• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Тамыз, 2015

Елдігіміздің киелі кітабы

416 рет
көрсетілді

АЙБЫНДЫ АСЫРҒАН АЙШЫҚТЫ АТА ЗАҢ

Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ата Заңның 20 жылдығына арналған «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Қазақстанның Конституциялық Кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, Қазақстанның Жоғарғы Соты, еліміздің Бас прокуратурасы, Қазақстанның Әділет, Сыртқы істер министрліктері, Астана қаласы әкімдігі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ гуманитарлық заң университеті, сондай-ақ, Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы ұйытқы болды. Конференция жұмысына Үкімет мүшелері, Парламент палаталарының төрағалары мен депутаттары, Конституциялық Кеңес Төрағасы мен мүшелері, беделді халықаралық ұйымдар делегациялары, сонымен қатар, 28 елдің құқық қорғау мекемелері мен прокуратураларының, соттарының, конституциялық бақылау органдарының басшылары, отандық және шетелдік танымал заңгер-ғалымдар, саясаттанушылар мен сарапшылар қатысты. Ғылыми-тәжірибелік конференцияны ашқан Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамаларына сәйкес, биылғы жылы ортақ тарихи тамыры бар бірқатар елеулі оқиғаның өтіп жатқанына тоқталды. Олар – Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы. Еліміз Конституциясы тек қана қазіргі заманғы әлемдік құқықтық ғылымның жетістіктерін ғана емес, сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тұңғыш актілерінің әлеуетін де қамтыды. Оларға «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті Жарғысы», сонымен қатар басқа да құқықтық-заңдық ережелерді жатқызуға болады. Ал 1995 жылы 30 тамызда республикалық рефе­рендумда қабылданған Конс­титуция Қазақстанның демо­кратиялық, зайырлы-құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуының, бекітілуінің, дамуының айшықты символына айналды», – деді И. Рогов. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сөз берілді. Қымбатты отандастар, қадірлі конференцияға қатысушылар, – деп бастады сөзін Мемлекет басшысы. – Баршаңызды мемле­кеттігіміздің берік іргетасы – Конституциямыздың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! 30 тамыз – Қазақстан халқы тарихи таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні. Біз осыдан 20 жыл бұрын бүкіл­халықтық референдумда Ата Заңымызды қабылдадық. Ескі мен жаңа тоқайласқан алмаға­йып кезеңде халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетті. Жаңа Қазақстанның заман­ның талаптарына сай келетін Негізгі Заңы­ның мәтінін бекітті. «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақ­стан халқы» деп басталатын Ата Заңымыз бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білді. Мен Конституцияның 1 жыл­­­­дығына арналған салтанатты жиында «Біз заң аясында өмір сүруді үйренуіміз керек» деген едім. Ата Заңымызбен жүріп өткен 20 жылға көз сала отырып бүгін «Біз заң аясында өмір сүретін елміз» деп мақтанышпен айта аламын. Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақ­тылық пен татулықтың тұғыры. Біздің Конституциямыз «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деген сөздермен басталады. Негізгі Заңның осы сөздерде біздің басты құндылығымыз – елдің көпэтносты, көпконфессиялы халқының бірлігі көрініс тапқан. Біздің Отанымыз да осы сөздерден басталады! Бүгін, – деді Президент, – біз 1995 жылдың басында Қазақ­станның тәуелсіздігі шыңырау ше­тіне тіреліп тұрды дегенді объек­тивті түрде айта аламыз. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мемлекет бола ма немесе болмай ма деген мәселе төтесінен қойылды. Ол сәтте Қазақстан шарасыз кедей және өз іс-қимылдары мен мүмкіндіктерінде шарасыз шектеулі болды. Бізде өзін-өзі басқарудың білімі де, тәжірибесі де болған жоқ және қазіргі заманғы мемлекет қалай қызмет істейді дегенді де көз алдымызға көмескі елестеттік. Біз егер өзіміз тез және батыл әрекет етпесек, онда бізде жаңа және тәуелсіз мемлекеттің орнына анархия болатынын білдік. Біз оны өзге елдер тәжірибесінен байқадық. Бұрынғы Одақтың тарауынан туындаған экономикалық коллапс тек реформаларға ғана емес, сонымен бірге, іс жүзінде өліп бара жатқан экономиканы ұстап тұруға да қандай да бір қаржының болмауымен тереңдей түсті. Жұмыссыздық, еңбекақы мен зейнетақының болмауы миллиондаған адамды тек әйтеуір күн көру үшін күрес шегіне апарып қойды. Сол кездегі «демократияландыру» мен «жариялылықты» қате түсіну инерциясы түрлі этностарға жататын қазақстандықтар арасындағы сенімге қылау түсірді. Осылардың бәрі де болды! Менің күрделі ахуалдан шығу жөніндегі пайымдарым мен ұсыныстарыма сол кездегі парламент атымен түсінбестік танытты. Дау-жанжалдармен және азаматтық соғыстармен қоса жүрген сценарийді ТМД-ның көптеген елдері біздің көз алдымызда бастан өткеріп жатты. Біздің жас және көпэтносты мемлекетімізде оған жол беруге болмайтын және ол апатқа пара-пар еді. Біз көптеген елдерде жаңа мемлекеттілік құрылысының қасіретті және қантөгісті болып шыққанын көрдік. Осы тұрғыда Қазақстанның ең жаңа тарихы көптеген жаңа мемлекеттерге маңызды сабақ бола алады. Конституция туралы, – деді сөзін жалғаған Елбасы, – 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда біз бірден-бір дұрыс жолды таңдадық және оны біздің 20 жылдық тарихымыз растап отыр. Мен бізді кейде автократиялы деп жазғырып жататынын білемін, бірақ біздің халқымыз өз Президенті мен Парламентін еркін балама сайлауда таңдап алып жатқанда қалайша бұлай деуге болады. Бізге АҚШ-тан Еуропаға дейінгі батыс елдері өмір сүріп жатқан демократия жолымен тездетіп жүру қажеттігін айтады. Біз мұның бәрін жақсы түсінеміз. Демократия – адамзат дамуының ортақ магистральдық жолы. Біз де сол жолмен келеміз, бірақ бұл ретте біздің азиялық қоғам екенімізді ескеру керек. Бізде Батыстан ерекшеленетін дәстүрлер, өзгеше діни және мәдени көзқарастар бар. Сондықтан, бізге бұл жолмен абайлап, асықпай жүру керек. Өйткені, өзге елдермен салыстырғанда, бұл кеңістікте соңғы 300 жыл бойында демократия мәдениеті болған жоқ. Сол себепті де мен біздің қызметімізді бағалағанда азиялық қоғамның қалыбына, тарихына, мәдениеті мен дәстүріне тереңірек бойлап қарауға кеңес берер едім. Мемлекеттік құрылыстың қасаң кесте немесе утопиялық жоспарлар негізінде жүзеге асуы мүмкін емес. Экономикалық алға басусыз және адамдардың әл-ауқатынсыз орнықты тұрақтылықтың болуы да мүмкін емес. Ал тұрақтылықсыз елде табысты өзгерістерге қол жеткізу мүмкіндігі нөлге тең. Мен экономикалық реформаларды жаңғырту ісінің басына қойдым, өйткені, демократияның дамуы басымдықтарды алдымен – экономика, одан соң – саясат түрінде нақты қойғанда ғана, үлкен табыстарға жететіне сенімді болдым. Өмір біздің жолымыздың дұрыс таңдалғанын дәлелдеп берді. Біз өзіміздің осы жолымызды өзгертпейміз. Сонымен қатар, айналамызға мұқият, жіті, асқан сақтықпен қараймыз. Осылай ету арқылы жүріп келе жатқан жолымыздың дұрыс екенін адамдарға лайықты жағдай жасау арқылы дәлелдеуге тырысудамыз. Бүгін біз 1995 жылдың ұлы оқиғаларын біздің