Қалалар да адамдар секілді. Олардың да өз тағдыры, бағы мен соры, қуанышы мен қайғы-қасіреті бар тәрізді. Әріге бармай-ақ, Қазақ елінің кеңес дәуіріндегі астаналары қай қалалар болғандығын еске түсірсең, осындай ойға қалады екенсің...
1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында Қазақ өлкесі Кеңестерінің құрылтай съезі өтіп, Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ АКСР-і) құрылған-тұғын. Сөйтіп, Орынбор 1920-1925 жылдары Қазақ АКСР-інің астанасы атанып, басына бақ құсы қонғандай күй кешті. Бірақ, кейін ол шаһар Ресей Федерациясының құрамына енгізіліп, облыс орталығы ғана болып қалды. Орынбор облысында қазір 120 мыңдай қазақ тұрады. Олардың ата-бабалары өздерін бір кезде Қазақ елінің азаматтарымыз деп есептеп, кеуделерін шаттық кернеген болса, бүгінде Орынбор қазақтарының бәрі де ресейліктер, яғни шетелдіктер...
1925 жылы сәуірде Ақмешіт қаласының атауы Қызылорда болып өзгертіліп, ол 1929 жылға дейін Қазақ АКСР-інің екінші астанасы мәртебесін иеленді. Орынбордың басынан ұшқан бақ құсы төбесіне келіп қонған шаһар шапшаңдата дамытылып, жаңадан денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мекемелері салынған. Бұл ретте қазір Алматы қаласында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры 1926 жылы Қызылордада шаңырақ көтергенін айтсақ та жеткілікті.
Бейнелеп айтқанда, патша-қала тәжі 1929-1997 жылдары Алатау баурайындағы табиғаты тамаша жерге орналасқан Алматыға бұйырды. Бұл шаһар 68 жыл ішінде адам танымастай өзгеріп, жан-жақты өркендеп, еліміздегі 1 жарым миллионнан астам халық тұратын ірі мегаполиске айналды. Ол қазір елорда мәртебесінен ресми түрде айырылса да, жұрттың бәрі әлі күнге «Оңтүстік астанамыз» деп еркелете атайды. Халқымыздың сүйікті қаласы, студенттер мен жастар шаһары тағынан түссе де, басындағы бағы ұшпай, мәңгілікке қонақтап қалған тәрізді...
1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі ел астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы қаулы қабылдады. Ал 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. 1998 жылғы 6 мамырда елорда атауы Президент Жарлығымен Астана деп өзгертілді. Сол жылғы 10 маусымда еліміздің жаңа елордасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Сөйтіп, кеңес заманында Тың өлкесінің орталығы деген мәртебеге ие болып, бес жыл бойы өзге облыс орталықтарынан шоқтығы биік тұрған шаһардан бақ құсы біржола безіп кетпей, айнала ұшқан аққудай қимай тұр екен, ақыры қайта қонып, кезінде тарихи атауы әр алуан әңгіме тудырған Ақмола айбынды Астанаға айналып, Айды аспанға бір-ақ шығарды!
Астана қазақстандықтарды өзіне магниттей тартып, тұрғындарының саны жылдан-жылға өсу үстінде: 1998 жылдың басында елордада 342 мың адам тіркелген болса, биыл астаналықтар саны 852 мыңнан асып жығылды. Болжам бойынша 2020 жылы 1198 мыңға жетуі тиіс. Осы үрдістен жаңылмаса, Астана келешекте халық саны жөнінен Алматыны басып озатын түрі бар. Ал елорда ажарының сұлулығына қарасаң, көзің тоймайды. Ол туралы уәлі ауыздардан шыққан талай тамаша теңеулер бар. Бірақ, меніңше, әйгілі ақын Кәкімбек Салықовтан ешкім асырып айта алған жоқ. Астанаға арнаған кітабын «Әлемнің сегізінші кереметі» деп атаған еді асыл ағамыз.
...Астананы өтпелі кезеңдегі экономикалық дағдарыс әлі аяқталмаған қиын кезеңде Алматыдан Ақмолаға көшіру Елбасына оңайға соқпағаны жадымызда. Президенттің осы жөніндегі ұсынысына Жоғарғы Кеңес депутаттарының кейбіреулері ашық қарсы шығып, қызылкеңірдек болған еді. Сондайда Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мынадай аумаққа елдің бір шетінен қарап отырып, ие бола алмай қалуымыз мүмкін. Арқада, солтүстік облыстарда демографиялық ахуалды қалайда өзгертуіміз керек. Мына елдің иесі кім екенін бүкіл әлем білуге тиіс. Елдің иесі елдің қиыр-қиырына бірдей қарап отыруға тиіс. Тым болмаса соны түсінсеңіздерші. Экономиканы ел орталығынан басқарған тиімді. Ақмола тоғыз жолдың торабында тұр, облыстардың астанамен байланысы да оңайлайды. Бұл мен үшін емес, ел үшін керек, елдің ертеңі үшін керек. Мұның мәнін қазіргі адамдар толық ұғар-ұқпас, бірақ болашақ ұрпақтарымыз ұғатын болады», – деп, көкейіндегі терең ойды жалпақ жұрттан жасырмай айтуға мәжбүр болған еді. Ақыры халық қалаулылары Елбасының дәл туған күні өткен сессияда оған ерекше бір тарту жасағандай болып, астананы елдің оңтүстік шетіндегі Алматыдан кең-байтақ қазақ даласының кіндік тұсындағы Ақмолаға көшіру туралы ұсынысты көпшілік дауыспен қабылдаған-ды.
Пайымдап қарасақ, жер жәннаты атанған Жетісу өңірінде дүниеге келіп, асқар Алатауға қарап бой түзеп өскен азаматқа өзінің туған өлкесіне орналасқан елорданы жазы қысқа, қысы ұзақ Сарыарқа төсіне көшіру туралы бастама көтерудің өзі жүз ойландырып, мың толғандырған аса қиын шешім болғандығы сөзсіз. Шын мәнінде бір өңірдің емес, тұтас елдің қамын жеген Ердің ғана қолынан келетін ұлы шешім һәм Елбасының ешкім ешқашан жоққа шығара алмайтын саяси ерлігі еді бұл.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
ПЕТРОПАВЛ.