• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2015

Ұлт рухының ұлы жолы

903 рет
көрсетілді

«Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды».

                                                                                                                                                                              Күлтегін.                  

«Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» дейді ұлы Абай. Осы бір бейнелі сөз, бедерлі ойдың төркініне үңілген сайын, «ел», «жер» дейтін киелі қос ұғымның ұлт үшін, ұрпақ үшін қаншама қадірлі екеніне, қажет екеніне көзіміз жете түседі. Абай айтып отырған «үлкен көліңіз» – мәң­гі­­лік, «заманыңыз» – сол мәңгіліктің қозғаушы күші. Үлкен бе, кіші ме, ұлт болып ғұмыр кешу ба­қы­ты пешенесіне бұйырған кез келген халық­тың түпкі мақсаты – заман атты «желдің» айдауы­на түсіп, мәңгілік атты «үлкен көлдің» жұт­қын­­ш­а­ғында жойылып кетпеу, Ел болу, Мемлекет болу! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәң­­­гілік Ел» атты ұлттық идеясының тереңнен тамыр тартар, өткенге – бәтуа, болашаққа баян сілтер мақсаты да, мұраты да осы. Ондаған ғасырлардың аламан-тасыр қиын­дықтарын басынан өткерген, «мың өліп, мың тірілген», уақыттың жойқын шабуылдарынан аман өткен қазақ халқының рухы осы жолда не көрмеді дейсіз? Нендей «соқтықпалы, соқпақты» жолдардан өтпеді дейсіз? Бесігінің басына үкі байлап, шыр етіп дүниеге келген сәбиінің құлағына айқайлап, азан шақырып, сыбырлап, есім берген есті жұрттың қай қара шал, ақ кемпірі осынау Ұлы Далаға Мәңгілік тілемеді дейсіз?! Ұрпағым өсіп-өніп, көгеріп-көктесе екен, деген асыл арман қай әкенің тынышын алып, қай ананың түн ұйқысын төрт бөлмеді дейсіз?! Жөргекте жатқан шекесі торсықтай қара баланың маңдайына қара күйе жағып, күндігімен күн сүйіп, түндігімен түн күзеткен елдің бар мақсаты, айналып келгенде қара қазақтың қамын ойлайтын бір ұл туып, ұлы жұртқа ие болар ұрпақ өссін, жетілсін деу еді!.. Ғасырлар қойнауынан халқымызбен бірге жасасып, біте қайнасқан осы бір ұлт арманы Алаш жұртын тұрлаулы тарихтың қиын, күрделі өткелдерінен әркез аман алып өтті. Жаңылған тұсында жебеді, сүрінген тұсында демеді... Өзінің кемеңгерлік кескінімен грек жұртының таңдайын қақтырған Анарыс (Анахарсис) заманында да, «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» атанған дала данагөйінің тұсында да, көк түріктердің от ауыз, орақ тілді шешендері мен көсемдері – Тоныкөк пен Күлтегіннің дәуі­рінде де, Батыс – Шығыс ауызына тегіс қараған адамзат ойының асқары әл-Фараби заманында да ұлды сақтау – ұлтты сақтау екені, ұлтты са­қ­таудың ең ұлы құралы ұлт рухын сақтау сабағы екені Ұлы Даланың күн тәртібінен түскен емес. Мәңгілік атты кеңістіктегі Мәңгілік Ел болу үшін жүргізілген үздіксіз күрес ондаған дала даныш­­­пандары мен Алаштың алып ұлдарын жаратты. Халық оларға өзін де, сөзін де, тарихын да, тағдырын да сеніп тапсырды. Даланың көркейген тұсында да, өртенген кезінде де... Шыңғыстың ұлы дәуірінде де, Алтын Орданың азуын айға білеген шағында да... Қалың қазақ арғы-бергі бабаларын ұран қып шақырып, хандық туын көтерген Керей мен Жәнібектің, Қасым мен Есімнің, Тәуекел мен Тәукенің, Абы­­лай мен Әбілқайырдың кезінде де солай болды... Солай болған!.. Уақыт айтар ұлт өмірінің ондаған ғасырлық шындығы осылай