халқымыздың тарихи тағдырын таңдауы ретінде атап көрсете аламыз. Біріншіден, оған біздің жас мемлекетіміздің өмір сүруіне қатер төндірген жүйелі дағдарыс объективті түрде алғышарт жасады. Батыл іс-қимылдармен, халқымыздың топтасқандығымен және бірлігімен біз ол қатерді еңсердік. Екіншіден, елдің мемлекеттік құрылымының бүкіл жүйесі түбегейлі ауысты. Ол кеңестік кезден қалған инерциялық формадан түпкілікті арылды. Үшіншіден, ұлттық эконо­миканың басымдықты үлгісі әкімшіл-әміршіл тәсілден нарық­тық тәсілге қарай бұлжымастай өзгерді. 1995 жылы қабылданған заң күші бар 147 жарлық ахуалды нарықтық қатынастар пайдасына қарай түпкілікті бұрды. Іс жүзінде ол өзіміз дербес әзірлеген және жүзеге асырған біздің алғашқы табысты жаңғырту тәжірибеміз болды. Осынау тамаша тәжірибені өзіміздің дамуымыздың жаңа сатысына аяқ баса отырып, бүгінде де пайдаланудамыз. Мен ел экономикасының одан әрі өсуіне және қоғамды жаңғыртуға жағдай жасайтын Бес институттық реформа мен «100 нақты қадамды» ұсындым. Ол кезде, 90-шы жылдардың екінші жартысында валюталық және банк жүйесі, сондай-ақ, жас қазақстандық бизнес дамудың жаңа серпініне ие болды. Жекешелендіру ісі бастау алды, осыған дейін Қазақстанда болмаған жекеменшік институты алғаш рет пайда болып, жұмыс істей бастады. Азаматтардың жеке бастамашылдығы мен іскерліктері құндылықтарына негізделген қағидатты жаңа еңбек және әлеуметтік қатынастар жүйесінің іргетасы пайда болды. Осылардың бәрі тұрақтылыққа, одан соң біз мақтаныш ететін экономикалық өсімнің жоғары қарқындарына негіз қалады. Төртіншіден, дәл сол 1995 жылы саяси жүйе қағидатты түрде жаңарды. Конституцияның қабылдануымен қоғамда пар­тияның, азаматтық сектордың жаңа ҮЕҰ-лармен, тәуелсіз БАҚ-тармен дамуы үшін қолайлы жағдайлар пайда болды. Осынау есте қаларлық жылда Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. Референдумда Конституция жобасына қолдау көрсетудегі, барлық этностарды патриоттық негізде топтастырудағы ең алғашқы тарихи рөл де Ассамблеяға тиесілі. Қазір біз оның да 20 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтудеміз. Біздің Конституциямызда бүкіл қазақстандықтар қолдауына ие ортақ құндылықтар айқын баяндалған. Ол азаматтарға жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне және басқа да белгілеріне қарай қысым жасауға қатаң тыйым салу. Осы негізде бүкіл халықтың арасында бейбітшілік, келісім мен бақуаттылық қамтамасыз етілуде. Ең бастысы, біз қазақтың тілін, тарихы мен мәдениетін өркендетіп, өрісін кеңейттік. Мектептеріміздің көпшілігінде оқу қазақ тілінде өтетін болды. Қазақ тілінде басылымдар мен кітаптар көптеп шығарылып, барлық Жер шарын аралап, біздің тарихымызға қатысты «инемен құдық қазғандай» етіп, қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Өз тілімізді, ділімізді, дінімізді өркендете отырып, біз өзге этнос өкілдерін кемсітпедік, басқаларды төмендетпедік, оларға өз деңгейімізде қарап, олардың құқықтарына құрметпен қарадық. Біздің тұғырымыздың, біздің бірлігіміз бен тыныштығымыздың ең негізгі арқауы осы болып саналады. Қазақ мәдениеті мен тарихы еліміздегі барша ұлыстардың рухани ұйытқысына айналды. Күллі ел болып атап өткелі отырған Қазақ хандығының 550 жылдығы осының айқын көрінісі. Тіл, тарих және мәдениет үштағанының бірлігі – біздің мызғымас рухани тірегіміздің, Ел бірлігінің негізі. Біздің газеттеріміз бен журналдарымыз 11 тілде шығады, ал театрларда ағылшын, әзербайжан, неміс, корей, украин, ұйғыр, өзбек, дұнған, татар тілдерін қоса алғанда алты тілде