• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2010

Төртеу түгел болса, тіл төрге озады

788 рет
көрсетілді

Кеше Үкімет үйінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Мәдениет министрлігі әзірлеген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңес өтті. Оған Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени бірлестіктердің басшылары, белгілі ғалымдар мен тіл жанашырлары қатысты. Тіл саясатына байланысты 30 елдің озық тәжірибесі зерделеніп, әзірленген жобаға қатысты негізгі баяндаманы Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жасады. Тілі мен ділінің діңгегі мығым ел діттеген биігіне шығып жатыр. Сол шың Қазақ елінің де ежелден аңсаған асқақ мұраты. Тәуелсіздік рухын асқақтатқан тіл мәртебесін көтеру ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Ол бүгін де елдік мәселе болғандықтан жан-жақты екшеліп, сараланып, тұйық тұсы қайта тұжырымдалып, олқылығы оңалып, жұқа беті қоң алып, мем­лекеттің ең басты құнды­лық­та­ры­ның бірі ретінде айрықша мәр­те­беге ие болуда. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы жобасының әзірленуі соның жарқын бір мысалындай көрінді. Мәдениет министрі Мұх­тар Құл-Мұхаммедтің “Тіл – кез келген ұлттың болмыс-бітімін даралайтын құбылыс” деп әуелгі сөзін тілдің тірегінен, өзегінен өрбітуі оның бір күндік мәселе еместігін, керісінше ол туралы ойлар ұлттың кемелденуімен, қай жағынан да керегесін кеңейте тү­суімен тығыз байланысты екен­ді­гін айқын бағамдатқан. “АҚШ Конгресінің кітапханасы халық­ара­лық ІSO-639 стандарты бой­ын­ша дәл қазіргі уақытта дүние­жүзінде 7048 тіл барын анықтаған. Зерттеушілердің пайымдауынша, әрбір екі апта сайын жер бетінде бір тіл жойылып отырады екен. Дэвид Хариссонның “Тілдер қалай өледі?” атты кітабында жер бетіндегі өсімдіктердің 8 пайызы, сүт қоректілердің 18 пайызы, ал тіл­­дердің 40 пайызы жойылу қау­пінде екендігін атап көрсеткен” деді ол. Тіл құбылысын зерттеп жүрген ғалымдардың небәрі алдағы 100 жылдың ішінде қазіргі тілдердің 3 мыңнан астамы бір­жо­лата келмеске кетеді деген пікірін алға тартты. Әрине, мұндай жағ­дайда сол тілмен бірге оны жа­ратқан ұлт та өзінің бастапқы бояуын жоғалтып, бірте-бірте адамзат тарихы сахнасынан орнын босатары шындық жәйт. Ал тіл, барша қазақстан­дық­тар­дың мемлекеттік тілі – қазақ тілі руханиятымыздың, ұлттық бол­мы­сымыздың, мемлекет­ті­лігі­міз­дің, тәуелсіздігіміздің басты тірегі десек, мемлекеттік бағдарлама жобасы ең әуелі мемлекеттік тілді он жыл мерзімде жан-жақты дамытудың негізгі бағыт-бағдарын айқындауға арналғаны айтылды. Бұл бағдарлама жобасының басты ерекшелігі – оны әзірлеу ба­ры­сында 30-дан астам шетелдің тіл саясатын құқықтық реттеу тәжі­ри­бесі зерделеніпті. Осынау ауқым­ды істің басы-қасында үнемі Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың өзінің жүруі жұртты үнемі жарық үмітке жете­лейді. Ел Президентінің “Біз барша қазақстандықтарды бірік­тіру­дің басты факторы болып та­былатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жіге­рімізді салуымыз керек... Соны­мен бірге елімізде тұратын барлық халықтар өкілдерінің ана тілінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыруымыз қажет” деп атап көр­сеткеніндей, бұл жоба осы уа­қыт­қа дейін қордаланған қомақты істерді жүзеге асырудың бағыт-бай­ламы ретінде бағаланатын бір­ден бір құжат ретінде ұсынылды. Расымен де, өткен жылдар бе­дер­лері көп ой саларлық нәти­же­лерге толы. Мәселен, мемлекеттік тілді оқыту инфрақұрылымы елеулі түрде кеңейгенін айтпай кетуге болмайды. Мұндайда сонау 1989-1990 оқу жылындағы Қазақ­стан