жалғасқан, жалғасып келеді. Құм басқан қалалар мен тұншыққан дәуірлер қолтығында қалған, көшпелі көсем жұрттың кешегі қалғып кеткен кезеңдерін ұйқысынан оятқан ХХ ғасырдың соңында «әруағы­­нан ат үріккен» сайын сахараның «өлгенін тірілтіп, өш­кенін қайта жаққан» Тәуелсіздік заманында да қара орман жұрттың бесікке үкі тағып, өзін де, сөзін де, тағдырын да, тарихын да дәл солай Нұр­сұлтан Назарбаевқа қалай тапсырғанының куәсі болып келеміз. Неше дүркін өтіп, төрткіл дүние­нің назарын өзіне бұрған демократиялық сипат­тағы жалпыхалықтық сайлаулар соның айғағы. Кешегінің бізге жеткен ақиқаты да, бүгінгінің бұлтартпас шындығы да – осы. * * * Осы жолда, яғни ұлтты сақтау, шыңдау жолында, Елбасы сөзімен айтқанда, «Әлімсақтан бері – Бабырдан Бейбарысқа дейін, Елтеміштен Шоқанға дейін солай болған. Қазақ мәдениеті біздің түркі бабаларымыздың мәдениеті сияқты, қандай әсер-ықпалды бастан кешірсе де томаға – тұйыққа берілмеген, ұдайы синкретті болып отырған», заманалар дауылы мен сүреңі қабырғасын қатайтып, буынын бекіткен ұлт өз мінезі мен рухынан көз жазып, жаңылған емес. Махамбетшілеп айтқанда, «еңку-еңку жер шалып, тебінгісін терге шірітіп, терлігін майға ерітіп», ен даланың ендігі мен бойлығын ереуілді замандардың ұранымен көмкерген, жан алысып, жан беріскен, Ел болу үшін үздіксіз күрескен, осынау бабадан балаға жалғасып, мұра болған ұлы байтақты жатжұрттықтардан білегімен де, білік-білігімен де қорғай білген, «ат жалы, түйе қомында» жүріп, қырандай қалқып, қанатын қомдай білген, семсерін сілтеп, садағын толғай білген көне жұртың көп ғасырлық тарихы мен тағдыр-талайы бізге осыны айтады. Иә... Бүгінгі Қазақстан әлемнің төрт бұры­шымен өзінің саяси, экономикалық, рухани қарым-қатынасын өркениетті жолмен анықтап, өрісі мен өркенін демократиялық құндылықтар негі­зінде дамытып отырған жаңа тұрпатты Қазақ­стан екенін, сол тағ­дыр-талайы талмастан, азаттық үшін алыс­қан кешегі арыстар мен алып­тардың арман-мұратын жүзеге асырып жатқан­дардың елі екенін әлем танып, мойындап отыр. Соңғы ширек ғасыр ішінде Жарат­қанның қолдауымен, мына сағат, сәт сайын құбылған ұлы дүниенің тамырының соғысын дәл ұстап, демін дәл танып, елінің тағдырын оң жолға бас­тар кенен ойлы кемеңгер басшы маңдайына бұйыр­ған тәуелсіз жұрттың неден бас­­­тап, неге жеткені, қандай қиын-қыстаулы кезең­дерден қалай өткені – тарих дейтін жұм­бағы мен сыры мол тағылымды кеңістіктің жадында... Жарығы сөніп, мұржалары қалқайып, жадап-жүдеген халқы нан кезегінде тұрған тоқсаныншы жылдар ел есінен шыға бастады. Бүгінгі мұхит асып, оқу оқып, жаңаша тәлім алған, Елбасы айтуымен, интеллектуалды қоғам ортану жолына түскен жас жеткіншек буынның бірі білсе, бірі біле бермейтіні «тәуелсіздікке дейінгі», «тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рындағы» көріністерді ескі хроникалардан ғана көретін немере буынның санасы жаңғыру, жаңару үстінде... Жасыратыны жоқ, күнгей мен көлеңке қашанда қатар жү­реді... Жаһанданумен ілесе келген қайсы бір даңғаза – дақпыртшылдық пен сұр­қайлықтың ғасырлар, заманалар бедерінде қалаптасқан игі, ізгі дәстүрлеріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың тынысын тарылта бастағаны жасырып-бүгер сыр емес. Адамзат дамуының жаңа дәуірімен бетпе-бет келген Қазақ елі, Қазақ елінің Басшысы алдан шыққан