өнер көрсетіледі. Екі жүзден астам этностық мектептер, 195 жексенбілік тілдік орталықтар табысты жұмыс істеуде. Тілдерді, мәдениетті қайта өркендету, патриотизмге тәрбиелеу, ұлтаралық келісімді нығайту бойынша үлкен де көпқырлы жұмыс жүргізілуде. Олардың бәрі толықтай мемлекеттен қаржыландырылады. Мұндай тәжірибе әлемде еш жерде жоқ. Бұл бүкіл ел бойынша – әр қалада, ауылда дәстүрге айналған мемлекеттің игі ісі және ол әлемнің өзге мемлекеттерінде оқып-үйрену тақырыбына айналып отыр. Құрметті конференцияға қатысушылар, – деді бұдан әрі Мемлекет басшысы. – Небәрі жиырма жылдың ішінде біз, Конс­титуция ережелерін басшылыққа ала отырып, ұлы жолды жүріп өттік. Қазақстан бүгінде әлемдегі қалыптасқан, құрметті және абыройлы мемлекет. Бұл – біздің Негізгі Заңымыздың барлық ережелері мен қағидаттарының өмірде нақты жүзеге асуы. Тек жақсылыққа қарай өзгертуге қабілетті мемлекеттік және қоғамдық құрылыс қана тиімді болып табылады. Біздің Негізгі Заңымызда табысты даму үшін де, Ұлттың өзді-өзінен жаңаруы үшін де барлық құқықтық құралдар бар. Біз алдымызға жаһандық мақсат – ғасырдың ортасына қарай, 2050 жылға дейінгі кезеңге әзірленген стратегиялық бағдарлама негізінде Қазақстанды әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің біріне айналдыру мақсатын қойдық. Барлық көшбасшы елдерде табыстың екі басты құрамдасы бар екенін тарих көрсетіп отыр. Біріншісі – серпінді экономика және жаңғыру. Екіншісі – тұрақты конституциялық жүйе және орнықты мемлекет. Осынау екі фактор ХХІ ғасырда Қазақстанға да толық дәрежеде қажет. Олар біздің «Ұлт жоспары – баршаға ортақ қазіргі заманғы мемлекетке қарай жүз қадамымыздың» барлық ой-мақсаттарын және іс жүзіндегі міндеттерін жанды жіп түрінде бойлай өтеді. Терең жаңғыртудың кең ауқымды мәні биылғы жылы өткен президенттік сайлау барысында бүкілхалықтық қолдауға ие болды. Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның аясында Ұлт жос­парын орындау бойынша нақты іс-қимылдар әзірленді. Оларды халықаралық сарапшылар қарап, қолдау білдірді. Парламент пен Үкімет, барлық мемлекеттік органдар үшін орасан зор жұмыстар алда тұр. Бүтіндей алғанда, біздің іс-қимылдарымыздың мәні Қазақстан Республикасы Конституциясының әлеуетін одан да кеңірек ашуға келіп тіреледі. Біріншіден, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі халық туралы. Ұлт жоспарының кәсіби мемлекеттік аппарат пен есеп беретін мемлекет құру жөніндегі шаралары да осыған бағытталған. «Ашық Үкімет», жемқорлыққа қарсы батыл күрес, мемлекеттік органдар мен қызметшілердің жұмыстарын нақты нәтижелер бойынша баға­лау, сондай-ақ, өзге де шаралар – осылардың бәрі ел мүддесі үшін. Екіншіден, азаматтық тең құқылық туралы конституциялық постулаттар Бес реформаның заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты бағытында біртіндеп ашылып отыратын болады. Бұл жұмыстың маңызды қыры тәуелсіз сот жүйесін нығайтуға және құқық қорғау органдарын реформалауға байланысты. Үшіншіден, индустрияландыру және экономикалық өсу бағыттары аясында бүкіл халық игілігі үшін экономикалық дамудың конституциялық қағидаты толыға түседі. Біз экономиканы көтеру мақсатында Индустрияландыру бағдарламасын қолға алып келе­міз. Себебі, Қазақстан табиғи ресурстарға, мұнай мен газға бай ел. Қазақстанда Менделеев кестесіндегі 53 элемент шыға­рылады. Иә, бұлар – біздің байлығымыз. Алайда, бүгінде конъюнктура өзгеруде. Сондықтан, біз ресурстарға тәуелді емес, баламалы, қайта өңдейтін, мүлде басқа экономика құруға көштік. Ол жұмысты жүзеге