• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
16 Қазан, 2015

Жамбыл облысында жол полициясы қызметкерлері жазаға тартылды

445 рет
көрсетілді

ТАРАЗ. 16 қазан. Қордай аудандық сотында ішкі істер департаменті жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция әскери бөлімінің полиция қызметкерлері Ж.Жарасов пен Н.Алпысбаев Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігі 1, 3 тармақтарымен (Лауазымдық өкiлеттiктерді асыр пайдалану) айыпталып сот алдына келді. Осы жылдың ақпан айында айыпталушылар Алматы-Ташкент тас жолында автокөлік тоқтатып, жүргізушіні қарсы жолға шықты деп айыптаған. Өз кезегінде жүргізуші полиция қызметкерлерінің формасынан жетонды байқамай, олардан қызметтік куәлігін көрсетуін сұраған. Жүргізушінің жауабына, полиция қызметкерлері оның қолын қайырып, әкімшілік хаттаманы толтырудан бас тартқаны үшін 10 000 теңге ақша талап еткен. Жүргізуші өзінің ешқандай жол ережесін бұзбағанын айтып, сұраған соманы беруден бас тартқан. Өз көлігіне отырып жүргізуші полиция қызметкерлерінің кейінгі іс-әрекеттерін ұялы телефонның камерасына түсіре бастаған. Ж.Жарасов өзінің қылмыстық ойын аяқтау мақсатында, жүргізуші куәлігін қалтасына тығып қойып, жүргізушіден оны талап ете бастаған. Артынан автокөлікті айыппұл тұрағына алып барамын деп қорқытқан. Айыпталушылар күш қолдану арқылы телефонды тартып алып, сотқа берілмеген тұлғаға берген. Ұялы телефондағы жазбаның өшкеніне көздері жетіп, қызметкерлер жүргізушіге куәлігі мен телефонын полиция органдарына шағымданбау шартымен қайтарып берген. Сот үкімімен Ж.Жарасов Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігінің 1, 3 тармақтарымен кінәлі деп танылып, жеті жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленді. Сонымен қатар, «полиция старшинасы» шенінен айырылды. Н.Алпысбаев Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігінің 1, 3 тармақтарымен кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленді. Ол да «полиция старшинасы» шенінен айырылды. Сонымен қатар, сотталғандар құқық қорғау органдарында және жергілікті басқару органдарында мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Жеке мүліктерін тәркілеу белгіленді. Жәбірленушінің Ж.Жарасов пен Н.Алпысбаевтан материалдық залал және моральдық зиян өндіру туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылды. Материалдық залалдың сомасы 102 650 теңгені құрады. Моральдық зиянның сомасы – 100 000 теңге. Үкімді жариялау Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің акт залында барлық жеке құрамның қатысуымен өтті. Оралхан Дәуіт. Дерек: egemen.kz. Сурет: azh.kz.