экономикалық, әлеуметтік қиындықтармен қоса, техно­логиялық үрдістерді де игере отырып, ұлттың «жанына бататын» әлгін­­дей тілге, дінге, ділге қатысты «күрмеуі қиын, күр­делі мәселелерді» шешудің де жолын із­дестірді. Идеологияшыл қоғамнан мұра болып қал­ған «жәриямпаздық» пен «бас шұл­ғу­шылық» етек алған мінезден құтылу қалай қиын болса, «бұ­қаралық мәдениет» алып келген талғам­сыз­дық дейтін дертпен күресу де солай қиынға түсті... Бұл мәселенің ел Президентінің жан-жүрегін қалай мазалайтынын мен «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор болып жүрген тоқсаныншы жылдар басында анық сезіндім. Сәті келіп, үш-төрт сұхбат алып, төрт ресми сапарының тұсында (АҚШ, Оңтүстік Корея, Мекке-Медине, Ватикан) қасында жүріп, Нұрсұлтан Әбішұлының ұлт тағдыры мен ел ертеңі жайлы ойларының сан куәсі болдым. Ол жазбаларым кезінде газет бетін­де жарияланып, кейін кітап болып жарық көрді. Жә... Менің айтайын дегенім сол тұстағы ұлт пен ұлттық рух хақындағы Президент толға­ныстарының бір көрінісі. 1997 жыл. Қыркүйек. Алматы қаласы. Алаш жұрты ЮНЕСКО шеңберінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлының 100 жылдық мерейтойын атап жатқан дүбірі қалың, қиқуы алысқа жетіп жатқан күндер... Алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар... Біз бүгінде қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» деп бағалап жүрген іргелі кезең­нің ұлы өкілін көргендердің, дәмдес-тұздас болғандардың соңғыларының өзі ақсақал атанып, қатарлары сиреп қалған, алмағайып мінезді ғасырдың шымыл­дық жабар тұсы... Маған қаламгерлер ұйымының басшысы ретінде Шыңғыс Айтматов, Давид Кугультдинов секілді кеңестік дәуір әдебиетінің аса көрнекті өкілдері, аттары аңызға айналған ардақты ағаларымен бірге жүру бақыты бұйырды. Сондай әсер мен ықыласқа толы күндердің бірінде Нұрекең Шыңғыс Төреқұлұлын бейресми жолмен Алматы қонақүйлерінің бірінде («Рахат Паласта») қабылдады. Біразға созылған жарас­ты әңгімеден Шықаң аса риза болып шықты. Кездесуден қайтып келе жатып ХХ ғасырдың ұлы суреткері Қазақстан Президенті туралы толқып, тебіреніп әңгіме айтты. Сол әңгі­менің өңін бұзбай келтіргенді жөн көріп отырмын. «Нұрсұлтан Әбішұлы – дар Бога казахскому народу. Он великий человек! Как он умеет управлять этим необузданным, непред­сказуемым миром. Какой собеседник?! Замеча­тель­ный эрудит! Тарихты қалай терең біледі... Әдебиетті... Искус­­ствоны қалай түсінеді?!.. Көп жос­парларымен бөлісті... Бұл кісі мына глобализированный заманда, қазақ боорларым, сендерге қалай керек болса, емле, бізге де қырғыздарға да, бүкіл Орталық Азияға да солай керек... Назар­­­­баев айналасына шоғырлануымыз керек! Мәдениетті, әдебиетті сақтау арқылы біз адамның жанын сақтаймыз. Әде­­­биет – жанның емшісі. Жанды сақ­тау арқылы – адамды, адамды сақтау арқы­лы ғаламды сақтаймыз! Назарбаев – ғалам­ды сақтайтын ұлы миссияны атқару үшін келген сиректердің бірі... плане­талық тұлға!», – деп әшейінде артық әңгімеге әуестігі жоқ, сөзге сараң, бірақ пікірі қашанда тас-түйін Шыңғыс Төре­­құлұлының шабыттана сөйлегені есімде. Сол әңгімеден соң, араға бірер жыл салып, сөзі мен ісі қай кезде де үйле­сіп, ұлт мүддесіне жұмылдырар кемел сөз, кесек әре­кеттерге жете­лейтін Қазақ Прези­ден­­­­­тінің тікелей бастама­шылығымен 