асыру үшін нақты реформа керек. Біздің басты міндеттеріміз – бизнес үшін кедергілерді жою, рұқсат беру ресімдерін қысқарту және салық режімін қарапайымдандыру, инновациялық кластерлерді дамыту және энергия үнемдеу. Төртіншіден, әлеуметтік мемлекеттің конституциялық қағидаты білім беру, денсаулық сақтау, азаматтардың әлеуметтік жұмыспен қамтылуы салаларын жаңғырту жөніндегі шаралармен біртіндеп кеңейе түсетін болады. Бесіншіден, біздің Консти­туциямызда «қазақстандық патриотизм» ұғымы бекітілген. Оның мағынасы біздің азаматтық Ұлтымызға адал қызмет етуге, азаматтың міндеттерін сөзсіз орындауына келіп тіреледі. Шынайы патриотизм Конституцияға адал­дықтан, мойындау мен қатаң орындаудан басталады. Қандай этносқа немесе дінге қатысы бол­масын дәл осылар барлық қазақ­стандықтарды біртұтас халық етеді. ХХІ ғасырда біздің ұлы арманымыздың – Мәңгілік Елдің сенімді іргетасы бар. 17 миллионнан астам азаматы бар мемлекет бізге сондай тірек болып табылады. Ол бүгіннің және болашақтың мемлекеті! Мен айтқан бес институттық реформаны жүзеге асыру бағытында біз, Үкіметтің барлық аппараты, Парламент депутаттары табанды түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Біз оның тетігін келер жылдың 1 қаңтарында іске қосқымыз келеді. Ол үшін 78 заңнамалық акт қабылдап, Конституцияға өзгерістер енгізуіміз керек. Себебі, ЭКСПО-дан кейін Астанада мемлекетаралық қаржы орталығын құруды көздеп отырмыз. Содан соң Дубай орталығының жұмыс істеу әдісін толықтай қабылдағымыз келеді. Сондықтан, бүгіннің және болашақтың мемлекетін құру арқылы біз жаңа өзгерістердің табалдырығында тұрмыз. Қымбатты қазақстандықтар, – деді сөзінің соңында Прези­дент. – Біз барын бағалап, қымбатын қадірлей білген елміз. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылықтар жинағы. Мемлекеттігіміздің алтын қазығын қастерлеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Конституцияның әрбір сөзін мүлтіксіз орындап, бұлжытпай сақтасақ, алар асуымыз әрдайым асқақ болады. Сол арқылы Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсеміз. Ата Заңымыздың мерейлі белесі құтты болсын! Елдігіміздің тұмары болып асқақтай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алар асуларымыз әрқашан биік болсын! Елбасының сөзінен кейін жиынға қатысушы қонақтар сөз алып, өздерінің ой-пайымдарын ортаға салды. Мәселен, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының вице-президенті Евгений Танчев өзінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған шара­ға қатысу мүмкіндігіне ие болғанына ризашылығын білдір­ді. «Конституция – кез келген халықтың бақуатты өмір сүруі­нің бірден бір кепілі. Демек, Ата Заңның маңызы мен мәнін ешкім жоққа шығара алмайды. Әрбір елдің азаматтары Конс­титуцияда көрсетілген талап-ережелерге сәйкес өмір сүруі тиіс. Мәселен, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының міндеті – ол біздің комиссияның мүшелеріне Конституцияның барлық халықаралық талапқа сай келу қажеттігін түсіндіру. Біздің комиссия 25 жыл бұрын құрылған еді. Оған 3 млрд.