мектептерінің хал-ахуалы еріксіз еске түседі. Онда қазақ мектептерінде 910 мың оқушы оқыса, ал биылғы жылы бұл көр­сеткіш 1,5 миллионнан асып түс­кені мысалға алынды. Тәуелсіздік жылдарында мыңға жуық қазақ мектебінің ашылуы бұл жолда айтарлықтай нәтижеге қол жетіп жатқанын айғақтайды. Сондай-ақ іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу үдерісі соңғы уақытта көңіл көншітерлік көрсеткішке жетіпті. Мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы шамамен 67 пайызды құрайтыны осы ойды растай түседі. Ал мем­ле­кет­тік тілде оқытудың әдістемелік ба­засы туралы айтқанда, көп дең­гейлі оқу-әдістемелік кешендер, таралымы миллион данаға жуық сөздіктер, жалпы таралымы 260 мың дана екі және үш тілдегі сегіз салалық сөздіктің жарық көргені­нен тіл мәселесінде кежегенің кері тартылуынан гөрі кеменің алға оза түскені байқалады. Мемлекеттік тілді меңгеру үдерісіне жаңа ақпа­раттық технологияларды енгізу мақ­сатында интернет-портал құ­ры­лып, олар тұрақты түрде жаңар­тылып отыратынын тілге тиек еткен министр 20-дан астам сервис түрі, әлемнің 50 елінен белсенді пайдаланушылар аудиториясы бар­лығын айтты. Мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметінің ны­ғаюына байланысты ой қозғалған­да, мемлекеттік БАҚ контентінде қазақ тіліндегі хабарлардың көлемі 70 пайыздан асып, 2750 БАҚ басылымдарының 68 пайызы бүгінде толық немесе ішінара қазақ тілінде шығып жатқаны мысалға алынды. Қазақстанды мекендейтін түрлі этностардың тілдерін қорғау мәселесі де шет қалмаған. Мәсе­лен, жалпы білім беретін 7576 мек­теп­тің 1398-і орыс тілінде, 62-сі өзбек тілінде, 14-і ұйғыр тілінде, 2-і тәжік тілінде оқытса, 2089-ы ара­лас мектептер екен. Ал 2003 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінің 260-ы орыс тілінде, 2-і өзбек тілін­де оқытып, 801 аралас оқу орын­да­рының болуы өзге ұлт өкілде­рі­нің рухани құндылықтарын қор­ғау­да Қазақ елі ешбір елде жоқ озық үлгіні ұсынып отырғанын көрсе­те­ді.  Этномәдени бірлестіктердің 190 жек­сенбілік мектептерінде 30 эт­нос­тық топтың ана тілі оқытылса, қазақстандық 50 театрдың 9-ы ара­лас, 15-і орыс тілінде, сондай-ақ 1 кәріс, 1 неміс, 1 өзбек және 1 ұйғыр театры көрерменін өнермен ұйытып жүр. Әрине, бұл жерде де соңғы уақыттары қазақ тіліндегі мектептер санының күрт артқанын айтпай кетуге болмайды. Қазақ мектептерінің саны 3811-ге жет­кен. Осы мәселелер ортаға салына келе шетелде тұратын отандас­тармен мәдени байланыстарды дамыту мен нығайту жайы да ұмыт қалған жоқ. Алдағы 2011-2020 жылдардағы тіл саясатын жүргізудің ой-қисыны еліміздегі қоғамдық саяси ахуалдың тұрақтылығына елеулі қауіп-қатер әкелуі мүмкін бірқатар проблема­лық мәселелердің де бар екендігі ашық айтылды. Министр ең алды­мен, бұл қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әркелкі­лі­гінен екенін ескертті. Екіншіден, елдің қоғамдық саяси өміріне мем­лекеттік тілдің әлі де болса баяу ен­гізілуі, үшіншіден, тіл мәдениетінің төмендігі, төртіншіден, шетел тіл­дерін меңгеру қарқынының баяу­лы­ғы себеп болып отырғанын қа­дап-қадап көрсетті. Бағдарлама жобасы осы проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталған деді. Мемлекеттік бағдарламаның басты стратегиялық мақсаты – Қазақ­стан­да тұратын барлық этностар­дың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды фак­то­ры ретінде саналатын мемле­кет­тік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары, мемлекеттік қызмет және қоғамдық саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласының барлығында батыл қолданысқа енгізіп, қазақ­стан­дықтың өмірлік қажетіне