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдар­ламасының тұсауы кесілді. Кеңес Одағынан қалған қиын­дықтардың басын қайырып, бітпей жатқан елдің ұлт мәдениетінің арғы-бергі кезең­дерін тануға, талдауға ден қоюы – біз білетін Кеңес Одағының сары жұртынан ірге аудар­ған елдердің ешқайсысында жоқ, құ­былысқа бара-бар оқиға болғаны күмәнсіз еді... Шынын айтсақ, орындалуы талай жыл­ға созылған айтулы бағдарлама Ұлт мәде­ниетінің тамырын тереңдетіп, қанатын кеңейтуге ұлан-асыр жағдай жасады. Елбасының өз сөзімен айтсақ, «ұлттық келбетімізді ұлықтайтын» іргелі мемлекттік бағдарлама жүзеге асты. Әдебиет, театр, музыка, живопись дейтін ежелгі өнер түрлерінің бетіне уақыт әжімін түсіртпей, өтпелі кезеңнен аман алып өтті. Міне, Ұлт рухына қанат бітірудің айқын мысалы! * * * Қазақстан Президентінің өз халқына түпкі мақсат, межелі міндет етіп ұсынған «Мәңгілік Ел» атты ұлттық бағдарлама төркінінде Отанымыздың өткені мен бүгінін саралай отырып, ел ертеңі­не деген сенімнің миллиондардың санасында бекуіне, ұлттың өзін өзі танып-білуіне ықпал етер, жаһандану жағдайында Тәуелсіздік дейтін басты құндылығымызды сақтауға жұмылдырар Ұлт рухы дейтін киелі тұмарымыздың тұрғаны анық. «Мәңгілік Ел» бағдарламасына арқау болған ұлттық идея мен замана талабына сай мемлекетті жүйелі түрде дамыту ­ұста­­ны­­­мының басты күретамыры да осы – Ұлт рухы!.. Ұлт рухы! Бұл – бір немесе, бірер ғасырды ғана қамти­тын өсу мен өркендеудің, есею мен толысудың көрінісі емес, бұл – ұлт ақиқаты мен шындығын жарқыратып тануға, ұлт болмысы мен жанын терең ұғынуға тәрбиелейтін, арғы-бергі дәуір­лерден бастау алар, тұғыры тозбаған, туы жы­ғылмаған тағдырлы тарихымыздың тағы­лым­ды беттерінің ұрпақ жадында жаңғыруы деген сөз. Бұл – өткенімізді зерделей отырып, ұлт ойы мен санасын тегінен адас­тырмай, жаңа дәуірге желкен жайған мемлекеттердің қатарынан көрініп, адамзат аламанының алдына шығуға, саяси тегеуріні, экономикалық қуаты, рухани ұстанымы берік, бәсекесі мығым, дамыған 30 елдің сапына қосылуға ұмтылу деген сөз. Бұл – ұлттың күрескерлік болмысын барынша өрістете отырып, Батыс пен Шығыстың ара-қатынасын анықтауда қай дәуір, қай заманда да елеулі рөл ой­нап келген кешегі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, көк түріктер ұрпақтарын жаңа ХХІ ғасыр қалыптастырып отырған аса күрделі гео­саяси ахуалдар майданынан «ақылсыз­­дыққа ұрын­дырмай» аман алып өтудің жолдарын қарас­­ты­ру, осы жолда тамырын тереңнен тартар алыс-бе­ріс­тің, инте­гра­цияның ел дамуын қамтамасыз етер үлгі­ле­рінің қандайынан да бас тартпау деген сөз. Бұл – аумалы-төкпелі дәуірлер табыс­тырған көп ұлыс өкілдерімен қоңсыласа, татулық-бірлікте, бір жеңнен-қол бір жағадан бас шығарып, бір атаның баласындай өмір сүру, ғұмыр кешу, Қазақстанды өз Отаны санап, өзінің де, ұрпағының да ертеңгі тағдырын тек қазақ елімен, қазақ жерімен байланыста көруге дағдыланған ұлттардың жарасты өмір сүруіне жағдай жасау деген сөз. Бұл айтылған ұлт кеңістігін кеңейтіп, Алаш аспанын асқақтатар тәуелсіз Қазақ елінің дамуының қазіргі таңдағы бағыт-бағдарлары жайлы Елбасы әркез ашық айтып келеді. Ширек ғасыр ішіндегі елдегі ұлы өзге­рістер мен ұлы жаңарулар жараты­лысы­на ден қойған үлкен дүниенің беделді басшылары да, наным мен сенімді өмірлерінің ­басты мақсаты санаған төрткіл дүниенің абыройлы