• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2015

Заман және көшбасшы

1401 рет
көрсетілді

Уақыт адамдарды ұзақ мерзімде біріктірcе, заманымыз бір деп айтамыз.  Сол уақыт аралығында өткен ірі тарихи оқиға – ел тәуелсіздігі мен жаңа мемлекеттің қалыптасуы адамдарды тағдырлас ететіні белгілі. Сондай сындарлы сәтте ел болашағына деген ең үлкен жауапкершілік ел басшысына жүктеледі және де мемлекет оның қабілетіне байланысты дамиды. Әр адамның табиғи ұмтылысы – отбасын құрып, өмірге келген негізгі миссиясы өз ұрпағын, сол арқылы адамзатты дамыту болса, менің ойымша, әр ұлт, отбасы жиынтығы ретінде, өз мемлекетін құрып, адамзат өркениетінің даму үрдісіне үлес қосуы табиғи заңдылыққа жатады. Мен 1980-1993 жылдары Мәскеу болат және қорытпалар институтында екі жылдық ғылыми тәжірибеде, Мәскеудің тау-кен университетінде аспирантура, докторантурада болған едім. Сол себепті, Кеңес Одағының ыдырауын, жаңа тәуелсіз елдердің, оның ішінде өз елім – Қазақстанның егемендігін сонда қарсы алғанмын. Сексенінші жылдардың екін­ші жартысында Кеңес Одағы эко­номикалық, саяси тығырыққа тіреліп, сол жүйенің дәрменсіздігі байқалып, болашағы бұлың­ғырлана бастады. Сол себепті, М.С.Горбачевтің «қайта құруды» қолға алып, оның да дұрыс жүр­­гі­зіл­мегеніне байланысты қоғам­да көп наразылықтар туындай бастаған еді. Сол уақытта, Мәскеу зия­лыларының елге Н.Ә. Назарбаев сынды басшы керек, кемінде ол Министрлер Кеңесінің Төрағасына шақырылуы тиіс деген сөздеріне куә болған едім. Бұл біріншіден, Кеңес Одағының зия­лы қауымының Н.Назарбаевтың талантты басшы ретінде үлкен әлеуетін бағалағаны болса, біздер қазақ жастары үшін зор мақтаныш еді. Әлі есімде, 1991 жылы 8 желтоқсанда кафедраға келсем, белгілі ғалым-профессорлар Л.А.Бахвалов, В.А.Горбатов, Л.Д.Певзнер: «Сіздердің Президенттеріңіз өте көреген адам, Беловеж кездесуіне бармай, әуежайда өз ойын еркін білдіріп, Қазақстанға қайтып кетті», деп өз ризашылықтарын білдірген еді. Артынан уақыт көрсеткендей, жетпіс жылдық тарихы бар кеңес империясы тарих тұғырынан «үштік» шешкен жолмен мүлде кеткен болатын. Өз басым құнсызданған кеңестік рубльдің барлық республикалардан Қазақстанға ағылып, одан кейін Қазақстаннан Мәскеуге «Камаз»-дармен тасыл­ғанының куәсі болған едім. Ең маңыздысы, біз территориямыздың тұтастығын қантөгіссіз сақтап, жаңа, дербес, егемен ел болдық. Бұл халқымыздың Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың болашақты алыстан болжайтын, ірі саясаткер ретіндегі сол кездегі көрегендік шешімі еді. Уақыт көрсетіп отырғандай, халықтың ел болуы, мемлекет болып қалыптасуы оның бірлігінде, біртұтастығында. Көпұлтты, көпконфессиялы Қазақстан үшін, сол жылдары қазақ ұлтының саны елде 50 пайыздан төмен болып тұрғанда, асығыстық жасау өте қауіпті болатынын, қазір әлемдегі қақтығыстарды көріп отырғанда түсінгендей боласың. Өйткені, барлық қақтығыстардың негізгі себептері ұлтаралық, дін­аралық шиеленістерден туындауда. Сондайлардың салдарынан көп елдер дербестігінен, жерінен, елдігінен айырылып жатқаны баршамызға мәлім. Осы орайда, Елбасының кемеңгерлік көрсетіп, елдің бір­лігін, мемлекетіміздің беріктігін сақтау тетіктерін қарастырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын дер кезінде құруын айтуымыз керек. Қазіргі уақытта бұл жобаның тиімділігін жұрт көріп отырса, оның жасампаздығын әлем мойын­дауда. Бұдан басқа тек Қазақ еліне ғана емес, әлемдік маңызы бар мәселе – дінаралық татулықты дамытудағы Елбасының еңбегі ересен және де әлем жұртшылығының назарында. 