Астанада Гүлбаршын Дүрманова деген апамыз тұрады. Осы кісінің ата-анасы Павлодардағы: “Міне, қазақ отбасы!” – деп мақтан тұтатындай, өнегелі-өнерлі бетке ұстар бір орта еді. Отағасы Орханның әкесі, яғни бұлардың атасы қасиетті Баянауылдың атақты билерінің бірі Дүрмән би болса, ал анасы атағы алысқа кеткен әнші композитор, ақын Жаяу Мұсаның қызы Анна (қазақша аты Бибіқамар, бірақ ол есімді ешкім білмейді) болған. Ол жерде: “Ол апа неге Анна атанған?” – деген сұрақ тууы мүмкін. Айтайық. Жаяу Мұса орысша өте сауатты болған, Ресейді көп аралаған жан ғой. Кезінде орыс әдебиетін, әсіресе, Лев Толстойды көп оқыған. Соның әсері шығар, жазушы шығармаларының кейіпкерлерін өз балаларының атына қойып отырған. Анна деп отырғанымыздың мәнісі енді түсінікті болар. Анна Каренина емес пе. Биқамар болғанымен әкесі оны Анна деп кеткен. Ал Софья Андрееваңыз Сәпия дегендей... Осылай жалғаса береді.
Әулетті де әлеуетті, арқалы адамдардың отбасында дүниеге келген Орхан Дүрмәнұлы да аталарының жолын қуып Баянауылдың сол кездегі сауатты, оқыған көзі ашық қазақтарының бірі болыпты. Былайша айтқанда қаратаяқ, еуропаша тәрбие алған кісі екен. Кейіннен барып қана заман өзгерісіне сай партия, кеңес қызметін атқарыпты. Ол кісіні білетіндер қазір: “Ойпырмай, өзіне тән бет қаратпайтын мінезі бар еді. Қазақ болыңдар, тілді сақтаңдар”, – деп отыратын деп еске алады.
Майда атты бойжеткен, міне, сол кездің салт-дәстүріне сай осы үйге болып-толған жас келін боп түседі. Ол кісі кейін жасы келіп салиқалы бәйбіше болғанға дейін ылғи да үлкен қызы Гүлбаршынға мұңын шағып, оқып-тоқып білім алмағанына қатты өкініп жүреді екен. “Шіркін, оқысам ғой!..” деген сөзді көп айтатын болған. Майда әженің шешесі Күнипәнің бауыры Құлмағанбеттің көпке дейін баласы болмайды. Сондықтан ата-анасы Майда апамызды қазақшылық жолмен ырымдап Керекудегі сол кісілерге берген екен. Жас қыз осы жердегі мектепке барады. Бір күні ескіше молдадан сауат ашқан, мұсылман жолын берік ұстанған әжесі мектепке келсе, қала тәртібі бойынша бір сыныпта ұл-қыздар аралас хат танып білім алатынын көреді. Ертесіне оқуға жібермейді. Сөйтіп Майда әжеміз бар болғаны он-ақ күн мектеп бетін көріпті. Он күн бүкіл өміріне жара салғандай қатты өкінеді екен. “Бала болдық па, жас кезімізде анамыздың бұл өкінішін түсіне бермеппіз ғой. Ол кісіде білімге, ән салуға деген ғаламат бір құштарлық бар еді”, – деп еске алады Гүлбаршын апай.
Қаланың аты – қала. Оның ішінде тарихы талай оқиғаға жүк боларлық Керекудің жөні бір бөлек. Орыс-қазақ көп ортада ел бір-бірімен көрші тұрды. Сол жерде ежелеп, ежіктеп оқып жүріп-ақ апамыз сауатын ашып алады. Балаларын таңғалдырғаны: ол кісінің білімқұмарлығы, өнерге жақындығы еді. Екінші, Майда әженің бойында ғұмыр бойы сақталып қалған бекзаттығы. Жүріс-тұрысының, сөйлеген сөзінің, дастарқан басында отыруының өзінде бір ақсүйектік, дәулетті отбасының қызына тән өткеннің кербездік белгілерін көрер едіңіз. Қазақ мұндай жандарды ханым, мырза деп тегін атамаған ғой. Майда апаның бойындағы осы бір ғажап ұстаным мен ұстынды мен Екібастұз жағында тұратын Қауа ападан көріп байқап, таңғалып едім. Бай бәйбішелерінен қалған керемет бір кербездік, әйел баласының өзін-өзі ұстаудағы өткеннің ибалы көрінісін көргендей боласыз. Біз бұл ғажайып құбылыстың қыр-сырын әлдеқашан жоғалтып алдық емес пе. Мұны айтып отырғаным, осы қасиетті қазақтың ұлттық салт-дәстүріндегі әуелден келе жатқан өркениетті жоғары мәдениетті тәлім-тәрбиенің көзі деуге болады. Әжей ұлттық нақыштағы киімдерінің өзін ерекше бір сән-салтанатпен киіп жүрді. Бір ғажабы Майда апаның бойындағы сол бекзаттық, ақсүйектік болмыс ұл-қыздарынан да байқалатын. Мысалы, Бикештен, Гүлбаршын апайдан өзге әйелдерге қарағанда ол бөлек сезілетін.