дін басылары да, аса көрнекті мемлекет, қоғам қайраткерлері де, мәдениет пен ғылымның, әдебиет пен өнердің аузы дуалы, сөзі уәлі көрнекті өкілдері де Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған, ұсынып қана қоймай, оны жүзеге асырып келе жатқан Қазақстан Көшбасшысына сенім білдіріп, үлкен құрметпен қарайды. Бұл – еуразиялық ұлы кеңістікті жайлап жатқан Қазақстандай жас мемлекеттің жаңа тарих өріндегі өркешті келбетін айғақтар ел жетістігі мен жеңісінің айқын нышаны. «Үй ішіндегі» тыныштық пен бір­лікті қамтамасыз етуге қалай ықпал етсе, халықаралық, мемлекетаралық бай­ланыстардың қарыштап дамуына да солай жол ашып, Қазақстан дейтін үлкен кеменің мына жаһан есімді көк мұхитта еркін жүзуіне жағдай жасап отырған іргелі саясаткер, кемел басшы Нұрсұлтан Назарбаевты әлемнің танып, мойындап отырғаны да ақиқат. Ақиқатың төркіні – қашанда, қай кезде де шындық. Екі ғасыр тоғысында төрткіл дүниенің назарын бұрған Назарбаев феномені сондай жаңа дәуір ақиқатын айғақтар шындықтардың бірі. Шындықтың таразысы – уақыт пен халық. Жақпар-жақпар шыңдарды қақырата тіліп, басы мұз жамылған ақбас тауларды қиялап, биікке бет түзеген асудың үрейлі, қия жолдарын елестетіп көріңіз. Шындықтың жолы – сол. Оның шыңғырып көзге түсетіні де, көңіл төріне күдік пен үмітті жарыстыра қатар қондыратыны да сондықтан. Қалай болғанда да... Шындық – шімірікпей тура қарап, тура жүрген адамның қолындағы томағасы сыпырылған қыран бүркіт! Шындық – айтарын айта білген, қара қылды қақ жарып, қақырата тілген адамның қолындағы ақ алмас! Бүркітті ұшыра білген, алмасты ұстай алған адам ғана адамзат ақылына ақыл қосып, халқының ойы мен санасына оң жол сілтей алады. Сабыр мен тәуекелге қатар суарылған Тұңғыш қазақ Пре­зидентінің туған елін жаңа тарихтың «тар жол, тайғақ кешулерінен» алып өтіп келе жат­қан тағ­­ды­ры бізді осындай ойлардың өрісіне жетелейді. «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» деген Күлтегіннің қағидасын еске салар, Абай сал­тына жүгінсек, жиренгеннен алыстар, үйрен­­­генді жақындатар ХХІ ғасырдың осындай ұлы шын­дық­тары­ның бірімен тілдескендей күй кешеріміз күмәнсіз. Иә... Шындықты айту – парыз. Жету – қарыз. Өйткені... Шындықты ашынған адам да, басылған адам да айтуы мүмкін. Бірақ сол шындыққа көзді жеткізіп, көңілді тоқтатып, «асауға тұсау салғандай» шегендеп, «тағыны жетіп, қайырғандай» көгендеп, жол сілтеп айту, халық тағдырын тәлкекке түсір­­мейтіндей етіп, ашуды ақылға бағындырып айту бар. Бұл – өнер! Үлкен өнер! Саясат әлеміндегі ең басты, ең ұлы өнер! Шындық бір адамның көңілінің тоғын басып, қалтасын қалыңдату үшін емес, барша халықтың көңілінен шығып, жалпақ жамағаттың ойын серпіп, ақиқатқа, әңгіменің анығына халық көзін жеткізу үшін айтылуы тиіс. Сондықтан... Шындықты ұқсатып айтқанның парызы жеңілдейді. Шындықты ұқсатып айта алмағаның қарызы көбейеді. Президент билігін қолына алған Тәуел­­сіздіктің алғашқы күнінен бастап, Ұлт рухын асқақ ұстап, ел бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз етуді өзіне басты мақсат етіп белгілеген Назарбаев ұсын­ған шындық­тың үлкен әлем тарапынан қолдау тауып, хал­­қы­ның құрметіне бөленуі де осы парыз бен қарыз үдесінен шыға білуімен өлшенері хақ. «Ұлттың болашағына, оның өзіндік «МЕН» дегізерлік қасиеттерін сақтау мүм­кіндіктеріне сеніммен қарау – жай әншейін кезекті қиялдың жемісі емес. Мұндай сенімнің бізде орнықты негізі бар...» деп («Тарих толқынында») ұлт болмы­сын тануға, ұлт рухын зерделеуге жете­лейтін Елбасы ойларына назар аударайықшы. «...