Биылғы жылы 16 қазанда Ақтөбе рельс арқалығы зауыты (АРАЗ) алғашқы отандық рельс өнімдері прокатын шығарды. Бұл бірегей кәсіпорын – Мемлекет басшысының жеке тапсырмасы бойынша салынған ТМД аумағында теңдесі жоқ зауыт. Өткен жылдың желтоқсан айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен болған жалпы ұлттық телекөпір аясында Ақтөбе рельс арқалығы зауытының бірінші кезегі іске қосылған болатын.
Зауыт құрылысы мен оның өндірістік желісі қысқа мерзімде салынды. Бүгінгі таңда кәсіпорын дайын өнімдерді шығаруды бастады. Салтанатты іс-шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті А.Мамин, «Siemens S.p.a» компаниясының бас директоры Джузеппе Феррарио, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қырғызстан Көлік және коммуникация министрі Арғынбек Малабаев, «Әзербайжан темір жолдары» ЖШС төрағасы Джавид Гурбанов қатысып, сөз сөйледі. Шараға қатысушылар қатарында Парламент депутаттары, ТМД және Балтық жағалауы елдері теміржол әкімшіліктері мен теміржол өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың өкілдері болды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А.Маминнің айтуынша, Мемлекет басшысының индустриялық бағдарламаға сай тапсырмасымен Қазақстанда қысқа мерзімде теміржол көлігін жасаудың жаңа саласы қалыптасты. Әлемдік жетекші компаниялар General Electric, Alstom,Talgo, Siemens қатысуымен жүк және жолаушылар тепловоздары, электровоздар, вагондар, ірі вагон құймалары, инфрақұрылымдық техникалық құралдар шығарылуда. Ол сондай-ақ, алғашқы отандық рельс өнімінің Қазақстанның индустриялық тарихында маңызды оқиға екендігіне тоқталды.
АРАЗ-дың жобалық қуаты жылына 430 мың тонна металл өнімдерін жасауға қауқарлы. Оның шығаратын негізгі өнімі – термоқысымға шыдамды Р-65 маркалы ұзындығы 120 метрге жететін жоғары жылдамдықты магистральға арналған рельстер. Оған қоса, жылына 230 мың тонна рельс арқаулары, бұрыштамалар, швеллерлер жасалады. Бұл теміржол өнімдері Қазақстанды ғана емес, көршілес мемлекеттердің де сұранысын қанағаттандырады.
Сондай-ақ, бұл күні Қазақстандағы теміржол көлігі машинасын жасау саласындағы серіктестік пен болашағына арналған дөңгелек үстел отырысы да өткізілді. Ондағы талқылау барысында қазақстандық «Тұлпар-Тальго», «Электровоз құрастыру зауыты» (ЭҚЗ), «Локомотив құрастыру зауыты (ЛҚЗ) зауыттарындағы теміржол көлігі өнімдерінің тұсаукесер рәсімі өткізіліп, оны «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-тың қолдауымен экспортқа шығаруды жүзеге асырудың мәселесі сарапталды. Дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, Еуразиялық аймақтағы теміржол көлігі машиналары өнімдерін шығаратын зауыттар мен қаржылық институттардың арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Қазақстандық экспортты қолдау жүйесі туралы «Қазақстан Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасы Б.Жәмішев баяндап, банк АРАЗ құрылысын қаржыландырып қана қоймай, ендігі жерде оның шетелдік тұтынушыларға өткізу іс-шарасын да өз міндеттеріне алып отырғандығын мәлімдеді.
Ал «Жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы А.Камалов банктің «ҚТЖ» ҰК» АҚ жобаларын белсенді қолдап келеді. Бұл өз кезегінде тауар айналымының жақсаруы мен ел экономикасының серпінді дамуына ықпал етеді», деді. Сонымен қатар, банк басшысы ірі көлемдегі инфрақұрылымдық жобалардың ішінде АРАЗ мемлекет пен жеке бизнес серіктестігінің ерекше үлгісі екендігіне тоқталды.
Дөңгелек үстел отырысында Әзербайжанға, Белоруссияға, Грузияға, Өзбекстанға, Тәжікстанға және Қырғызстанға АРАЗ дайын өнімдерін жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылды.
«Егемен-ақпарат».