• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
29 Тамыз, 2015

Бұл той бұрынғылардан өзгерек

451 рет
көрсетілді

Өңір көреремендеріне танымал тележүргізуші Қонысбек Терекұлы шаңырақ көтерді. Оның таңдап алған сүйген жары  Әйкен де осы салада жұмыс істейді. Тілшінің тойы бұрынғыларға қарағанда өзгеше өтті дегенді естіп, әріптес інімізбен телефон арқылы хабарласқан едік. Шалқар қаласында өткен  тойға 300-ден астам қонақ шақырылған кө­рінеді. Бірақ, олардың бірде-біреуі жиналған жұрттың алдына шығып, жас жұбайларға тост көтеріп, тілек айтпапты. Тойда тек жаңа құдаларды бастап келген азамат қана сөз алған. Оның өзі де сал­та­нат­қа жиналғандарға  серік­терін таныстырумен ғана шектелген. Ортаға шығып тілек айтылмады деме­сең, оның басқаша жолы да табылыпты. – Біздегі тойлардың талайын көріп жүрміз. Қонақтар бірінің айтқан сөзін екіншісі қайталап тұрып алады. Жұрт та жалығады. Мен өз тойымның өзгеше өткенін қаладым, ұзақ-сонар сөз сөйлеу дәстүрінен бас тартуды жөн деп таптым. Ақ тілегін айтқысы келгендер «Тілек бұрышындағы» микрофонды алып, арнайы камераға жүрекжарды лебіздерін  білдіріп  жатты. Біз оны міндетті түрде көретін боламыз. Бір байқағаным, той­да сөз берілмегеніне ешкім рен­жі­ген де және дастарқаннан аттап кеткен де жоқ, – дейді қуаныш иесі. Айтса айтқандай, ортаға шы­ғып алып, бірінің айтқанын екіншісі қайталап, сөз жарысына түсіп кететін ағайындардың жұрттың алтын уақытын алып, мезі етіп жіберетінін көріп жүрміз. Бұл той­дың өзгелерге қарағанда тағы бір өзгешелігі бар. Қонысбек Терекұлының тойы көпірме сөзсіз (тостсыз) ғана емес, ішімдіксіз де өткен. Осыдан 5 жыл бұрын жақсы ырымға балап,  жер астына киікотымен ысталған 150 литр қымыз көмген екен. Ішіне шикі қазы салынған қымызды тойдан бір күн бұрын қазып алған. Бабымен сақталған қымыздың дәмі тіл үйіреді, ешқандай бұзылмапты. Тойдың (тостсыз) сөз сөйленбей өтуі Ақтөбе өңірі үшін тосындау жайт. Өйткені, Ақтөбеде тойға шақырылған қонақтардың барлығы да шама келсе өз тілектерін біл­діруге құштар. Тіпті, көпірме сөз­дің шылауында кетіп,  мерекенің берекетін алатындары да кездеседі. Сөз берілмегеніне ренжіп, мінез көрсетіп қалатындар да болып жатады. Алайда, дерек көздерінен мәлім болғанындай, Қонысбектің  тойына шақырылған 300-ден астам қонақ түн ауғанша болған салтанаттың аяғына дейін сабыр сақтап, тойдың ажарын келтіріпті. Мұны күйеу жігіттің өзі де растады. Ол тойдың бағдарламасына дейін өзі жасағанын жасырмады.   Қонысбектің  әкесі Терек те, ана­сы Сара да ұлағатты ұстаздар, қазір еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткерлер. Қонысбек той үстінде сүйіктісіне өз әжесі, кейін анасы таққан алтын жүзікті сыйлапты. Мұның өзі отбасылық құндылықтарды сақтаудың, ұрпақ­тар сабақтастығының көрінісі деу орынды. Бұл да айта жүрерлік өнеге. Қазақтың тойының мәдениеті мен қызықты өтуі хақында көптеген ойлар айтылып жүр. Бұл тойдан да үйренерлік үлгілер бар екені сөзсіз. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».  Ақтөбе облысы.