Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Шекара ауданындағы сенім шаралары жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады палатаның баспасөз қызметі.
Келісімнің мақсаты тату көршілік пен достық қатынастарды дамыту, ұзақ мерзімді тұрақтылық жағдайын сақтау, мемлекеттік шекара ауданындағы өзара сенімді нығайту болып табылады.
Белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін Тараптар қажетті ақпарат алмасу тәртібі туралы, басқа тарапқа сұрау салу мен өтініш жасау тәртібі туралы, сондай-ақ, мемлекеттік шекара ауданында алуан түрлі қауіптердің туындауын болдырмау және келісімде көзделген өзге де шараларды қолдану туралы уағдаласты. Комитет отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Шекара өкілдерінің қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды. Тату көршілік қатынастарды дамыту және Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасының режімін қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастықты қолдау мақсатында, сондай-ақ, шекарадағы тосын оқиғалардың алдын алу мәселелеріне Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы шекара өкілдерінің қатысуы үшін Тараптар 2001 жылы 15 желтоқсанда келісімге қол қойды. Онда шекара өкілдері мен олардың орынбасарларын тағайындау тәртібі айқындалған, олар өз міндеттерін бір-бірімен ынтымақтастықта, сондай-ақ, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және Тараптар қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес орындайды. Комитетте «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» заң жобасы да қаралды. Заң жобасының мақсаты Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық контингентінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға (миссияларға) қатысу процесін реттеуге бағытталған құқықтық негізін құру болып табылады. Заң жобасының негізгі ережелері заңның қолданылу саласын, Қазақстан Республикасы бітімгершілік қызметінің қағидаттарын, мақсаттарын, міндеттерін және қаржыландыру көздерін айқындайды. Заң жобасымен ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуы туралы шешім қабылдау тәртібі және ұлттық контингенттің бітімгершілік операцияға қатысуды аяқтауының негіздері регламенттеледі. Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды. Заң жобасы «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» заң жобасының ережелерін іске асыру мақсатында әзірленген және еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне толықтыру енгізуді көздейді.