ай­налдыру екенін және алда тұрған төрт негізгі мақсатты алға тартты. Оның біріншісі – мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы деген тұжырым, екіншісі – мем­лекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату қажеттігі. Үшін­шісі – дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың басты күш-қуаты деп түйінделсе, төртіншісі – Қазақстан лингвистикалық капиталын дамыту жайы. Мәдениет министрі бірінші мақсат бойынша Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөнін­дегі жұмысты ұйымдастыру көзде­ле­тінін тұжырымдай келіп, бұл жүйе­нің арқауы үш негізгі компо­нент­тен тұратынын, олар – әдіс­на­ма, инфрақұрылым және басқару тетіктері екенін жеткізді. Содан кейін әдіснаманы әзірлеудің мақ­сат-мүддесін таразылады. Мұның өзі мемлекеттік тілді меңгеру мен оны оқытудың бірыңғай стандарт­тарын енгізуді көздейтінін айтты. Бұл жер­де ерекше көңіл аудартатын мәселе – ұсынылып отырған алты деңгейлік тіл меңгеру жүйесі но­байы­ның пирамида тәріздес болып келуі. Пирамиданың ең төменгі табанындағы А1-А2 деңгейлері бой­ынша тілді қарапайым дәрежеде мең­геру көзделген. В1-В2 деңгей­лері адамдардың тілді өз беттерінше сөйлесетіндей дәрежеде меңгеруін талап етеді. С1-С2 деңгейлері мем­ле­кеттік тілді іскерлік деңгейде, яғни емін-еркін, жатық меңгеруге бағытталғаны ортаға салынды. Тілді үйретудің мұндай тың жобасы ауқым­ды істің аяқсыз қалмай­ты­нын аңғартатындай. Ал енді оқы­ту­дың мұндай стандартты түрі мек­тепке дейінгі, мектептегі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесіне ендіру мәселесі өз алдына бөлек әңгіме. Бағдарлама жобасының басты ерекшелігі де осында. Өйткені ол әрбір Қазақ­стан азаматының білім алуы ба­ры­сында жүзеге асырылуы тиіс шара болып қалады. А1-А2 деңгейлерін балабақшада және бастауыш мек­теп­те оқыған кезде, В1-В2 деңгей­ле­рін мектептің орта және жоғары сыныптарында оқып жүргенде, ал С1-С2 деңгейлерін жоғары оқу орнында және жоғары оқу орнынан кейін­гі білім алу барысында қол жеткізу мүмкіндігі парықталды. Бұл бағыттағы тағы бір көңіл аударуға тиісті мәселе, қазақ тілінде оқытатын білім беру мекемелері желісін кеңейту және қазақ тілі оқытушылары мен мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ұйым­дастыру екені назардан тыс қал­ма­ды.  Бұл орайда қолға алынар қор­да­лы істер қомақты көрінеді. Мә­селен, әдіснамалық және ұйым­дас­тыру тұрғысынан мамандарды жоғары сапалы деңгейде оқытудың мүмкіндігі бар ғылыми-білім беру орталықтары­ның саны аз болуына байланысты білім берудің қа­шық­тан оқыту ны­сандарын кеңінен енгізу арқылы осы тұйықтан шығу көзделуде. Бұл міндет тұтасымен қазақстандықтардың жас буынына арналған, олар мемлекеттік тілді балабақша – мектеп – жоғары оқу орындарында үздіксіз оқу арқылы үй­ренетін болады. Осы мақсат шең­берінде қазақ тілін үйрену не­гі­зі Қазақстандағы барлық ба­ла­бақша жүйесінде басталып, тілдік өзге­шелігіне қарамастан барлық қазақ, орыс және ұлттық мектеп­тер­де және барлық жоғары оқу орындарында жалғасатын болады. Қазақ тілі 12 жылдық білім беру жүйесімен бір мезгілде ҰБТ жүйе­сіне енгізіліп, барлық жоғары оқу орындарында белгілі бір пәндер тек қазақ тілінде оқытылады, мәселен “Қазақстан тарихы” қазақ тілінде жүреді, деді министр. Қазақ тілін оқыту орталықтары­ның арнайы аккредитациядан өтуі сөз болды. Бұл орайда штатында директор мен бухгалтер ғана бар жеке тұлғаның демпинг арқылы қазақ тілін оқытуға арналған тен­дер­ді ұтып алатын кездері аз бол­майтынына қынжылды. Мұндай бірер мұғалімді жалдап, оқуды қа­лай болса солай өткізетін, соны­сы­мен мемлекеттік