• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2015

Елбасы бар жерде бақыт пен бейбітшілік бар

382 рет
көрсетілді

Әдетте, біз жазушының, ға­лы­м­­ның, қоғам қайраткерінің мерей­тойын атап өтуді дәстүр­ге айналдырғанбыз. Ал Мем­лекет басшысының мерейтойын ел болып атап өтуге дағ­ды­лан­бағанбыз. Неге? Атақ-даңқы жер жарған, Ұлы тұлға болғасын именіп, әбестік санаймыз ба? Бұлай ойлауымыз дұрыс деп айта алмаймын. Өйткені, Президент те біз сияқты ет пен сүйектен жаралған адам. Оның үстіне Нұрсұлтан Назарбаевтың Елбасы ретінде елімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны түгелдей жазып көрсетуге газет көлемі кө­тер­мейді. Содан да Елбасының мемлекетіміз бен халқымызға сіңірген орасан зор еңбегіне шолу ғана жасаумен шектелеміз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деп, халқымыз атам заман­нан бері айтып келе жатқа­нын ес­кер­сек, Нұрсұлтан Назар­баев­тың туған халқының қа­мын ойлап, күндіз-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей, жан­кеш­тілікпен еңбек етіп келе жатқанын айту – баршамыз үшін зор мақтаныш. Алла таға­ланың бізге берген үлкен сыйы Назарбаев екенін әлемге жар сала, бар дауыспен қаншама рет айтсақ та артық етпейді. Мемлекет басқару жеңіл жұ­мыс емес. Біле білгенге, о шеті мен бұ шетіне осы заманғы ұшақ­пен жетудің өзі қиын, ау­мағы алпауыт мемлекетті, он жеті миллион халқы бар елді бас­қару түгілі, санаулы ғана жаны бар бір отбасының шырқын бұзбай, түтінін түзу шығаруды қамтамасыз етудің өзі қиынның қиыны. Халқымыздың бағына бола туған Ұлы тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың арқа­сында тәуелсіз атанған жиыр­ма төрт жылда адам айтса нан­ғысыз керемет жетістіктерге жеткенімізді дүниежүзі мойындап, біздің озық істерімізге шын ықыласпен қол соғып отыр. Еліміз Тәуел­сіздіктің жиырма төрт жылында ғасыр­да ғана жүзеге асырыла­тын қыр­уар жұмыс­ты тындырып, экономи­касы шикізат қорымен шектеліп мешеу қалған елден дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елу елдің құрамына енді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген әлемнің ең озық 30 мемлекетінің қатарына кіру міндетін ойда­ғыдай жүзеге асыруды басты мақсат етіп алға қойып отыр. Айта берсек, бұл таусылмайтын, халқымызды табыстан-табысқа жігерлендіре, ынталандыра түсетін ұлы өзгерістер. Елбасымыздың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасындағы «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру міндеті де әрбір қазақстандыққа жо­ғары жауапкершілік, зор мін­дет­тер жүктейді. Осының бәрі Елбасының толғаны­сынан, елімізге болсын деген ізгі ниетінен туған міндеттер. Біз Сарыарқаның ортасында бой түзеген, бүгінде әлемнің көрікті де әсем қаласының біріне айналған Астананың бас архитекторы және авторы деп Нұрсұлтан Назарбаевты орынды мақтан етеміз. Шынтуайтына келгенде, Нұрсұлтан Әбішұлы Астананың ғана емес, Қазақстан Республикасы атанған алып мем­лекеттің авторы, бас архитекторы, біздің жетістіктеріміздің ұйымдастырушысы, дем беру­шісі, кемеңгер көсемі. Мұны Елбасымыздың мерейтойында айтпағанда, қашан айтамыз?! Нұрсұлтан Әбішұлының «Бар­шаға арналған қазіргі заманғы мемлекет: 100 қадам  – Ұлт жоспары» атты еңбегінде мем­лекетімізді жаңғыртудың міндет­тері белгіленіп, бүкіл әлем алдында Қазақстанның өсу-өрлеу, жаңғыру міндеттері кеңі­нен жария етілді. «Нақты 100 қадамның» әр қадамы ұлы өзгеріс­терге толы. Бұл мемлекет­тік қызметшілерге ғана емес біз сияқты қатардағы адамдарға да күрделі де жауапты міндеттер жүктейді. Осынау ауқымды жоспарға лайықты үлес қосу – үлкеніміз бар, кішіміз бар, баршамыздың парызымыз. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері қаламымды қару етіп, Елбасының ұстанған саясатын бұқара арасында насихаттап келе жатқан қаламгер ретінде Аллаға шүкіршілік ететінім: біз­дің алға қарай жылжыған Ұлы көшіміздің басында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болғаны. Қиын-қыстау күндерде бізді адас­тырмай, дұрыс жолға салғаны. Құдай оның бетін аулақ қылсын, ел тізгінін бөтен біреу ұстаса, біз қазіргідей ұлы жетістіктерге жете алар ма едік?.. Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында елімізді мекендеген 130-дан астам этностың арасында болаттай берік ауызбіршілік пен ұлтаралық татулық орнады. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман­даған қой үстіне бозторғай жұ­мырт­­қалаған заманға жет­тік. Сая­си тұрақтылықтың, ауыз­бірші­ліктің, татулықтың арқа­сында еліміз дамып, эконо­- микамыз қарыштап өрге басуда. Қазақстан бұл күнде әлем халықтарына үлгі-өнеге болып отыр. Бұл да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұтым­ды басшылығының арқасында мүмкін болғанын тағы да атап өткім келеді. Биылғы жылдың халқымызға сыйлаған қуанышы – Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сау­да ұйымының құрамына қабыл­данады, 19 жыл бойы осы Ұйымға мүше болуды көз­деген еліміз жан-жақты зерттеу­ден, ауыр сынақтан абыройлы өтті. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше 161 мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болған Қазақстан осы Ұйым­ның 162-мүшесі болды. Үсті­міздегі жылдың желтоқсан айында еліміз аталған Ұйымның толыққанды мүшесі ретінде соны серпінмен, тың күшпен іске кіріседі. Ұйымға мүше болғандықтан, елімізге әлемде жоғары бағаланатын сапасы жоғары, бағасы төмен тауарлар келе бастайды. ДСҰ-ның халқымызға әкелер жақсылығы мол екенін әлем сарапшылары жарыса насихаттауда. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Үндеуінде атап өтті. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жан-жақ­ты басшылығының арқа­сында Қазақстан қарышты қадаммен алға басуда. Әлем жұртшылығы Назарбаев десе, Қазақстан дегені, Қазақстан десе, Назарбаев дегені. Тағы да айтамын: біздің өміріміздің бар сала­сында Нұрсұлтан Назар­баев­тың атқарған рөлі зор. Назарбаев бар жерде бейбітшілік те, бақыт та, көл-көсір жетістіктер де бар екенін дүниежүзі көріп-біліп отыр. Жасай бер, бізді Нұрлы Жолмен алға қарай бастай бер, Елбасы! Әлмәмбет ӘЛІШЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы.