Байырғы жеріміздің табиғаты, климаты, агроклиматы жайында көпшілікке әлі көп жәйттер белгісіз. Осы мәселе жайында мен белгілі маман, Қазақстан жерінің білгірі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Мұса Жаппасбаевқа жолықтым.
– Мұсеке, қазақ жерінің аумағы, оның шекарасы жайында айтып берсеңіз?
– Сіздің білгіңіз келіп отырғаны жердің көлемі ме? – Ол маған сұраулы пішін білдіріп бір қарап алды да мен бас изегеннен кейін сөзін жалғастырды. – Көлемі жөнінен біздің республика 2717,3 мың шаршы шақырымды құрайды.
– Ал дүниенің төрт бағытындағы ара қашықтығы қандай?
– Батыстан шығысқа қарай ұзындығы 3000 шақырымға созылады, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 1700 шақырымнан асады. Солтүстік пен батысында Қазақстан Ресей Федерациясымен шектеседі де, оңтүстік – Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстанмен, ал шығыста – Қытаймен шекараласады. Шығыс пен батысты байланыстыратын “Ұлы Жібек жолы” оның едәуір аумағын басып өткен.
– Қазақ жерінің табиғи-климаттық жағдайы көрші елдермен салыстырғанда несімен өзгеше?
– Жауын-шашынның өте аз мөлшерде түсуі және құнарлы топырақ қабаты өте жұқалығымен ерекшеленеді.
– Тағы немен?
– Өзендер мен көлдердің өте көптігімен, тұщы судың тапшылығымен өзгешеленеді.
– Өте көп... Тапшылық. Мұны қалай түсінеміз.
– Түсінбейтін несі бар? – Мұса Жаппасбайұлы байыпты қалпын сақтап сөзін жалғастырды. – Көптеген қыр өзендері қар суымен толығады да жаз ортасы ауғанда кеуіп қалады. Сондай-ақ көлдер де тартылып қалады немесе суы тұзданып шыға келеді. Сондықтан адам да, мал да су тапшылығынан азап шегеді.
– Бізде ірі өзендер де жеткілікті емес пе. Батыста Ақжайық, солтүстік-шығыста Ертіс, оңтүстікте Сырдария бар.
– Аз емес, – менің сөзімді профессор іліп әкетті, – бірақ жеткіліксіз. Олар жауын-шашыны аз шөл және шөлейт даланың бәрін сумен нәрлендіре алмайды. Мысалы Ертістің ұзындығы 1700 километр. Өзеннен ұзындығы 500 километрдей болатын Ертіс-Қарағанды магистралі тартылған. Бірақ ол Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ете алмады. Көлемі жағынан соған ұқсас екінші өзен Сырдария, оның ұзындығы 1500 километр, жаз айларында оның суы Арал теңізіне әзер жетеді. Оның өн бойы егістікті суландыруға бөлініп кеткен. Соңғы кездері Ақжайық та азайып барады.
– Ал басқа шағын өзендер ше? – Профессордың әңгімесіне киліге сұрақ қойдым. – Іле, Қаратал, Лепсі сияқты Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауының жоталарынан бастау алатын, Солтүстік және Орталық Қазақстанды бойлай ағатын Тобыл, Есіл, Сарысу, Нұра өзендерінің суы аз ба?
– Аз емес, – профессор Мұса Жаппасбайұлы мені қоштағандай көрінді де бірақ іле-шала өзін түзегендей болып, – бірақ шөліркеген далаға бұл су жеткіліксіз. Ол өзендер атмосфералық жауын-шашынмен толығып отырмағаннан кейін көп суды құрғақ ауа жұтып алады. Өзен маңындағы шөл дала құрғақ күйінде қала береді.
– Атмосфералық жауын-шашынның тапшылығын сіз қалай дәлелдер едіңіз?
– Мына атласпен, – профессор шағын портфелінен “Қазақстан атласы” деген қызыл күрең кітабын шығарып, бірнеше парақты аударды да керек бетін ашып. – Мына жерде бәрі көрсетілген, – деді.
Менің алдыма ол беті толық сызылған, әртүсті сызықпен және бояумен көрсетілген картаны жайып салды. Міне республиканың шеткі солтүстігі, Қорған және Омбы облыстарына доғал түрінде еніп тұрған бөлігі ылғалдың бірқалыптылығын белгілейтін көк түске боялған. Төменірек Солтүстік Қазақстанның көп жерін алып жатқан Қостанай облысы ақшыл-көк түспен белгіленіпті. Бірінші және екінші бөлігінде де ортасында І деген римдік цифр тұр.
– Мына бояулар мен цифрлар нені білдіреді? – деп сұрадым.