Біріншіден, ХХ ғасырдың бас кезіне дейін небір қыспақ пен құбылтуларға қарамастан, дәстүрлі өмір салттың «тұмша­ланған» халде болуы аса тегеурінді этномәдени сананың сақталуына себепші болды. Бейнелеп айтқанда, біз өзіміздің тарихи түпкі біртек­тес­тігімізді былайғы жұрттар сияқты шашып-төккеніміз жоқ. Екіншіден, қазақтар басқа ұлттармен кең көлемде араласқа түскен жоқ. Қазақстан жерінде ассимиляциялық үлгі қазақтар үшін ешқашан етек алған үрдіс болған емес. Оның себептері көп, дегенмен асси­миляциялық тыйымның ұлттық сананы шыңдауға белгілі дәрежеде ықпал еткенін атап өткен жөн. Үшіншіден, барлық жасауымен төл мем­лекеттікке қол жеткізу мейлінше тегеурінді психологиялық серпіліс тудырып, қазақ халқының өзін-өзі парықтауына және өзін-өзі түсінуіне түбірлі өзгрістер әкелді. Төртіншіден, этногенетикалық жастығына және жастардың демографиялық құрылымына байланысты «этникалық энергияның» айтарлықтай қоры шоғырланды. Ең соңында бүгінгі дүниеде толыққанды ұлт санатында болу үшін және сәтімен тіршілік құру үшін қазақтардың «сын көтеретін санының» мөлшері жеткілікті» («Тарих толқынында») деген «тайға басылған таңбадай» болып өрілген ойлар халқымыздың тағдырлы өткенін ел жадында оята отырып, ұрпақ санасын жұмылдыруға, ойлантуға, отаншылдық рухтың қалыптасуына ықпал етер тәрбие көзі екенін естен шығармауымыз керек. Осы жолдарды оқып отырып, менің жадымда мына бір сәттер жаңғырды. 1995 жылдың күзі Семей өңірінде өткен Абайдың 150 жылдық мерейтойы тұсындағы көріністер көз алдыма келді. Қазақ қазақ болғалы Алаш атын аспандатып, дәл осындай ұлы той өткізгені, төрткіл дүниенің басын тегіс қосып, дәл осындай бөркін аспанға атып, қуанғаны арғы-бергі тарихта болды деп айту қиын... Әйтеуір біз білетін кезеңдерде бола қоймағаны анық... Шыңғыстаудың ұлы бөктері мен Жидебайдың жазығына тізіле қонған мың үйдің аңызы мен ақиқаты күні кешегі қазақ өмірінің Әуезов қаламынан сорғалап түскен суретін қайыра тірілткендей болып еді. Көшпелі өркениеттің соңғы бесігін тербеткен қайыпберен мінезді қаймана қазақтың қуанышында шек болған жоқ!.. Жер де, көк те Алаш атын шақырып, Абай атын ұрандатқан сол ұлы көрініс көз алдыма келген сайын, аламанның алдында келе жатып, мәреге жетер-жетпес құлаған сәйгүліктің ауызынан ақ көбік шығып, тұяқ серпіп жатқан жануардың ноқта-шылбырын сыпырып алып, соңғы сызыққа жүгіріп жеткен қара баланың ботадай боздап жылағаны есіме түседі. Қуанышы мен шаттығы, өкініші мен өксігі қатар шапшыған, айналайын Тәуелсіздікпен арқа-жарқа, ұмар-жұмар табысқан сәт-сағаттар-ай! Шабандоз қара баланың көзінен сол сәт аттылармен жаяу жарысып, намыс пен жігерге қамшы басып, жүгенін құшақтап мәреге жеткен бес жасар Тәуелсіздіктің көз жасын көргендей болып едім сонда... Сол сәт Абайдың «Патша – құдай сиындым, тура баста өзіңе, Жау жағадан алғанда жан көрін­­бес көзіме», деп жалғыздықтың ауыр азабын арқа­­лап, күңіренген үні құлағыма келгендей болып еді. Сол күндердің тағы бір қайталанбас сәті есіме түсіп отыр. Тәуелсіз Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның жалау-белгілері көк