Қазақстанның Румыниядағы елшісі Дәулет Батырашев Румыния Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры, «ЭКСПО» мәселелері жөніндегі комиссары Джеорджиан Гервасимен кездесіп, оның назарына ЭКСПО-2017 көрмесінің тұсаукесерін ұсынды. Кездесудің соңында Румыния Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатынын ресми түрде растады.
Дж. Герваси Румыния Халықаралық көрмелер бюросының қалаушы-мүшесі ретінде халықаралық көрмелердің тұжырымдамасы мен мағынасын қолдап, Қазақстанның халықаралық көрмелер дамуына қосатын зор үлесін жоғары бағалайтынын атап өтті. Оның пікірінше, Астана қаласында ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру XXI ғасырдың негізгі сындарына ең үздік шешім іздеуге бағытталған орасан зор шара болып табылады.
Қазақстандық дипломат Румынияның еліміздің халықаралық бастамаларына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдіріп, оның ЭКСПО-2017-ге қатысуы көрменің сәтті өтуіне үлес қосып, халықаралық көрме қозғалысына оң екпін беретіндігін атап өтті.
«Егемен-ақпарат».