тілді меңгеру идеясына өлшеусіз нұқсан келтіре­тін келеңсіз жәйттерді болдыр­мау­дың алғышарттары қарастырылды. Аккредитациялау осы мәселені тү­бегейлі шешудің бір жолы болмақ. Сондай-ақ Сынақ-біліктілік орта­лық­тары желісін құру көзделіп отыр­ғаны айтылды. Мақсатқа қол жеткізудегі үшінші міндетті бағыт мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру жүйесін құру екені мәлім етілді. Мәселен, Қазтесттің негізінде үйренушілердің білім деңгейін бақылау мен оларды материалдық жағынан көтермелеу жүйесін енгізу көзделуде. Сонымен бірге білім берудің барлық саты­ла­рында мемлекеттік тілді білу дең­гейін бағалау және бақылау жүйесін енгізу, барлық мүдделі адамдарға тегін курстар ұйымдастыру, дистан­ция­лық оқыту жүйесін енгізу, жеке бизнес өкілдерін әріптестікке тарту арқылы қазақ тілін оқып үйренуге кеңінен мемлекеттік қолдау көрсету көзделіп отырғаны баяндалды. Екінші мақсатты іске асыру үшін мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтеру, оған деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту тағы бір ауқымды міндет саналады. Расын айту керек, бүгінде өз тілін­де сөйлеуге намыстанатын жастар жиі ұшырасады. Қазақша сөйлеген адамды артта қалған,  кертартпа, ес­кілікті көксеуші, мәдениеттен жұрдай, көненің көпшігін сүйрет­кен жандай жиырылатындар аз емес. Осының бәрі өз тамырынан үзіле жаздап қалған кешегі нем­кет­тілік кесірінің зардаптары. Бағ­дар­лама жобасында осы мәселеге айрықша көңіл бөлініп отыр. Күн­делікті өмірде қазақ тілінде сөйлесу мәдениеттілік пен зиялылықтың дәрежесі саналып, әсіресе жастар­дың ортасында сәнге, керек десеңіз ұлтты сыйлау, ата-баба тіліне қам­қорлық көрсету және қазақ патрио­тизмі­нің шынайы көрінісіне ай­налу­ға тиіс. Мемлекеттік тілде сөй­лейтін адамның беделді бейнесін қалыптастыру, мемлекеттік тілді әр­бір отбасы дәстүрі ретінде көп­ші­лікке таныту, саяси және PR технологиялар арқылы қоғамдық санада қазақ тілін білушілердің артықшылықтарын мықтап орнық­тыру міндеттерін іске асыру қажет, деді Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл ойды тиянақтай келіп.  БАҚ-тың бұл бағыттағы қызметі барынша ширатыла түсетіні айқын болды. Сандық теледидарға көшу барысында мем­лекеттік тілде хабар тарататын теле және радио арналарын ашу арқылы тілдік ортаны қалыптастыруда БАҚ-тың орны бөлек болмақ. Онлайн нұсқаларын орналастыру арқылы қазақ тілді БАҚ-тарға жүйе­лі қолдау көрсету, қазақ тілін­дегі интернет ресурстарды мемле­кеттік қолдау жүйесін құрудың маңызы зор екендігі атап өтілді. БАҚ қызметкерлері қоғамдағы тіл мәдениетінің қалыптасуына тікелей ықпал ететін адамдар ретінде көр­сетілді. Мемлекеттік тілді жалпы ғылым, заң және жаңа технология­лар тілі ретінде дамытуды қолға алып қана қоймай, сондай-ақ халық­аралық қатынас, демалу және ойын-сауық саласында қолдануды кеңейту мақсаты айрықша мәнге ие болды. Үшінші мақсат бойынша ойын таратып айтқан министр термино­ло­гия мен ономастика саласындағы атқарылатын істерге тоқталды. Ол арқылы қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіру көздел­мек, атаулар беру үдерісінің ашық­ты­ғын қамтамасыз етпек. Терми­но­логиялық  комиссияның құрамын жаңарту, мәртебесін көтеру, тер­ми­но­логиялық сөздікті Үкімет қаулы­сымен бекіту, жер-су атауларын өз­гертумен айналысатын ономастика комиссиясының жұмысын реттеу сияқты бірталай міндет алға тар­тыл­ды. Осы арада Пушкин шығар­маларына қатысты мынадай бір мысалдың көпке үлкен ой салғаны сезілді. Кезінде орыстың ұлы ақы­ны шығармаларында 26 мың сөзді пайдаланыпты. Ал ХVІІІ ғасырда жарық көрген “Словарь академии Российской” сөздігінде небәрі 40 мың сөз болған. 