аспанды көркейткен жұлдызды сәттер... Семей қаласы. Ақын атындағы облыстық драма театрының күрделі жөндеуден өткен су жаңа залы. Зал іші лық толы халық. «Дайын отырыңыздар. Федерико Майор мен Нұрекеңнен соң сөйлейтіндер, сөздеріңіз ықшам, жинақы болсын!» деген протоколдық ескертулер айтылып жатты. ЮНЕСКО бастығының сөзі қысқа болды. Зал төріндегі микрофонға Нұрсұлтан Әбішұлы көтерілді... «Қазақтың ұлы тойы құтты болсын, ағайын!» деген таза қоңыр дауыс саңқ ете қалды. Зал ду етіп қол соқты... Спич-трибунада тұрған күн ілгері әзірленген сөз мәтіні жайына қалды. «Президент пәлен минут сөйлейді», деген протокол да ескерілген жоқ. Сол күні Абай атындағы облыстық драма театрында өткен ресми салтанаттың қанша уақытқа созылғаны есімде жоқ. Есімде қалғаны – сілтідей тынған залдың ауық-ауық дүркірете қол соққаны, Нұрекеңнің бір сағат айналасында қағазға қарамай, қазақ тілінде ағыл-тегіл сөз сөйлегені... Алаштың әруағы ма, Абайдың құдіреті ме, әлде Қарасай бабасының әруағы ма? Әйтеуір зал іші астаң-кестең шабыт пен шаттыққа толы бір сәтті, қайталанбас минуттарды басынан кешіп тұрды... Абай тіріліп арамызға келгендей болдық. Дуалы ауыздан шыққан өрісі кең, өнегелі сөз талай адамның көзіне жас үйірді. Қол соғу қалың. Қолпашта шек жоқ... Ағыны қатты тау суындай дүркіреп өтіп, жазыққа шығып, бірде көлге айналған, бірде асау, бірде терең мінезді, танымы кең, тағылымы мол ұлы ақын хақындағы қағазсыз сөз қалың жұртты қайран қалдырды. Бізден бір-екі қатар кейіндеу отырған бір көзілдірікті ақсақалдың: – Қарағым, Нұрсұлтан! Мың жаса! Мың жаса, нұржауғырым! – деп кемсеңдегені есімде. Көңілі теңіздей шалқып, ықылас-пейілі қорғасындай балқыған зал орнынан тұрып, ұзақ қол соқты. Президенттен соң сөз доғарылды. Өйткені... Нұрекең сол сәт-сағатта өзге шешен­дердің ғана емес, ұлы Абайын айдай әлемге жария қылған ұлы жұртымыздың жүрекжарды сөзін ағынан жарылып айтқаны ақиқат еді. Залдан шығып бара жатқанымызда бір орыс жазушысының: «Я поражаюсь! Как он умеет держать аудиторию?! Прекрасно!.. Я раньше слушая его на московских трибунах, возхищался его ораторским особым даром. Разумеется, они были на русском языке... А здесь... На казахском... Целый час... Выступать перед такой изысканной аудиторией... Надо же... Какой певучий, красивый язык казахский...» – деген сөздерінде қаз-қалпында алға тартып отырмын. Оның риза үні құлағымның түбінен әлі күнге естіліп тұрғандай. Театр залынан қобыраса тарқап, сыртқа бет алаған қауымға қарап тұрып, сол сәт жүрек төрін әлдебір жанға жайлы жылы ағыс кезіп, алыстан – ғарыш төрінен Абай әнінің ғажайып сарыны жеткендей күй кешіп едім... Ән құдіреті мен жыр құді­ре­тіне елітіп тұрып, өзімнің осынау ұлы бай­­­тақта туып-өсіп, көгеріп-көктегенім үшін Ұлы Жаратушыға іштей алғыс айтып едім... Менің санамда «Ел», «Жер» дейтін ежелгі ұғымдарға өзгеше рең бітіп, мына Алтай мен Атыраудың, Қыр мен Сырдың, Тәңіртау мен Қаратаудың арасында жатқан Ұлы Даланың көмейінен қазақ дейтін ғажайып халықтың сұлу үні саулап, жүрегі сөйлеп жатқандай болып еді. Екі ғасырдай бұрын Алаш жұртының аспаны мен жеріне, асқары мен беліне сұқтана қарап тұрып: «Күллі қазақ даласы ән салып жатқан­дай көрінеді маған!..» деп, көшпелі жұрт­тың шешендігі мен көсем­дігіне тамсана, таңдай қағып сүйсін­ген орыстың атақты ғалымының