1993 жылдың күзінде док­торлық диссертациямды мерзі­мінен бұрын қорғап, елге оралдым. Өзім Мәскеуге жолдама алған Рудный индустриялық инс­титутында кафедра меңгерушісі қызметіне кірістім. Жас мем­ле­ке­тіміздің дамуына үлес қосу мақсатында 1994 жылғы Парла­мент сайлауына қатыстым, бірақ өтпедім. Өйткені, бес пайыздан төмен ұлт өкілі тұратын қалада отыз пайыздан жоғары дауыс жинаудың өзі – жетістік, тәжірибе жинақтадым. 1994 жылы Солтүс­тік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің жанындағы Жоға­ры техникалық колледжге ректор болып тағайындалдым. Кейін 1996 жылы осы екі оқу орны бірік­ті­рілгенде университетті басқардым. Алғашқы рет Н.Ә.Назар­баевпен тікелей жүздесу мәр­тебесі Солтүстік Қазақстан мем­лекеттік уиверситетінде ректор қызметінде жүргенде, 1998 жылдың қазан айында болды. Кездесуден алған ағашқы әсер – ол кісінің қарапайымдылығы, кісіні тең дәрежеде қабылдауы және қандай тақырып көтерілсе де жан-жақты білгірлігін айтар едім. Ол уақытта облыста қиын кезең еді. Жарық пен жылу толық берілмей, жалақы, зейнетақы дер кезінде төленбейтін. Елбасы өз сөзінде бұл қиындықтардың өтпелі екенін, қазіргі уақытта бірлікті сақтап, қажырлы еңбек етуге шақырды. Жиналысқа келгендерді сендіре білді. «Қазақстанның солтүстік аймағында жоғары білімді сапалы мамандар даярлайтын университет бар екендігіне шын қуаныштымын, қазіргі заманға лайық мамандар осы жерде өркендейді», деп өзінің жылы лебізін білдіріп кетті. Осы өңірдің бұрынғы тұрғыны ретінде Президенттің ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіруі стратегиялық маңызы бар, дер кезінде қабылданған шешім бол­ғанын баяндағым келеді. Өйткені, аймақтағы көпшілік үшін Алма­тыға қара­ғанда Мәскеу барлық жағынан жақын астана еді. Жеті жыл қызмет барысын­да байқағаным, өңірдегі басқа ұлт­ өкілдері Н.Ә.Назар­баев­ты ұлтаралық келісімнің кепілі, сенімді басшы ретінде қабылдайтыны. Соның дәле­лі үш айдан кейінгі Прези­дент сайлауында облыс тұрғын­дары Қазақстан бойынша Н.Ә.Назар­баев­қа көп дауыс бергені дер кезінде дер едім. Аз уақыт өткен соң, Прези­дентіміз Білім және ғылым министрлігіне басшылық қыз­мет­ке шақырды. Қызметке таға­йын­дағанда: «Сен үйрен, үкімет дәлізінде жүріп ысыл, білім, ғылым мәселелерін кең ауқымда алып қарап, басқару тәжірибесін меңгер!» – деп Елбасы жолымды ашты. Бұл Мемлекет басшысының жастарды қолдап, үнемі қамқорлық жасайтын ерекше қасиетінің айқын көрінісі еді. Осы жолы Президент маған тікелей мақсатты тапсырма берді. Ол жекеменшік оқу орындарының көбейіп кеткендігін, оларды қысқарту керектігін айтты. Тапсырманы орындау барысында жоғары оқу орындарының санын 300-ден 171-ге түсірдік, білімді дамыту концепциясы дайындалды. Министрлікте үлкен кәсіби мектептен өттім. Қазақстанның Білім және ғылым министрінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқардым деп ойлаймын. Сонда алған тәжірибелерім кейін өз пайдасын берді. Министрліктен кейін Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік тех­никалық университетінде ректор болып қызмет атқарғанда, Елбасы көрсеткен бағыттың көмегі мол болды. Университеттің заманауи үлгісі ретінде «университет-технопарк» жобасын іске асырдық. Халықаралық деңгейде жоғары бағаланған ШҚМТУ үздік инновациялық университет деген атаққа лайық болды. Өңірде ірі-ірі республикалық, халықаралық іс-шаралар өтетін алаңға айналды. Мен ректорлық қызмет атқарған жеті жылда Елбасы үш рет университетке ат басын бұрды. Аймақтық университет үшін бұл ең үлкен мәртебе екенін атап өткім келеді. Шығыс өңірінің ғана емес, жал­пы Қазақстан халқы үшін Елбасының Семей атом полиго­нын жабуы және де ядро­лық қарудан бас тартуы әлеу­меттік қана емес, саяси және экономикалық маңызы бар