1949 жылы жарық көрген сөздікте 50 мың сөз болса, 1994 жылғы басылымда ол 75 мың­ға жетіпті. 1948-1965 жылдарғы 17 том­дықта 120 мың орыс сөзі тір­кел­се, осы сөздіктің соңғы басы­лы­мында сөздер 180 мыңға көбейген. Термин сөздердің арқасында орыс тілі орасан дәрежеге жеткенін алға тарта отырып министр қазақ тілінің терминдік қорын қалыптастыруда біз де осы бағытты ұстануымыз керек деді. Жағымды жаңалық жария етіл­ді. Бұйыртса, келер жылы осы бағ­дарлама бойынша 15 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі қолымызға толық тиіп қалуы мүмкін. Онда қазақ әдеби тіліндегі 150 мың сөз қамтылыпты. Қазақ тілінің орфо­гра­фиялық сөздігі Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұл­дауы­мен, Үкімет қаулысымен басы­лып шықса, ол оқушылар еңбегін бағалауда кетіп жүрген кейбір ке­леңсіздіктерді болдырмас еді деп тұжырым жасалды. Келер жылғы тағы бір жетістікке бағаланар еңбек – қазақ тілінің 30 томдық салалық терминологиялық сөздігі болмақ. Осы мәселеге орай министр Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен тер­ми­нология комиссиясының мәрте­бе­сін үкіметтік деңгейге көтеруді, салалық терминологиялық сөздік­тер­ді шығару жобасына қолдау көрсетуін сұрады. Төртінші мақсат орыс және шетел тілдерін оқыту мәселесіне арналды. Министр Абай атамыздың сөзін мысалға келтірді. Шетел тілдерін, ағылшын тілін үйрену бүгінгі күннің басты талабы екені айтылды. Бағдарламаны үш кезең бойынша жүзеге асыру көзделді. Бірінші, 2011-2013 жылдары қа­жет­ті нормативтік-құқықтық базаны, оның ішінде “Мемлекеттік тіл туралы” Заңның жобасын әзірлеу және мемлекеттік тілді меңгеру мә­селесі бойынша мін­детті талаптар қойылатын мамандық­тардың тізбе­сін енгізу және бағдар­ламаны жү­зеге асыруды қолға алу болжанса, екінші кезеңде ұйым­дастырушылық және әдіснамалық жұмыс кешенін ұйымдастыру көз­делген. Үшінші кезеңде іс-шаралар тиімділігінің мониторингі мен бағдарлама инди­каторларын бақылау арқылы қол жеткен нәтижелерді мемлекет өмірінің барлық сала­сы­на берік орнықтыру жүзеге асырыл­мақ, дей келіп баяндамашы, егер қол­ға алған жұмыстар нәтижелі жүзеге асатын болса, мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны 60 пайыз­дан 95 пайызға дейін өсеті­ніне сендірді. Сөз соңында ми­нистр сараптамашы қоғамдастықты және белсенді азаматтық ұстанымы бар барлық қазақстандықтарды ұсыныл­ған жобаны талқылауға қатысуға шақырды. Қоғамдық талқылау осы кеңесте қызу басталып та кетті. Әуелгі сөзді қа­рағандылық балабақша қызмет­ке­рі Райхан Ауғалиева алды. Ол бағдарламаның ең басты ерекшелігі – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде үздіксіз білім беру моде­лінің мектепке дейінгі білім беру жүйесінен бастау алуына тоқтала келіп, осы бағытта балабақша тәр­бие­шілерінің де біліктілігін арттыру мен оқыту іс-шаралары жоспары­нан тыс қалып қоймаса екен деген тілегін жеткізді. Балаларға арналған мемлекеттік тілде хабар тарататын телерадио арналарын ашу керек деді. БАҚ-та балалар мен жас­тар­дың мемлекеттік тілдегі медиалық контентін кеңейтуге назар аудару керектігіне тоқталды. Қазақ театр­лары­ның репертуарларын балалар мен жасөспірімдер аудиториясына бейімдеуге көңіл бөлінсе деген ойын жеткізді. Этнотуристік іс-ша­раларды ұйымдастырғанда мемле­кет­тік тілдің күш-қуатын пайда­ла­нуды жандандыру мақсатын алға тартты. Тіл білу әр адамның өз бесі­гінен басталады, сондықтан оны отбасы құндылығы ретінде бағалау керек деп бағамдады. Аста­налық мұғалім Қуанышгүл Дүй­се­но­ва: “Мен осы бағдарламаның мектепке байланысты тұсын, мек­теп­тегі мемлекеттік тілді дамы­ту­дың жай-жапсарын толығымен оқып шықтым. Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқыту жүйесін әзірлеу, енгізу және оған қол жеткізу жолдары нақты көрсе­тілген. Сондықтан мен мектепке дейінгі, орта, арнайы орта, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру орындарында оқытуды дұрыс деп санаймын. Балабақшадан бас­тап жоғары оқу орнына дейінгі тіл үйрету жүйесі мұнда толық қам­тылған” десе, филология ғылым­дарының докторы, профессор Мырзатай Серғалиев қазақ тілінің қазіргі жанайқайын сөз ете келіп, бағдарлама жобасын толығымен қолдайтынын айтты. Мемлекеттік тілді үйретуде батыл талап қою жағы кемшін соғып жататынын жеткізді. Қорғаныс министрлігінің қызметкері Олег Кузин министр­лікте мемлекеттік тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі атқарылғанын, қызметшілер мен әскери бөлімшелерде мемлекеттік тілді үйрету сабақтары ұдайы өтіп тұратынын, қазіргі таңда барлық құжаттар, іс қағаздары мемлекеттік тілде орындалып жатқанын мәлім­дей келіп, бағдарлама жобасындағы мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту үдерісіне ерекше тоқталды. Жас азаматтардың әскер қатарына қазақ тілін жетік біліп келгені тіл оқыту мәселелерін біршама жеңілдетеді, сол себепті балабақшадан жұмыс орнына дейінгі мақсаттар жүйелі жүзеге асырылуы тиіс, деді. Төтенше жағдайлар жөніндегі ми­нис­трліктің қызметкері Любовь Ша­пошникова қазақ тілінде қазақ­тардан қалыспай сөйлеп, мемле­кет­тік тілдің мүддесін қорғады. Ол “Мем­лекеттік тіл – ұлттық бірлік­тің басты факторы” мақсатына орай ойларын ортаға салды. Ел­ба­сының: “Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің бірін­шісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі”, деген сөзін мүлтіксіз жеткізіп, бағ­дарламадағы мемлекеттік тілге ба­сым­дық берілуін құптады. Теле­жур­налист Оксана Лоскутоваға сөз ке­зегі тигенде мүдірмей ағыла жө­нел­ді. Ол мемлекеттік тілде хабар тарататын телерадио арналарын құру керектігіне қосылды. “Бұл осыдан 3-4 жыл бұрын қойылған мәселе еді. Алайда, енді ғана эко­но­микалық, ғылыми-технология­лық мәселелері реттеліп, осы ше­шімге бағдарлама аясында қол жеткізіледі деген сенімдеміз”, деді. Балаларға арналған мультипли­ка­ция­лық фильмдердің, басқа да бар­лық жастағы азаматтар санатына арналған түпнұсқалық телебағдар­ла­малардың жаңа үлгілерін жасау жөніндегі жұмыстар қарастырылға­нын құптады. Тележүргізушілерге қойылатын талаптың енгізілгендігін дұрыс деп санады. Қазақ тілінде интернет-сайттардың жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құр­манбайұлы көптеген елдердің мем­лекеттік тілдерінің қызмет етуінің өзіндік тарихы, өзіне тән ерекше­лік­тері барлығын, ол әр елдің ұлт­тық құрамы мен ішкі саяси жағ­дайына, географиялық орналасуы­на, экономикалық дамуына, т.б. себептерге байланысты екенін  тілге тиек ете келіп, тілдік жоспар­лау тұрғысына мән берді. Осы жос­парлаудың мемлекеттік бағдарлама жобасынан көрініс тауып отыр­ға­нын айтты. Мұны он жыл мерзім­дегі тіл саясатын жүзеге асыратын тілдік жоспарлауы деп бағалады. Бағ­дарламаның басты бағыты ре­тінде үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқыту жүйесі қарастырылған деді. Мемлекеттік тілді үйрететін орталықтардың көп­шілігінің басшылары тіл маман­дары, әдіскер ғалымдар мен білікті оқытушылар емес, басқа саланың ма­мандары екенін сынға алды. Қа­зақ тілді ғылыми кадрлар даярлау қажеттігін айтты. “Соңғы 10-15 жыл көлемінде техника, медицина сияқты ғылым салалары бойынша қазақ тілінде қорғалған  диссерта­циялар 7-8 пайыздан аспайды. Ал