жүрекжарды сөзі де жады төрінде қоса жаңғырған еді. Алдағы сөзді айтқан Радлов қана емес қазақтың айдынды сахарасына арғы-бергі дәуірлерде ат ізін салған қай жаһангез, қай тарихшы, қай ғалым, қай ақынды алмаңыз, осынау кенен жұрттың кесек мінезі мен кемел ойына сүйсінбегені кемде-кем. Солардың қай-қайсысы да ертегіге бергісіз ғажайып қазақ өнерінің сұлулығына қалай назар аударса, осынау ұлы кеңістікті жайлаған халықтың рухының асқақтығына, дүниетанымының тереңдігіне, рухани әлемінің кеңдігіне де солай ықыластарын бұрып отырған. Менің жадымда жаңғырған әлгі қайта­ланбас сәт-сағаттар, Елбасының тебіреніске толы сөзі – 62 тамырды бойлай кезген Ұлт рухының жалыны, ыстығы болар деп түйдім. * * * Елбасы өзінің ел бүгінін саралап, ел ерте­ңін бағдарлайтын «Мәңгілік Ел» ұлттық бағдар­ламасына ұзақ дайындықпен келді. Ол бұл жолда жүйелі түрде кезең-кезеңімен елдің әлеуметтік проблемаларын шешуге Қазақстанның аймақтық, құрлықаралық кеңістіктердегі абырой-беделін бекітуге жұмыс жасаған экономикалық реформаларды қалай жүзеге асырса, ұлттың рухани кескіні мен келбетін анықтап, айғақтайтын бастамалардың да дүниеге келуіне солай мұрындық болды. Тәуелсіздік дәуірінің алғашқы ел тұрмысы тұралап жатқан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының өзінде қазақ этносының ғасырлар бедеріндегі қалап­тасуын тілге тиек ете отырып, Елбасы қазақ халқының елі мен жерінің біртұтастығына күмән тудырушылар мен солтүстіктегі шұрайлы аймақтарға көз салушыларға: «Барша қазақты атамекенінен кіндік үзуге мәжбүрлейтін күш дүние дидарында бола қоймас. Ондай күш демографиялық та, миграциялық та, мәдени де тұрғыда еш нәтиже бермейді. Біздің кіндігіміз жеті атамызбен ғана жалғасып жатқан жоқ. Одан да арғы Үнді мен Ніл, Еділ мен Дон жағалауларына қазақ даласының рухын жеткізген бабаларымызбен де жалғасып жатыр», деген ұстыны бөлек, ұстанымы берік ұлтты сақтау мен мемлекеттігімізді өрістетудегі ұлт руханияты мен Ұлт рухына қатысты өз ойларын анық, ашық айтып, кесімді жауап бергені ел есінде... Иә... Тәуелсіздік атты киелі де қасиетті ұғымның арманнан ақиқатқа айналғанына алдағы жылы ширек ғасыр толғалы отыр!.. Ширек ғасыр!.. Ширек ғасыр ішінде ұлы дүниенің өңі де, түсі де, жаны да, жүрегі де орасан өзгерістерге түсті. Азия дейтін ұлы құрлықтың төріндегі ұлы дала мен ұлы таулар арасында жат­қанын біреу біліп, біреу біле бермейтін кешегі сайын сахара әлемінің саяси картасына тәуелсіз ел ретінде кірді. Елі де, елінің көшін бастаған Ері де әлем назарын өзіне бұр­ды. Көгінде аспан түсті жалауы желбіреп, дү­ние­нің төрт бұрышымен еркін байланысқа шықты. Қазақстан өркенді, өрісті, дамыған елдер санатында «құбылыс» ретінде атала бастады... Шүкіршілік! Даму мен өркениеттің жаңа сатысына бет алған үлкен әлемге оқ пен оттың, қару мен күштің алдын алып, бетін қайтарар ақыл мен парасаттың құдіреті ауадай керек екені аңғарылып отыр. Адамзат болашағын – ақыл, тарих тағ­­­дырын тұлғалар анықтайтын кезең келгені қалай ақиқат болса, Елбасы, Ұлт рухы дейтін егіз ұғымның да алаш жұртына ауадай қажеттілігі қазіргі таңда солай ақиқат. Өйткені... Бұл егіз ұғым – жаңа дәуір өріндегі халқымыздың ендігі өрісі мен өркенін, тарихы мен тағдырын анықтар ұлттың ұлы тұмары. Нұрлан ОРАЗАЛИН, сенатор, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.