уақиға болғаны барлық жұртшылыққа мәлім. Соның нәтижесінде әлемде ядролық жарылыс­тар тоқтатылып, тыныштық кезең қалыптасты. Елбасының сали­қалы саясатының арқасында Қазақ­стан өркениет жолын таңдады. Стратегиялық деңгейдегі қабыл­данған дұрыс шешім елі­мізге шетелдік инвестициялар құюға кеңінен жол ашты. Қазақстан бұрынғы КСРО елде­рінің арасында шетел инвестициясын тартуда ең алдыңғы орынға шықты. Қазақстанның қарқынды дамуына Елбасы стратегиялық бағытта жаңа көкжиектерді ашып берді. Кезінде ұсынылған 2030 стратегиясы мерзімінен бұрын орындалып, жаңа стратегия – «Қазақстан-2050» алдымызда тұр. Бұл стратегиялардың негізгі мақсаты, халықтың әл-ауқатын арттыру, озық елдердің үлгісіне лайық халықтың өмір сапасын сәйкестендіру, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Осындай ірі жобаларды іске асыруға алысты болжай білетін Елбасымен қатар, ұлттың үлкен интеллектуалды әлеуеті қажет. Осы орайда, ұлттың озық, ұлы болуы оның санында емес, сапасында екенін атап өту керек. Еліміздің бәсекеге қабілетті адами капиталын қалыптастыру жолында Елбасы тынбай ірі-ірі жобаларды іске асырып келе жатыр. Бұлар интеллектуалды ұлт, «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев Университет, тағы да басқа жобалар. Көрнекті ғалым ретінде Елбасы әрқашан да білім мен ғылым дамуын басты назарда ұстап келеді. Әр ұлттың халықаралық мәр­тебесі, тарихтан алатын орны оның адамзат өркениетінің дам­у­ы­на қосқан үлесіне байланысты. Қазақ ұлтының да көрнекті өкілдері арқылы өрке­ниетке қосқан өз үлесін әлем жұртшылығы мойындайтыны анық. Адамзаттың екінші ұстазы атанған әл-Фараби, ұлы Абай, бертіндегі М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сынды ұлт өкілдерінің әлемдік деңгейдегі еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды. Елбасының әлемде бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті сақтауды, адамзат өркениетінің тұрақты дамуына қосқан үлесі осы уақытта халықаралық деңгейде өз бағасын алып жатыр. Әрине, Н.Ә.Назарбаев Қазақстандай жас дамушы елдің Президенті емес, егер алпауыт АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан сияқты ірі мемлекеттердің басшысы болғанда, Елбасының барлық ұсыныстарының, жобаларының нәтижесі де, еңбегінің бағасы да еселене түсері сөзсіз. Қазақта «Елдің атын ер шығарады» деген аталы сөз бар. Елбасының арқасында Қазақстан әлемге танымал болды, әлі де таныла бермек. Елбасының ірі тұлға ретінде, зор қабілет, ерекше жадының иесі, сонымен қатар, білетін адамдарға әрқашан да жылы көңіл білдіретінін, қамқорлықпен қолдап отыратынын ілтипатпен атап айтқым келеді. Өмір болған соң қиындығы, қызығы, ащысы мен тұшысы да болатыны белгілі. Ең қиын­дығы – адамға жат қасиеттер: әді­летсіздік, жала жабу, мақсатты қудалау екенін басынан өткерген азаматтар жақсы біледі деп ойлаймын. Сондай жағдайды ҚазҰУ-де алғашқы ректорлық жылдарда өз басымнан өткізгенімді біреу білер, біреу білмес. Көп айтпай-ақ, үш жыл мерзімде университет жетпіске тарта тексеруден өтіп, бір жылда екі рет аттес­тациядан, екі рет аудиттен өткенін біздің ұжым жақсы біледі. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ғылыми еңбектің жиынтығы ретінде университетте са­наулы таралыммен шыққан кітаптың техникалық ақаулардан кеткен кемшіліктерді пайдаланып, жала жабу – қай ға­лымға болсын ауыр айыптау. Ұлтымыздың ардақты азаматы Б.Момышұлы: «Шындық әрқа­шанда жеңеді, бірақ кеші­гіп жүреді», деп айтқандай, кейін сол кітапты әлемдегі ең үз­дік баспа «Шпрингер» Нобель сый­лығының лауреаты Д.