физика, математика ғылымдары бойынша 2006-2008 жылдар аралығында бірде-бір диссертация қорғалмаған. Сонда бұл салалардың қазақ тілді мамандарын кім дайын­дайды, оқулықтарын кім жазып, дәрістерді кім оқиды?” деп өткір мә­селеге ойысты. Тіл білімі инсти­туты директорының: “Іс қағаз­дарын мемлекеттік тілде жүргізу көлемі 60-70 пайызға жетті деу – өзімізді өзіміз алдау. Өйткені, бұл көрсеткішті аудармашылар жасап отырғанын бәріміз де білеміз”, дегені жиналған жұртшылықтың тарапынан қол соға қуатталды. АҚШ-тағы Индиана универ­си­теті­нің профессоры Уильям Фиер­ман­ды қазақша судырата жөнеледі дегенге кім сенеді?! Бірақ, мұхит асып келген қонақ әңгімесін сонау 1989 жылғы Тіл туралы алғашқы заң қабылданған кезден бастады. Жергілікті тұрғындардың үлес сал­мағы аз Өскемен, Павлодар, Қара­ғанды облыстарында мемлекеттік бағдарламаға сәйкес іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу жайын сөз етті. “Тоқсаныншы жылдардың ба­сында қазақ тілінің мәртебесін көтеруде үміт пен қорқыныш басым болатын. Енді Қазақстан келесі онжылдыққа арналған жаңа бағдарламаны қабылдағалы отыр. Бағдарлама жобасын мұқият оқып шықтым, өз басым оны қолдай­мын”, – дей келіп қазақ тілін Қа­зақ­стан халқын біріктіруші негізгі факторлардың бірі ретінде баға­лай­тынын жеткізді. Бұл қағида мемле­кеттік негізгі саяси құжаттарында айқындалғанын білетін шетелдік ғалым қазақ тілі оқу бағдарлама­лары­на сәйкес жүйелі оқытылса, бұл іс нәтижелі болмағына еш күмән келтірмейтінін айтты. Баз біреулер бұл бағдарламаны ысырап­шыл­дық, ақшаны босқа жұмсау деуі де мүмкін. Ондай пікірлермен келісе алмаймын. Қазақ тілі ауыл тілі ғана емес, өз кезінде кең далада көшіп-қонған халықтан қалған қазына екендігін баршаға, әсіресе оны саналары тез қабылдайтын ба­лаларға ұғындыру керек. Қазақстан азаматтары қазақ тілінің қазіргі қалалық өркениетке қызмет жасай алатынын, тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілінің барлық ел азаматтары­ның игілігі екенін түсінуі қажет деп ой түйіндеді. Белгілі қоғам қай­рат­кері Амангелді Айталы бағдарлама жобасымен танысып шыққанын айта келіп, этнопсихологияда тілдің өміршеңдігі деген ұғым бар екенін, қазақ тіліне осы тұрғыдан қара­ған­да ұсынылып отырған бағдарлама жобасының айтарлықтай рөл атқаратынын, алайда мұның әлі де болса құқықтық-әлеуметтік жағы­нан толықтыра түсетін тұстары барлығына тоқталды. Егер барлық қа­зақ бір-бірімен қазақ тілінде сөйлессе, бүгін дәл мұнша тіл қиын­дығына тап болмас едік дей келіп, мемлекеттік қызметке алдағы уақытта тілді жақсы білетін адам­дарды тарту керек деген ұсыныс білдірді. Терең ойларымен танымал философтың Абай атамыздың орыс тілі туралы айтқанын прагмати­калық тұрғыдан түсіну қажеттігін дәлелдеуі ерекше көкейге қонды. “Егер сол заманда қазақ Англияға бодан болса, Абай ағылшын тілін үйренуге шақырар еді”, деді ғалым. Сонымен бірге А.Айталы қазақ тілінің қазіргі мәселелерінің ең бас­тысы – қажеттілік қа­лыптасты­рыл­мау­ында екенін де әдемі айтып өтті. Тілді оқып-үйренуге кіріскен адамдардың өзі осы тілдің өзіне шын мәнінде қажет болатынды­ғы­на толық сене бермейді. Айталық, біздің арамыз­да ағылшын тілін игерушілер саны жылдан жылға ар­тып келеді дейміз. Рас. Неге? Ағылшын тілін үйрену жөнінде бірде-бір қаулы қабылданған емес. Тағы да бюджеттен бір теңге де бөлінген емес. Сонда не үшін талай курстар ашылып, жұрт өз ақша­сына тіл үйреніп жатыр? Өйткені жұрт ағылшын тілінің өзіне, өз өміріне керек екенін біліп отыр, келешекте қажеттігіне сеніп отыр. Қазақ тілін білу шын қажеттілікке айналған жағдайда бұл мәселенің