-тан астам азаматы бар 60 мемлекет мүше. Қазіргі таңда біздің белсенді жұмысымыз тұрақты демократияны қалыптастыру, Конституцияны жазумен ғана шектелмейтінін, бұл саяси, заңдық, халықтық мәдени дәстүрлерге де байланыс­ты екеніне көз жеткіздік. Кез келген заң нормалары шынайы өмір жағдайларымен үндес болуы керек. Яғни, олар мемлекет пен қоғамды алға жылжытудың тірегіне айналуы тиіс. Біз Конституцияның «өлі тілге» айналғанын қаламаймыз», – деді ол. Осылай дей келе, мейман Қазақстанның Венеция комиссиясына 2012 жылдан бас­тап мүше екенін атап өтті. «Біз бірқатар талап-ережелер бойынша Қазақстанға қолдау көрсетіп, ықпал еткен болатынбыз. Қазақстан Еуроодақпен қаржыландырылатын бірлескен жобалардың белсенді қатысушысы. Венеция комиссиясымен әріптестік орнату арқылы Қазақстан заңдық-құқықтық салада үлкен жетістіктерге қол жеткізеді деп ойлаймыз», – деді өз сөзінде Е. Танчев. Еуразиялық экономикалық одақ сотының төрағасы Алек­сандр Федорцов «Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы – нағыз тарихи оқиға. Біз елдің қандай қиын-қыстау күндерден өткендігін, түрлі экономикалық және әлеуметтік жағдайларды бастан кешкендігін жақсы білеміз. Бүгінде Қазақстан қар­қынды түрде дамып, құқықтық-зайырлы мемлекетке айналды», десе, Армения Республикасы Конституциялық сотының төрағасы, Жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдары конференциясының төрағасы Гагик Арутюнян Мемлекет бас­шысы Н.Назарбаевты, барлық қазақстандықтарды Консти­туцияның 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етудің қазіргі заманғы сын-қатерлері» тақырыбындағы баяндамасын дүйім жұртқа талдап айта отырып, ол Конституциялық ахуалға байланысты бірқатар мәселелерді сөз етті. Сонымен қатар, Қазақстан мемлекетінің Ата Заңы халықтың рухани құндылықтары негізінде әзірленгендігіне сенімді екендігін жеткізді. Республикамыздың бәсекеге қабілетті болуы адами капиталға тікелей байланысты болып отырғандығын тұспалдай келе, мысал ретінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келіп жатқан мамандардың қоғамды дамытуға ауқымды үлес қосуда екендігіне тоқталды. «Білімді ұлт жөніндегі идея – тамаша идея», деген ол технологиялық тұрғыда бәсекеге қабілетті дамыған экономиканың болуы, Қазақстанның жаһандық ықпалдастық үдерісіндегі керемет бастамаларының барлығы да бұл мемлекеттің даму деңгейін айқындап отыр, деді сөзін жалғай. «Қазақстанды ерекшелейтін тағы бір өзгешелік Елбасының алысты болжайтын көрегендігі. Конс­ти­туция күні – өте мәртебелі мереке. Сондықтан, осындай салтанат­ты шара барысында Конс­титуцияның мән-маңызы мен артықшылығын, ерекшелігін, оның қалыптасу кезеңдерін ортаға сала­тын боламыз», – деген, ол Елбасы Н.Назарбаевқа «Қазақ­­стан­дық тренд: тоталитаризмнен демо­кратиялық және құқықтық мем­лекетке» атты еңбегін тарту етті. Ресей Федерациясы Ұлттық стратегия институтының халық­аралық жобалар жөніндегі директоры, саясаттану ғылым­дары­ның докторы Юрий Солозобов бүгінгі таңда Қазақстан мемле­кеттілігін нығайту басты қағи­датқа айналғанын жеткізді. «Конс­титуция – кез келген ел­дің басты құжаты. Ал алға қарай қарыштай ұмтылатын, өзіндік мақсаттары айқындалған елге айналу үшін сол елдің Конституциясында бекі­тілген ереже-нормаларға сүйеніп, бағдар алу керек. Сонда ғана гүлденген, өркендеген елге айналып, «Мәңгілік Ел» сынды идеяны жүзеге асыруға болады. Кез келген идея жайдан жай пайда болмайды. Ол қанша мерзім бойына сын елегінен өтіп, ой таразысына салынады. Бұл орайда, Қазақстанның Ата Заңының қалыптасуында Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі зор екендігін атап өткеніміз жөн», – деді А.