– Екеуі де бұл аймақтағы бірқалыпты ылғалдылықты білдіреді.
– Онда неге бояуларында айырмашылық бар?
– Өйткені ылғалдың жылдық мөлшері алдыңғысында 400 миллиметр, екіншісінде – 350.
– Ал мына жасыл толқынданған сызықша ше?
– Бұл республикадағы бірқалыпты жағдайдағы шөлейт жерлер, – деп жауап берді профессор. – Міне ол мына жерден басталады.
Мұса Жаппасбайұлының қолындағы таяқша Павлодар облысының солтүстік-батысынан жылжи отырып Новосібір облысымен шектеле Солтүстік Қазақстанның аумағына өтті. Осы жерде сызықша дельфиннің басына ұқсап жайылып сала берді, ал төменгі жағы екі тармақшаға бөлініп жіңішкере түсті. Бір тармақ батысқа қарай Ақмола өңірі арқылы Қостанайдың оңтүстік-батысына дейін созылса, екіншісі – оңтүстік-шығысқа қарай Орталық Қазақстанды басып, Қарағанды облысының аз-кем жерін қамтып тұр. Сызықша жол үш жерден үш облыстың – Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарының аумағында ІІ деген римдік цифрмен белгіленіпті.
– Үшеуінің арасында қандай айырмашылық бар?
– Бұл цифрлық белгілер бірқалыпты ылғалдылықты көрсетеді.
– Жауын-шашынның мөлшері ше?
– Жылына 350 миллиметр.
– Неліктен мына ақшыл-қоңыр сызықша Қытай шекарасынан жіңішкеленіп басталып, бірде жуан болып, Батыс Қазақстан мен Саратов облысының шекарасына келгенде жіңішкеріп, жеті жерден ІІ деген римдік цифр қойылған?
– Әрбір аймақ екі бөлікке бөлінеді: аймақ және кіші аймақ. Екіншісін қалыңдау сызықша бөліп тұр.
– Айырмашылығы мен құрғақшылығы қандай?
– Аз, бірінші аймақпен салыстырғанда айырмашылығы 50 миллиметр.
– Ал мынау елдің шығысынан батысына дейін созылып жатқан ақшыл сызықша ІІІ римдік цифрмен белгіленіпті. Ол не?
– Бұл құрғақ аймақ, атмосфералық жауын жылына 250 миллиметр ғана түседі. Бұл жерлер егін, дақыл өсіруге жарамайды. Мал шаруашылығына да жарамсыз.
– Ал распубликаның шығысынан батысына дейін созылатын ақшыл-сары сызықша құрғап кеткен жерлер ме?
– Ол жерде жауынның мөлшері жылына 200 миллиметр. Жердің топырағы құнарсыз болғандықтан өсімдік өсімі де сирек.
– Төртінші аймақ бар ма? Бар болса оның жағдайы қандай?
– Әрине бар. – Профессор мені қоштағандай басын изеп қойды. –Бірақ ол жерлерді қуаңшылық жайлаған. Құрғап кеткен жерлер. Басы Қытай шекарасынан басталып, көрші елдермен, Ресейдің Приволжье аймағы мен біздің Атырау облысының батыс өңірін қамтиды.
– Оның өте құрғақ болуы неліктен?
– Жаздың жан төзгісіз ыстық аңызағы мен сирек өзендер, көп жағдайда жауынның жерге жетпей ауада құрғап кетуінің нәтижесі. Жыл бойына 150 миллиметр шамсында жауын түседі, оның үштен бірі жаз уақытына келеді.
Мұса Жаппасбайұлы мен қойған сұрақтарға қызығушылық таныта отырып, көтеріңкі көңілмен менің алдыма Қазақстан Республикасының табиғи климаттық қорларының үлкен картасын жайып салды. Жауын-шашын түсімі жылына 100 мм-ден аспайтын, тіпті кей жерлерде одан да аз кіші аймақтарды айтпағанның өзінде, қосалқы тау етегіне жататын үш аймақтың өздеріне тән атаулары бар. Біріншісі – жылына 200-ден 300 мм-ге дейін жауын-шашын түсетін құрғақ аймақ, екіншісі – жылына жаңбыр 300-400 мм қалыңдықта жауатын бірқалыпты ылғалды аймақ. Тағы да жылына 700мм-ден 1200 мм-ге дейін жауын-шашыны мол түсетін таулы ылғалды аймақ бар.
Сөйтіп, шексіз қиыр далада аса қуаңшылық, ал таулы жерлерде ылғал мол.