көптеген түйіндері өзінен өзі тарқатылып жүре беретініне тіпті де күмән келтіре алмаймыз. Парламент Мәжілісінің депу­таты Уәлихан Қалижан: “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы­ның мерзімі биылғы жылы аяқ­тала­ды, бұл бағдарлама бойынша көп жұ­мыс атқарылды. Игерілмеген проблемалар да баршылық. Қазақ­станда қазір тілдік ортаның анағұр­лым қазақылан­ға­нын көре отырып, бұл бағдарлама өзінің негізгі міндетін біршама орындады деп есептеймін” дей ке­ліп, қазақ тілінде сөйлеуші­лер­дің ұтымды бейнесін қалыптас­тыруда БАҚ-тың орны ерекше екеніне тоқталды. Бағдарламада көрсетілген тіл мәдениетін жетілдіру талабына бұқаралық ақпарат құрал­дары да үлес қоса алады. Маған әсі­ресе тілді үйрену үшін арнайы стан­дарт тех­нология енгізілетіні қатты ұна­ды. Алдымен тілді үйренуге талап еткендердің деңгейін анықтау ке­рек. Сол анықталған деңгей бой­ын­ша сабақтың жіктемелері мен үйрену мерзімі белгіленеді. Мұны да бір маңызды қадам деп есеп­теймін, деді. Көрнекті ақын Мұхтар Шаханов тілдің гендік, ұрпақтан ұрпаққа жал­ғасып тарайтын түп тамырынан ой қозғап, адамның өз тілінде сөйлеуін тоқтатуы ата-анасының тамырынан ажыратуға апарып соқтыратынын алға тартты. Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы­ның президенті, акаде­мик Өмірзақ Айтбайұлы құжаттағы төрт мақсат­қа ерекше мән берді. Сол мін­дет­тердің ішінде қоғамдық ұйы­мның жетекшісі ретінде менің көңіл аударғым келіп отырғаны мемле­кет­тік тілді оқыту орталықтары жүйе­сін дамыту міндеті, оларды ак­кредиттеу мәселесінің ескерілгені. Біздің қо­ғамымызда, әсіресе жастар арасында қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш бо­луға тиіс. Көбіне олай бола бермейді. Осы пиғылды өзгер­ту мақсатында бағдарламада мем­ле­кеттік тілде сөйлеушінің жағымды бейнесін қалыптастыру мәселесіне назар аударылып, оны қоғамдық салада орнықтырудың көтеріліп отырғаны қуантатын жәйт. Бұл бағдарлама жобасы алдыңғы он­жыл­дық бағдар­ламадағы қамтыл­ма­ған, іске асырыл­маған шаралардың орнын толтыра­тын, жан-жақты қам­тылған, мем­лекет­тік тілді сапа­лы және жетік мең­гергендер қата­рын арттыруға мүмкіндік беретін кешенді бағдар­лама болады деп есептейміз деді. Президенттік мәде­ниет орталығы­ның директоры Мыр­затай Жолдас­беков тіл бәріміз­дің ортақ дертіміз, жанды жеріміз, мақтанышымыз дей келіп, жұрт­шы­лықты бағдарлама жобасын қолдауға шақырды. Алдағы уақытта осы іспен тікелей айналы­сатын бір адам тұрақты бекітілсе дұ­рыс болар еді деген ұсыныс білдірді. Жиын­да­ғы әңгімені түйіндеген Үкімет басшысы К.Қ.Мәсімов тіл еліміз тәуелсіздік алғалы бері ең көп тал­қыланған мәселе екенін, бағдар­лама жобасы талқыланған алғашқы кеңесте де бұл туралы жан-жақты ойлар ортаға салынғанын айта келіп, алдағы уақытта да ел бола­шағына, ұлт руханиятына үлкен үлес болып қосылатын бағдарлама жобасын жер-жерде, зиялы қауым арасында, оқу орындарында, тағы да басқа мекемелерде кеңінен талқылап, қыркүйектен қалдырмай бекіту керектігін айтты. Премьер-Министр өз сөзінде тәуелсіздік жыл­дарында қазақ тіліндегі мектеп­тердің саны әлденеше рет артқа­нын, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу өсе түскенін тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жұмыстар негізінен оң сипатта екендігіне нақты дәлелдер келтірді. Жарыссөз барысында Кәрім Қажымқанұлы: “Біздің халқымыз­да: “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” деген мақал бар”, деген еді. Иә, төртеу түгел болса тіліміз де төрге озатыны талассыз. Кешегі алқалы жиын солай боларына сендіреді. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.