• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қазан, 2015

Білімге жұмсалған қаржы еселеп қайтады

550 рет
көрсетілді

Астанада «Болашақ» бағдарламасының (BARCEF-2015) жыл сайынғы халықаралық конференциясы болып, оның жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, сөз сөйледі. «Елбасымыздың тікелей қолдауымен өрістеген «Болашақ» бағдарламасына 20 жыл толып отыр. Бағдарлама арқылы қазақстандық жастар әлемнің озық жоғары оқу орындарында білім алды. Ал жыл сайын осындай конференцияға жиналып, өзекті мәселелерді сөз ету дәстүрге айналды. Бәріңізге хош келдіңіздер дей отырып, осы жиынға арнайы қатысып отырған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықоваға конференцияны ашып беріңіз дегім келеді», – деді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Құттықтау сөзінде Гүлшара Әб­ді­қалықова: «Әлемдік өркениетте өзінің мәртебелі орнын белгілеген Қазақстан үшін білім мен ғылымның мәні мен маңызы айрықша. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болуымыз үшін біз білім-білігі жоғары елге айналуымыз керектігі нақты көрсетілді. Сондықтан алдағы уақытта отандық экономиканы әрі қарай өркендету үшін және еліміздің озық отыздықтың қатарына енуінде білікті де білімді адамдардың алатын орны ерекше екендігі анық. «Болашақ» президенттік бағдарламасы 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны Елбасы тәуелсіз Қазақстан тарихының алтын парағына теңеген болатын. Бағдарлама білім беру жүйесінің жоғары мойындалған локомотиві бола отырып, Қазақстанға жоғары білікті мамандар дайындаудың әлемдік жүйесіне қосылып, еліміздің экономикалық және әлеуметтік кеңістігінде әлемдік технология­лар трансферін құруға мүмкіндік берді», – деген Гүлшара Әбдіқалықова бүгінге дейін 8 мыңнан астам жоғары білікті маман даярланғанын атап өтті. Қазіргі кезде олардың ұлт экономиканың түрлі салаларында: 2 000-нан аса маман өнеркәсіптік және аграрлық секторда, 2 000-ға жуығы білім саласында, 1 500-ге жуығы ақпараттық технологиялар мен коммуникациялар саласында, 600-і медицина саласында, сондай-ақ, 400-ден астамы мемлекеттік қызметте, 85-і PhD докторы және 2,5 мыңға жуығы әлеуметтік-гуманитарлық салада мамандар ретінде қызмет етіп жүргенін тілге тиек еткен Мемлекеттік хатшы болашақтық түлектердің төрттен бір бөлігіне жуығы басшылық лауазымдарда табысты еңбек етіп жатқанына тоқталды. Және де «Болашақ» бағдарламасының бес институттық реформа, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында дамып жатқанына назар аударды. Өз сөзінде Мемлекеттік хатшы елдің адами капиталының сапасын жоғары білікті кадр­лар үшін бәсекелестік күрес жағдайында арттыру қажеттігін айтып, осы тұста стипендиаттарды сапалы іріктеу, неғұрлым дарынды жастарды тарту және ұлттық экономиканы дамытудың басымдығы бар бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру ісі басты назарға алынатынын жеткізді. Мемлекеттік хатшы конфе­ренцияға қатысушыларды «Бо­ла­шақ» бағдарламасының жаңа бесжылдық даму жоспары аясында ұсынылған бастамалар­ды жан-жақты талқылауға шақы­рып, әрбір стипендиатқа жұмсал­ған мемлекеттік инвестиция ел экономикасын дамыту үшін және «Қазақстан-2050» Страте­гия­сы­ның басты мақсаты – әлемнің не­­ғұрлым дамыған 30 елінің қат­а­­рына қосылу үшін жаңа білім жә­не машықтарды игеру арқылы есе­леніп қайтатынына сенім білдірді. Мұнан соң сөз алған сенатор Ақан Бижанов жаһандық бә­се­келестік жағдайында мемлекет жетістігінің аса маңызды фак­тор­ларының бірі – еліміздің адам капиталына маңыз беріп, осы тағ­дыршешті салаға елеулі қар­жы бөлуін көлденең тартты. Соңғы 5 жылда білім беру сала­сына бөлінетін қаржы 5 есеге өсті, қазіргі күні әлемде әлеу­мет­тік салаларға қаржы бөлу мен бюджеттік шығыстарды азайта­тын амалсыз шараларға қарамас­тан, білім саласына арналған мем­лекет­тік қаражат қысқартыл­мады, ал әлемдік стандарттарға жауап бе­ре­тін мамандар даярлау­да бі­лім саласын дамыту аса қажет­ті іс болып табылатынын атап өтті. Конференцияда Мәжіліс депутаты Гүлнар Ықсанова, жоғары білім саласындағы халықаралық сарапшы Джамиль Салми, Шығыс Азия университетінің құрметті профессоры Дэвид Салми сөйледі. Мәселен, халықаралық сарапшы Джамиль Сальми Норвегия премьер-министрінің сөзінен мысал келтіріп, былай деді: «Білім – болашақтың кілті. Ендігі уақыт бүгінгі мұндай билік еткен заманнан басқа болмақ, ол – ғылым мен білім билік ететін әлем. Сондықтан, өзінің болашағын ойлаған ел білімге инвестиция салмай, жарқын болашаққа бара алмайды. Егер мемлекет халқы сауатты, жан-жақты білім иесі болса, сол елдің болашағы кемел», дегені бар еді. Қазақстанның білімді болашаққа негізделген өз бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Ол «100 нақты қадамда» да қарастырылған. Ал егер сіздер, жоғарыда айтылғандай, білім билейтін заманда толыққанды өмір сүрулеріңіз үшін білімнің барлық баспалдақтарын қатар дамытуларыңыз қажет. Олар – алдымен орта мектептегі білім беруге қатысты реформалар», – деген ойымен бөлісті. Конференцияға Ұлыбритания, АҚШ, Қытай және т.б. елдерден 20-дан астам халықаралық сарап­шы, «Болашақ» серіктес­тері – 20 қазақстандық, 40-тан астам шетелдік жоғары оқу орын­дарының өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, "Егемен Қазақстан", Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.