйлаған бірқатар ғимараттардың макеттері осы жерден орын тепті. Міне, осыған байланысты таныстыру рәсімі өтіп, айтулы шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары мен депутаттар, ардагерлер, қала тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкіл­дері қатысты. Бүгінгі таңда «Ата­мекен» Қазақстан картасы» кешені елорда тұрғындары мен қонақтарының ең көп келетін мәдени орындарының біріне айналды. Өйткені, ол еліміздің мәдени-әлеуметтік және өндірістік объектілерін, флорасы мен фаунасын, ландшафтын бейнелейтін әлемдегі алғашқы кешен болып саналады. Республикамыздағы 14 облыстың, Астана және Алматы қалаларының өткені мен бүгінгі тынысынан сыр шертетін құнды мұралар мен тарихи орындардың жаңа үлгілері де жыл сайын кешен қорын байыта түсуде. Сон­дықтан да, қаланың, елдің, халықтың тарихын осылайша көрсету үшін Қызылорда облысы елордалықтарға арнайы келіпті. Бұл орайда кешенде Сыр елінің тамаша ғимараттары таныстырылып, тарихи-мәдени нысандары жан-жақты көрсетілді. Іс-шара барысында алғысөзді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы алып, елорда халқын келе жатқан мерекемен құттықтады. «Қызылордалықтар өздерін астаналықтарға бір табан жақын сезінеді. Се­бебі, елордалық мәдениет, астаналық рух Сыр өңіріне де тән. Қазіргі Қызылорда облысының территориясы қа­зақ даласында дәуірлеген ежелгі мемлекеттердің ту тігіп, астана салған қасиетті то­пырағы. Оның ішінде тарихтар тоғысында бой көтерген сақ патшаларының киелі ордасы – Шірікрабат, оғыздың басы болған – Жанкент, алтын үзікті қазақтың алғаш байрағы тігілген – Сығанақ қалалары осы қасиетті топырақта тұрғызылған. Ал бертінде, XX ғасырдың басында Қызылорда қаласы кеңес империясының құрамындағы қазақ елінің бірінші астанасы болған» деген әкімнің орынбасары Сыр елі ғарышқа жол ашқан, Байқоңырдай айлағы бар тылсым мекен болып та­былатындығын атап айтты. Со­нымен қатар, бұл нысандар елордалықтарға облыс жайында мағлұмат беретін орын болатындығына сенім білдірді. Келесі кезекте сөз алған Астана қаласының мәслихат хатшысы Сансызбай Есілов осы кешендегі Сыр өңірінің ғимараттары бейнеленген макеттерді көргенде бүкіл облыс көшіп келгендей әсерде қалғанын жеткізді. Ай­тулы мереке қарсаңында жасалып отырған шараның мақ­саты да айрықша және де лайықты тарту болады деп атап өтті. Ендігі кезде кешенге ке­лушілер өңір картасында көр­сетілген Көкарал су бөгеті, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Тұрмағамбет Ізтілеуов кесенесі, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Айтбай ме­шіті, Ә.Тә­жібаев атындағы Қызыл­орда облыстық әмбебап ғылы­ми кітапханасы, «Сыр Ана» мону­менті, «Бастау» бизнес орталығы, ортағасырлық Сыға­нақ қаласы, Сығанақ мешіті, «Төле­гетай-Қы­лышты» ке­се­несі, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізі, Қызылорда облысы әкімдігінің ғимараты тәрізді нысандармен танысып, тамашалай алады. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».