Аса құрғақшылығымен көзге түсетін төртінші аймақ сол Қытай жерінен басталып, біздің Алматы және Шығыс Қазақстан өңірлерін басып өтеді. Бірте-бірте арнасы кеңейіп Балқаш көлінің шығыс жағалауын басып екі салаға бөлінеді. Біріншісі – көлдің солтүстік жағынан басталып Жезқазған арқылы батысқа қарай жайылады.
Ақтөбе мен Атырау облыстарының шекарасына жетіп, тағы екі тармаққа бөлінеді. Оң жағы жуандап Каспий аумағы арқылы Ресей шекарасына келіп тіреледі. Ал сол жағы жіңішке сызықшамен көрсетілген, теңізді жағалай отырып Қара Бұғаз Гол шығанағына жетеді. Енді бірінші сол жақ салаға келсек, Балқаш көлінің шығыс жағалауынан бастау алып, оңтүстікке, өзбек жерінің шекарасына дейін созылады. Картадағы басқа да белдеулер сияқты бір жері жуандап, енді бірде жіңішкеріп Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарын басып өтеді. Осы қуаң топыраққа айналған жерлер Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының біраз жерін алып жатыр. Бұл жерлердің сипаты: күннің аптап ыстығы, аспанында шөкімдей бұлт тұрақтамай, аңызақ желдің күші кейде дауылға айналып, көтерілген шаң-тозаң аспанды бүркейді. Осындай климат жағдайы адамның жан-дүниесін жүдетіп, мал шаруашылығына да кесірін тигізеді. Құнарсыз топырақта өсімдіктің де өсімі шамалы. Мұндай өңірлерде түбіне тұз шөккен көлдер де аз емес. Осының бәрі бір сөзбен, шөл және шөлейт дала екенін көрсетіп тұр.
– Шөл және шөлейт дала, дедім мен, – шығыстан батысқа қарай үш мың километр. Ені де жеткілікті. Осының жалпы ауқымы қандай?
– Аз емес, – деп ойланып қалған профессор аздан кейін сөзін жалғады. – Ресми географиялық деректерге сүйенсек, жеріміздің 44 пайызы шөл, 23 пайызы шөлейт дала. Барлығы 67 пайызды құрайтын бұл жерлер республиканың үштен екі бөлігіне жуығын алып жатыр.
– Миллиондаған қой-ешкі, жүздеген мың жылқы мен түйе бағатын 180 миллион гектар жайылымдық жер соның ішінде ме?
– Иә, тек мемлекет басында отырған азаматтардың жалаң сөзі мен қағаз жүзінде ғана. Суы, шөбі тапшы жер қашан оңған?
– Социализм дәуірінде қазаншұңқырлар мен құдықтар қазылушы еді?
– Дегенмен, қойшыларға ауыз су алыс мекендерден жеткізілетін.
– Халықаралық терминде бұл жерлер қалай аталады?
– Резервация. Түбірі латыннан алынған француз сөзі. Орысша мәні қонысқа қолайсыз, шаруашылыққа жарамсыз дегенді білдіреді.
– Ол жерлерде халық бәрібір тұрады ғой?
– Мәжбүр болған соң көнеді де.
– Олар кімдер?
– Әрине, кең даланы мекен етіп, иесі болған қазақтар тұрады.
– Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері ше?
– Мен бұл мәселенің түп-тамырын зерттемеген соң нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ туған өлкем Қостанай облысының Амангелді, Жангелдин аудандары осындай шөлейтті жер. Онда қазақтардан басқа ұлт өкілдері көп тұрақтамайды.
– Демек, байырғы халық, жердің шынайы иесі болған қазақтар осындай шөлейтті жерлерді мұра еткен бе?
Профессор Мұса Жаппасбайұлы байыпты кейіппен аз ойланып отырды да:
– Бұл өзінше бөлек әңгіме, – деді.
***
Профессор Мұса Жаппасбайұлы Қостанай облысының Амангелді ауданындағы Ағаштыкөл ауылында туған. Қазақ Ұлттық университетін бітіріп, Қызылорда педагогикалық институтына жұмысқа барған. Орта мектепті алтын медальмен бітіріп, институтта үздік оқып жүрген аты да өзіне лайық Кінәз деген қызға үйленген. Бұлардан төрт қыз: Шолпан, Сәуле, Жұлдыз, Жанна өмірге келді. Бәрі де уақытында қияға қонып, ата-ана, ағайындарының өрісін кеңейтті. Жалғыз ұлы Бекеті аспирантураны бітірер 2006 жылы Мұсаның өзі дүниеден озды.
Аяулы азаматтың “Бекетімді үйлендіріп, немере сүйсем деген арманы”, өзімен бірге кетті. Артында өзі өмірін арнаған “Қазақстанның атласы” атты құнды еңбегі қалды.
Сапабек ӘСІПҰЛЫ.
АЛМАТЫ.