Майда анамыз бен Орхан ақсақал екеуі өмір бойы бір-біріне ғашық болып өтеді. Жас кездерінен бергі терең сезім мен махаббат шарпуы олардың егде тартып, қарттыққа жақындаған кездерінде де суымаған. Өсіп, есейіп қалған тоғыз баланың бәрі де әкесі мен шешесінің арасындағы осы бір сүйсіпеншілікке қызығып та таңғалып жүрген. Орхан ақсақал 1910 жылы, ал, Майда апамыз 1918 жылы дүниеге келген ғой. Апамыздың аты дін-мұсылман негізін ұстаған заманда Майда сүресінің құрметіне орай қойылыпты. Өмірге Темірхан бастаған алтын асықтай бес ұл, Гүлбаршын апай секілді таңмен таласа туған төрт қыз келеді. Ер баласының бірінің атын ата-анасы – Жаяу Мұсаның құрметіне орай атайды. Сол жігіт 1980-1986 жылдары Алматыдағы өзіміз оқыған КазГУ-дің журналистика факультетінде дәріс алып, бітіріп шықты. Осы күнгі белгілі журналист Қайрат Мұсақұлдың жақсы жолдасы болған еді. Талантты Жаяу Мұса Дүрманов ауырып қайтыс болды. Ал анасынан аумай қалған сұлу Бикеш қыз да көпшіліктің есінде. Оны білетіндер қазір Бикеш десе Бикеш еді деп еске алады. Ұлтжанды, елім-жерім дейтін жан еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс орталығындағы қазақы рухани тірліктің алғашқы бастамашыларының бірі болды. Алматыдағы Мұхтар Әуезов музейінде белгілі зерттеуші ғалым Тұрсын Жұртбаймен қатарлас қызмет атқарды. Өкінішке қарай, Бикеш апайымыз да өмірден жас кетті. Ал анасының домбыра тартып, өнерге бейімділігі ол кісінің қыздарының бірі Әнуза мұғалімге қоныпты. Гүлбаршын апайымыз да өнерден кенде емес. Әнші.
Облыс орталығында тұратын Дүрмановтар әулетін білетін адамдар, көрші-қолаңдары Орхан аға мен Майда әженің отбасы ұлтын сүйетін, өмірде жеке өзіндік түсінік-тұжырымдары қалыптасқан ерекше үй деп бағалайды. Өздері де сонау бір кездегі текті, ақсүйек тұқымды әулеттен қалай тарап, қандай қазақы тәрбие алса, ұл-қыздарын да үрім-бұтақтан тараған зиялылыққа баули білді. Қазақтың көп бала өсіру салтын сақтады. Кеңес өкіметінің кезінде орысшыл болып бара жатқан Павлодардың көп қазағына ұқсамайтын халықтық жолды ұстады. Облыс орталығының жұртшылығы бұл отбасына “нағыз қазақы әулет”, “нағыз қазақтар” деп сыйлай да қызыға да қарайтын. Ана тіліміздегі кітаптар, газет-журналдар Дүрмановтар әулетінен үзілмейтін. Алматыдан келетін Зейтін Ақышев, Ғафу Қайырбеков ағаларымыз Жаяу Мұсаның текті бір тұқымы, бел немересі деп деп Павлодарға аяқ басқанда Орхан ақсақалдың үйіне тоқтайтын. Олжабай батырдың ұрпағы Олжас ақын да осы үйдің құтты бір қонағы болып, шаңыраққа сәлем беріп кетіпті. Бертінде Ғафу ағамыз қатысып, Дүрмановтар отбасы Орхан мен Майданың “Алтын той” салтанатын өткізген. Сол жиын әженің қолына алтын, ал ақсақалдың қолына өз туған шешесі Аннаның күміс сақинасын салдырған құтты бір өнегелі той болыпты. Балалары қалада тұрамыз, орысша сөйлеу керек екен деп айтпайтын. Олардың оқу-білім, өнер үйренуі бәрі де тек өз ана тілдерінде болды. Сол жылдары Павлодардан қазақы бір орта, қазақы бір шаңырақ іздеген қонақ осы үйді іздеп табар еді.