Солозобов. Беларусь Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Петр Миклашевич Конституция қоғам мен мемлекет дамуының тұрақтылығы және серпінділігіне ықпал ететінін жеткізді. «Қазіргі уақытта халықтың тұтастығы, демократиялық-құқықтық қоғам­ның қалыптасуы – кез келген мемлекет үшін маңызды. Қазақстан Конституциясында бекітілген қағидаттар мен нормалар елдің дамуына және мемлекеттің қалыптасуына тікелей бағытталған. Біздің конституцияларымыздың іргетасы өте күрделі кезеңде қаланды. Алайда, ол жаңа демократияның қалыптасуына негіз болды. Кейін конституциялық құндылықтарды қолдана отырып, мемлекеттеріміздің тұрақты дамуына белгілі бір деңгейде қол жеткіздік. Алдағы уақытта біз конституциялық құндылықтардың жалпы қоғамда, әлемде болып жатқан үдерістер мен өзгерістер дер кезінде ықпал ету мүмкіндігін үнемі назарда ұстауымыз керек. Сол арқылы ол құндылықтар құқықтық стандартқа айналады», – деді П.Миклашевич. Сонымен қатар, пленарлық сессияның жалғасы бойынша спикер Асқар Шәкіров келесі баян­дама жасау кезегін Малайзия Федералдық сотының төрағасы Арифин Бин Закарияға ұсынды. Әуелде ол Қазақстан секілді бірлікке ұйысқан мемлекеттің 20 жылдық Конституция мерекесін атап өтуге шақыртылғандығына алғыс білдіре отырып, «Конс­титуция: халықтың бірлігі, тұрақ­тылық және өркендеу» тақырыбында өзіндік пайымдарымен бөлісті. Осы ретте Малайзияның да біздің ел секілді көпұлтты және көпдінді мемлекет екендігін жылы лебізімен ұштастыра келе, өздерінің тәуелсіздік таңы атқан салтанатты мерекелерін алдағы үш күннен кейін атап өтетінін толғана жеткізді. Бүгінгі таңда біздің еліміз үлкен өндірісті, қарқынды дамушы индустриялы-аграрлық мемлекетке айналды, дей отырып бұл жағынан елдегі Конституцияның дұрыс жолға қойылғандығы үлкен сеп екендігін тұспалдады. Сонымен қатар, ол Малайзияның 50-жылдар ортасында Тәңірдің қолдауымен егемен ел статусына ие болғандығын айта отырып, билік нысаны – конституциялық монархия екендігін тілге тиек етті. Бұл ретте монарх өзінің билігін Конституция негізінде жүзеге асыратынын, заң шығару тұрғысынан Үкіметтің айрықша орнын атады. Және де ұлт арасындағы келісім мен татулықты ту етіп ұстаған мемлекет, игілікке бастар достықтың байрағын желбіреткен ел ғана алға жылжитыны рас екендігін, сонымен қатар, елдегі конституциялық ахуалдың дұрыс жолға қойылғандығының маңызын атап өтті. Конференция шетелдің сот төрағаларының бірқатар баяндамалары және ізгі тілектерімен жалғасын тапты. Кезек бойынша жиынды Дубай халықара­лық қаржы орталығы сотының бас судьясы Майкл Хван «Дубай халықаралық қаржы орталығы және оның құқықтық инфрақұрылымы — Астана Қаржы орталығы үшін ықтимал үлгі ретінде» тақырыбындағы баяндамасымен жалғастырса, Грузия Конституциялық соты­ның төрағасы Георгий Папуаш­вили «Конституциялық құқық­тардың қорғалуы Грузия­ның демократиялық дамуына негіз ретінде» тақырыбын ортаға салды. Аздаған үзілістен кейін пленарлық сессияның келесі кезегі жалғасын тапты. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов модераторлық тізгінін алып, баяндама кезегін Болгария Конституциялық сотының төрағасы Димитар Токушевке берді. «1991 жылғы Конституция — Болгария Республикасы қоғамының жағдайы және мемлекеттік-саяси құрылысының серпінділігі» тақырыбының түйінін ағытқан ол, конференцияға қатысушыларды құттықтай келе, бұл жиынға шақырту алғанына үлкен алғыс білдірді. Жиын соңында конференцияға қатысушылар конституциялық құрылыстағы Қазақстанның тәжірибесіне баға беріп, елдің конституциялық тұрғыдан дамуындағы Н.Назарбаевтың атқарған рөлі айрықша екенін атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтаудағы, этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз етудегі табыстары, сондай-ақ, демократияландыру және ырықтандыру үдерістеріндегі орнықтылық пен жүйелілік туралы сөз қозғады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».

