• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Қазан, 2015

Босқындар тасқыны толастар емес

426 рет
көрсетілді

Адамзат тарихында екінші рет орын алып отырған «халықтардың ұлы көші-қоны» Кәрі құрлықты теңселтіп тастады. Германияның Христиан-демократиялық одағы (ХДО) партиясының мүшелері егер мигранттар тасқыны тоқтамайтын болса, Германияға «ұлттық апат» қаупі төнетін болады деп есептейді. Германияға «ұлттық апат» қаупі төнді Мигранттар мәселесі бойынша ұстанып отырған саясатына байланысты Германия канцлері Ангела Меркель өзінің Христиан-демократиялық одағы партиясы мүшелерінің тарапынан қатты сынға ұшырады. Шкойдитц қаласында өткен партия мүшелерінің кездесуінде енді канцлердің «Біз бұл мәселені шешеміз!» деген мәлімдемесін оның жақтастарының естігісі келмейтіндігі ашық айтылды. Кездесуге қатысушылар Гер­манияға ағылған босқындар тас­қыны тоқтамайтын болса, жақын болашақта елде «ұлттық апат» орын алатынын ашық мәлімдеді. Ал Handelsblatt басылымының хабарлауынша, Ангела Мер­кель болса, босқындар мәсе­ле­сінде қалыптасқан ахуал «жа­һандануды басқа арнаға бұ­ру­ға» мүмкіндік береді, деп мә­лімдеген. Бұдан бұрын хабарланғандай, Германияда ХДО партиясының рейтингі 2013 жылы өткен сайлаудан кейін бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде тө­мен­деген. Қазан айының басын­да неміс БАҚ-тары елге келетін босқындар саны бойынша 2015 жылға белгіленген меженің өз­гергенін хабарлады. Бұрын мәлім болғанындай, үстіміздегі жылы Германияға 800 мың бос­қын емес, ресми болжам бойынша 1,5 миллион заңсыз мигранттар келетін көрінеді. Жағдай осы­лай болып отырғандығына қарамастан, Германия Еуропалық одаққа қарасты мемлекеттер бос­қындарды әділ бөлісіп алуы керек деген ұстанымнан таяр емес. Соңғы деректер бойынша, Гер­мания тұрғындары ара­­сын­да жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша ел тұрғындарының жартысынан астамы Германияның шек­тен тыс көп босқындар қа­былдап отыр­­ғанын айтқан. Тек сұрау са­лын­ған әрбір үшінші неміс ГФР заңсыз мигранттар мәселесінде дұрыс шешім қа­былдайды деп сенім білдірген. Еуропалық одақ­тың «Фронтекс» агенттігінің деректері бойынша, қыркүйек айының соңына дейін Еуроодақ елдеріне 630 мыңнан астам заңсыз мигранттар келген. Жақында Еу­рокомиссия бүгінде орын алып отырған миграциялық дағдарыс Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен дағдарыс екен­дігін мәлімдеді. Оңшылдар ашық қарсылық танытты Францияның әлеу­меттік желілерінде SNCF теміржол ком­паниясының бүгінде елде бұрын-соңды бол­маған миграциялық қозғалыстың орын алуына байланыс­ты босқындарға жеңіл­дік жасау мәселелерін қарастырып отырған­дығы хабарланды. Атап айтқанда, теміржол ком­паниясының бұл құжаты бойынша босқындар алдын ала пойыздардағы орындарға бронь берген кезде тиісті төлем төлеуден босатылуы керек. Newsru.com порталының хабарлауынша, пойызға отыруға топ-тобымен келген билетсіз босқындарға осындай жеңілдіктер жасалмақ. Бұл хабарға француздың оңшылдары және ультра оңшылдары өре түрегеліп, SNCF компаниясын босқындар мәселесінде келеңсіз бағыт ұстанып отыр, «адамдар контрабандасымен» айналысады деп кінәлады. Мәселен, Николя Саркозидің оңшыл орталық пар­тиясының мүшесі Ксавье Бертран SNCF компаниясының бұл қада­мын «ешбір жол беруге болмайтын» мәселе екенін мәлімдеді. Ал «Ұлттық майдан» партиясының мүшелері босқындарға француздар мүддесі есебінен көмек жасалуда, деп атап көрсеткен. Партия көшбасшысы Марин Ле Пен SNCF компаниясының басшысы Гийома Пепиді Eurostar пойыздарының кес­тесіне кедергі келтіре отырып, Ұлыбританияға өтуге тырысатын босқындардың Кал қаласындағы ахуалын одан әрі ушықтыруды көздеп отыр деген айып тақты. Компания өзіне қарсы айтылған айыптардан барынша ақталуға тырысуда. Компания өкілдері бұл жерде мәселе босқындарға тегін билет таратуда емес екендігін алға тартады. Олардың