Нэштің жақсы пікірімен шығар­ғаны көп­шілікке мәлім. Сол кездер­дегі, одан кейінгі кездесулерде «Ғалым, білемін, жақсы жұ­мыс істеп жатырсың, әрі қарай батыл жалғастыр» немесе «Саған көп қиындық тудыр­ды ғой, жетістіктерің құтты бол­сын!» деп Шпрингер де алғаш­қы Қазақстандық дара автор болып шыққан кітабыммен құттық­тағаны мен үшін өте қымбат, ең жоғары мәртебе, дер кезінде көрсетілген баға жетпес қолдау болды. Әр халықтың болашағы өс­келең ұрпақпен, жастармен бай­ланысты. Жастар ғасырлар бойы қалыптасқан жақсы ұлт­тық дәстүрлерді, келешекке жете­­лейтін ізгі құндылықтарды жалғас­­тырып, сонымен жаңашыл үр­діс қосып отырса, халықтың бола­шағы айқын да зор. Талай жыл кәсіби жұмысым жастармен байланысты болып келе жатқандықтан, көңіл толтырып айтатын жайт, елі­міздің студент жастары талғам­паз да талантты және олар­дың отансүйгіштігін ерекше ай­тар едім. Елбасына деген сүйіс­пеншілігі мол және зор сеніммен қарайды. Оған дәлел, өзім қызмет атқарған қай университетте болмасын, барлық президенттік сайлауда студент жастар ерекше белсенділік көрсетіп, әрқашан да Елбасына өз дауыстарын береді. Соңғы сайлауда әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ студенттері бірауыздан қолдады, дауыстарын берді. Осыған орай, студенттердің, елдің ертеңіне кең жол ашатын геосаяси мәселелерге – Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістікке байланысты түсіністікпен қабылдаған пікірін айтқым келеді. Олар: «Елбасы жаңа Қазақстанды құр­ды, ол еліміздің дамуына кері әсер ететін ешқандай жобаларды қолдамайды. Сондықтан, біз Президентке сенеміз және де әрқашанда оны қолдаймыз!» – деп өз ойларын білдіреді. Болашаққа апаратын саясатқа жастар сенгенде, қолдағанда, ондай елдің болашағы алда және де жарқын. Жаңа мемлекет өз дамуында, ең алдымен, бодандықтың барлық түрінен арылып, жаңа кезеңде ұлтты болашаққа жетелейтін идеяны қажет етеді. Елбасының ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел. Бұл бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін, ел болашағына арналған ұлы идея Тәуелсіздік пен егемендікті ұрпақтан-ұрпаққа қалыбын бұзбай сақтап, аманат етіп отыратын ұлт идеясы осы Мәңгілік Ел болып қалмақ. Соңғы президенттік сайла­у­дағы әлем тарихындағы тең­дессіз электораттық белсен­ді­лік деңгейі халықтың өз Көшбас­шысына деген сенімінің, оның топтасқандығы мен ортақ болашаққа ұмтылысының жар­қын мысалы ретінде «Қазақ­стандық ғажайыптың» тағы бір айғағына айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сай­лау­дағы айшықты да айқын жеңісі Қазақстан Көшбас­шысының елімізді мақсатты да тұрақты дамыту жөніндегі орасан зор, тынымсыз жұмысының нәтижесі. Әр сайлау – таң­дау. Президенттік сайлау – бүкіл­халықтық таңдау. Өзінің Тұңғыш Президентінің басшылығымен Қазақстан мем­лекеттік құрылыстың алғашқы екі кезеңінен сеніммен өтіп, орныққан мемлекет жағдайына жетті. Президенттік сайлау еліміз дамуының тұтас бір мерзімін тәмамдап, жаңа, үшінші кезеңнің баспалдағына айналды. Қазақстан қоғамының терең институттық трансформа­циясы осы кезеңнің негізгі маз­мұны болып отыр. Әлемдік дең­гейдегі стратег ретінде Н.Назар­­баев қазақстандық қо­ғам­­ның жү­йелі жаңғыруының бес қағи­да­тын ұсынды. Алға қойыл­ған мақ­саттарға жету жолы болып табылатын, «Мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамынан» тұратын Ұлт жоспарын жария етті. Бұл осы уақытта әлемде теңдесі жоқ қадамдар Мәңгілік Елдің орнығуына апаратын батыл да нақты ұлттық бағдарлама. Талай ғасыр бойы «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы үшін әлем картасында мәңгілік Қазақстанның орнығуынан асқан бақыт жоқ, одан биік мақсат жоқ! Ғалымқайыр МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик. АЛМАТЫ.