 *Қатысушылар лебізі

Серік АҚЫЛБАЙ, Парламент Сенатының Конституция­лық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы: – Бүгінгі конференция тек Қазақстан үшін ғана маңызды емс. Ол халықаралық деңгейде үлкен мәнге ие. Біздің Конституциямыз, оның негізі, мемлекетілігіміздің қалыптасу кезеңдері Елбасының сөзінде жан-жақты айтылды. Бізде Атаң Заңымызға ұқсас заңдар болғаны аян. Ал қазіргі Конституция – солардың заңды жалғасы іспетті. Қазіргі таңда біздің Ата Заңымыз көп елдің конс­титуцияларына үлгі болып отыр. Әсіресе, онда қоғамдағы барлық қарым-қатынас толығымен қамтылған. Сол себепті, ол біздің құқықтық мемлекет деген дәрежемізге өте сай Конституция. Әрине, қоғам бір орында тұрмайды. Мемлекет дамыған сайын Конституция да дамуы тиіс. Елбасы айқындаған 5 халықтық реформадағы жайттар Конституцияға да өзгеше леп алып келуі мүмкін. Демек, Конституцияның 20 жылдығы – мемлекетіміз, халқымыз үшін үлкен мерейтой. Ал заңгерлерге бірнеше есе жауапкершілік жүктейді. Қайрат ЛАМА ШАРИФ, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісі: – Менің араб елдерінде дипломатиялық қызметте болғаныма 20 жылға жуық­тапты. Сондықтан, араб елдерінің консти­т­уциялық жүйесі мен біздің елдің конститу­циялық жүйесін салыстырған кезде, жалпы, мұсылман әлемінде біздің Ата Заңымыздың көш басында тұрғанына көз жеткізуге болады. Қазіргі таңда араб елдерінде болып жатқан түрлі қиындықтардың, дағдарыстардың бір себебі кезінде конституциялық реформалардың өз деңгейінде, дұрыс жүргізілмеуінен дер едім. Яғни, елдердің басым көпшілігіндегі конституциялық жүйе ескірген. Оған Ливиядағы жағдайды мысалға келтіруге болады. Сондықтан, ондай дағдарыстардың туындауына осы тектес мәселелер де кері ықпал етуде. Ал Қазақстанға келетін болсақ, біз өзіміздің Ата Заңымыз арқылы барша елдерге, әсіресе, мұсылман елдеріне үлгі болып отырмыз. Олар біздің Конституциямызды араб тілінде оқи отырып, Ата Заңымыздағы этносаралық, дінаралық қатынастар туралы баптарға ерекше мән беруде. Себебі, бұл араб елдерінде өте өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да, олар бүгінде бізден тәжірибе алуда. Әрине, барлық Конституцияның негізі әділдікке, қоғам азаматтарының бір-бірімен қарым-қатынасына негізделетіні белгілі. Бұл жерде адамзаттың ортақ құндылықтары да көрініс табады. Ал бірақ, кез келген елдің өз ерекшелігіне байланысты әрбір Конституцияның да айырмашылығы болады. Мұсылман елдерінде бұл көбінесе шариғатқа негізделген. Біз зайырлы мемлекет болғаннан кейін, Еуропа мен Азияның ортасында отырғаннан кейін өзіміздің дәстүріміз, құндылықтарымыз бар. Соған сәйкес, өз Ата Заңымыз бар. Алпарслан АЛТАН, Түркия Конституциялық сотының вице-президенті: – Қазақстанның бас қаласы Астанаға бірінші рет келіп отырмын. Аз уақыттың ішінде жоғары жылдамдықпен бой көтеріп үлгерген ғимараттар білдей бір мемлекеттің бас қаласы деуге тұрарлық әдемі көрініс беріп тұр. Ерекше әсер алғанымды жасырмаймын. Болашағынан мол үміт күттіретін бұл мемлекеттің осындай атаулы мерекесін бірлесе тойлауға шақыртылғаныма аса қуаныштымын. Мемлекет басшысы қатысқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда болдым. Елбасының ел экономикасының дамуына жасап отырған қарқынды жұмысы жайында тыңдап, көптеген мәліметтерге қанықтым. Қазақстанның халқын тағы да осындай салтанатты мерекемен құттықтаймын!  Ара СААКЯН, Арменияның Қазақстандағы елшісі: – Қазақстан мемлекеті Конституциясының 20 жылдығына арналған «Конституция: бірлік, тұрақтылық, өркендеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатыстым. Елбасы мемлекет құру жолындағы қадамдар мен Негізгі Заң тұрғысындағы жағдаяттарды атады. Шын мәнінде, шетелден көптеген мамандар келіп, олар өзіндік пайымдарымен бөлісті. Әртүрлі елдердің конституциялық соттарының төрағалары ­баяндамаларын ортаға салды. Барлығы тамаша өтті. Қазақстан тұрғындарын тәуелсіздік пен тұрақтылықтың тетігі ретіндегі осынау ресми мерекемен құттықтаймын!