айтуынша, көп ретте билеттері дұрыс тол­тырылмаған босқындар пойыз­­дан түсіріледі. Ал шын мә­­нінде, олар француз тілін жетік білмегендіктен осындай кем­шіліктерге жол беруде. Осыған байланысты кондукторларға дұрыс толтырылмаған билеттерді ақы алмай қайтадан түзеп, босқындардың одан әрі жол жүруіне мүмкіндік жасау қажеттігі жөнінде тапсырма берілген. «Біз бар болғаны бос­қындарға пойыздардан орын алуға тегін бронь алуды ғана қамтамасыз еттік. Сөйтіп, олардың пойыздардан заңды орын алып, сапарларын жалғастыруына мүмкіндік бердік», дейді SNCF компаниясының өкілі Кристо Пьеноэль. Ал АҒР компаниясының өкілі «Туған елдерін тастап, ерік­сіз қоныс аударған босқындар үрей мен қиындықтан әбден қал­жыраған. Оларға адамгершілік танытып, осындай болмашы көмек көрсету қалыпты жағдай», дейді. Ахуал ушығып барады Сарапшылардың пікі­рінше, Еуропалық одақ мем­лекеттерінің шекарасына келген босқындардың басым көп­шілігі Грекияның аралдары әсі­ресе, Лесбос аралы арқылы өткен. Frontex агенттігінің мәлімдеуінше, Шығыс Жерорта теңізі арқылы Еуропаға қоныс аударған босқындар негізінен Сирия азаматтары болып табылады. Үс­тіміздегі жылдың 9 айы ішінде Италияға 129 мың заңсыз мигрант келген. Олардың басым көпшілігі эритрейлер екен. Венгрия мемлекетінің басшылары атап көрсеткендей, қазір бұл ел­дің шекарасының бойына 204 мың босқын шоғырланған көрінеді. Frontex агенттігінің айтуынша, бұл 2014 жылғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 13 есе көп. Еуропаға келетін босқындар тас­қыны мұнымен шектелетін емес. Таяу Шығыс және Солтүстік Африка ел­дерінде орын алған соғыс апаты ха­лықтардың ұлы көші-қонын одан әрі ушық­тыра түсетіні хақ. Жастардың жұмыспен қамтылуы – қиын проблема 2007 жылы АҚШ-тан бастау алған әлемдік экономикалық дағдарыстан кейін дүниежүзіндегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2 пайыз­ға өсіп, 73,3 миллион адамға жеткен. Бұл туралы журналистерге Рим қаласында Халықаралық еңбек ұйымы бюросының директоры, Еуропа елдері үшін жастарды жұмыспен қамту мәселесін үйлестіруші Джанни Росас хабарлады. Оның айтуынша, қаржы дағдарысы кезеңімен салыс­тырғанда қазір жастар ара­сындағы жұмыссыздық дең­гейінің төмендеу үдерісі бай­қалады. Алайда, дағдарысқа дейін дүниежүзінде жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі жеңіл болған екен. «Мәселен, 2007 жылы жұмыссыз жүрген жастар саны қазіргіден әлде­қайда төмен еді. Қазір дүние­жүзінде 73,3 миллион немесе әлемдегі жастардың 13 пайызы жұмыссыз. Дағдарысқа дейін бұл көрсеткіш 11-11,6 пайызды құраған болатын», дейді Джанни Росас. Сондай-ақ, ол Еуропа кон­ти­нентінде жастар ара­сын­­да­ғы жұмыссыздық дең­гейі дағ­дарыстан кейін бір­ден 1,4 пай­ызға төмендегенін айтты. Алайда, Еуропалық одаққа қа­расты 10 мемлекетте жастар ара­­сын­дағы жұ­­мыссыздық дең­­гейі 20 пай­­ыз­дан асса, Гре­­­кия жә­не Испания сияқты эко­но­ми­калық дағдарыстан үл­кен зардап шеккен елдер­де жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі бұл көр­­­сеткіштен екі есе көп. Мә­­­се­лен, бұл елдерде жастар ара­­сындағы жұмыссыздық дең­­гейі 25 пайыз болса, соң­ғы уақытта аталған көрсеткіш 50 пай­ыз­дан асты. АҚШ-тың мемлекеттік қор жүйесінің бөлімшесі болып табылатын Сент-Луис федералдық қоры банкінің деректері бойынша, жұмыс орны жетіспеушілігінен зар­дап шегіп отырған амери­калықтардың саны 102,6 миллион адамды құрайтын көрінеді. Сонымен бірге, жұмыссыздар қалған америкалықтардың басым көпшілігі ай сайын мемлекет тарапынан жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақы алады. FRED сарапшыларының айтуы бойынша, жұмысқа толық қабілетті адамдар жұ­мыс­­сыздық жөнінде алатын жәрдемақыға күн көреді. Сон­дықтан, оларға жәрдемақы төлегеннен гөрі жұмыс орнымен қамтамасыз еткен мемлекет үшін әлдеқайда тиімді болмақ. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».