Майда апаның зейнеті, рақаты, қуанышы қандай көп болса, бейнеті, тауқыметі, уайым-қайғысы одан да көп еді. Жары Орхан 41-дің соғысына кетті. Аман-есен оралды. Ақсақалдың кеудесінде соғыстың ескерткіші сияқты жаудың оғы қалған. Заман түзелген шақта ота жасап алып тастауға да дәрігерлердің батылы бармады. Оқ ет пен сүйекке сіңіп қалған. Ақырында ақсақал 77 жасында дүниеден өткенде денесіндегі сол оқпен бірге жерленді. Тағдырдың жазуы сол шығар. Соғыстан келе өзінің тыным таппайтын табиғатымен елдің қиын жағдайын түзеу жолында жұмыс жасады. Адамның басына не келмейді, ақ адал ақ пен қара дүниенің табан астында қасыңнан табылып жарылқайтыны да, тұқыртып тастайтыны да бар. Сондай сәт Орхан ақсақалдың да басынан өтті. Күтпеген жерден істі болып, итжеккенге айдалды да кетті. Ел ішіндегі бас көтерер ірі, көзі ашық қазаққа қырғидай тиген заман әр кез қайталанып отырған ғой. Жары Майда бес жылғы соғыстан жарын қалай күтсе, Орхан итжеккен жақтан ақталып келгенше ақ адал көңілімен солай тосты. Балаларын бауырына басып, ошақтың отын сөндірмей қазақ әйеліне тән қайсарлықпен бәріне де төзе білді. Ол өзіне, сүйген жарының жолының дұрыстығына сенді. Тіпті, ұлы Темірхан мен қызы Бикешті “әкелеріңді жатырқап қалмаңдар” деп, жол азабының қиындығын тартып, сонау Иркутскіге дейін “мен сенімен біргемін” деп Орекеңе барып тұрған ғой...
Міне, сол Майда апамыз жасы жүзге жақындап барып жақында өмірден өтті. Біз де ол кісінің қолынан дәм татып, ырымдап кидірген шапанын естелікке қалдырған қыздың біріміз. Парасаттылығын, тектілік, бекзаттық үлгі-өнегесіне қайран қалып тәнті болғанбыз. Әне-міне жазамыз, әңгімелесеміз деп қу тіршілікпен уақыт жетпей жүргенде апамыз да бақилық болып кетті. Өкінішті. Соңында аналарының қадір-қасиетін, бекзаттық болмыс-бітімін өздеріне үлгі етіп ұл-қыздары қалды. Темірхан ағаның үйінде әкесі Орхан марқұмнан қалған бір шамадан кітап пен ол кісінің жазған сырлы дүниелері мұра боп қалды. Жазудан қол үзбеген адам еді.
Анасын жерлеген күні Гүлбаршын апайымыз қол сөмкесінен алып бір сарғыш дәптер берді. Бұл не деп сұраған жоқпын. Облыстық газетте бірге қызмет жасаған он жыл ішінде апай екеуміз де күнделік жазушы едік. Бірге ән салушы едік. Қазір де сол әдет қалмаған ғой бізде. Үйге келген соң ашып қарап ем: “Қош бол, ана! Жан ана! Қоштасқымыз келмейді! Амал қанша... Тағдыр... Табиғат заңы... 2010 жылғы 9 шілде, жұма күні Анамыздың маңдайындағы бұл дүниелік тіршілік сызығы таусылып көз жұмды. Мәңгілік мекеніне аттандырдық. “Орхан күтіп жүр... Жаңа ғана осы арадан шықты”, – деп сөйлегендей болады да, өзінің үйреншікті әдетімен төсекте жатса да қайта-қайта: “Ұят-ай, жұрт Орханның әйелі не болып кеткен деп жүрмесін”, – деп басындағы орамалын жөндей бастайды... Сонда бұл өмірдің о дүниеге бастап апаратын тылсым сырына тағы да таңғаласың. Әркім өз өмірін өзінше өрнектейді ғой... Ал біздің анамыздың өмір сүру өрнегі тіпті әдемі, ерекше. Бекзаттық, асыл тектіліктің құпия сырын өзімен бірге ала кетті. Анадан айырылған қуаныш демесек те, өзінің сән-салтанатымен 95 жасында құтты орнына – мәңгілік мекеніне барғаны – шалының жанынан топырақ бұйырып, ол алдынан шығып жатқан сияқты көрінеді... Бұл да бір сауапты бақыт деп түсінемін...” – деген жолдарды оқыдым.
Фарида БЫҚАЙ.
ПАВЛОДАР.