• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2015

Еліміздің аумағында эпизоотиялық жағдай қандай?

816 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Г.ИСАЕВАМЕН әңгіме

– Гүлмира Сұлтанбайқы­зы, елімізде аса қауіпті мал ­ауруы індеттеріне қарсы қан­дай ветеринариялық шаралар жүргізілуде?

– Республика аумағында жа­нуарлардың аса қауіпті ауруларын алдын алу мақсатында кешенді ветеринариялық шаралар жүргізіледі.

 Бірінші – жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, жануарлар ауруларының пайда болуы мен азықтан улануының алдын алу, жануарлардың және жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың, ветеринариялық препараттардың, жемшөп пен жемшөптiк қоспалардың ұста­луының ветеринария саласын­дағы заңдарының талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз ету мақсатында ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қолайлы аумақта өткiзiледі. Екінші – шектеу iс-шараларын немесе карантиндi қоса алғанда, жануарлардың аса қауiптi және экзоотиялық ауруларын жою және олардың таралуын алдын алу мақсатымен бақылау аймағын, буферлік аймақты қосқанда, iндет ошағында және қолайсыз пунктте жүргізіледі.

Осындай жүйелі түрде жүргі­зілген жұмыстардың нәтиже­сінде қазіргі таңда республика аумағында аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотиялық жағдай тұ­рақты. 2013 жылдан бері Қазақ­стан аумағында аусыл ауруы тіркелген жоқ. Жануар­лар­дың аса қауіпті аурулары ошақтары санының төмендеуі, ветеринариялық препараттарға қойылатын талапты күшейту, сондай-ақ, «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес, халық­аралық GMP стандарттар сапа­сының талаптарына жауап беретін ветеринариялық препараттарды қолдану нәтижесінде мүмкін болды. Сонымен қатар, ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық эпизо­отиялық бюросы арасында келісімге қол қойылды.

Аталған келісімге сәйкес, Орталық Азияның барлық елдері үшін Астана қаласында ХЭБ-тің Субөңірлік кеңсесі ашылды. Оның басты мақсаты – Орталық Азия елдері мен олармен шекаралас аудандарда аусыл ауруына бақылауды күшейту үшін құзырлы ветеринариялық қызметтердің іс-қимылын үйлестіру болып табылады. Сондай-ақ, вакцина қолданылатын аймақтардағы аусыл ауруына бейім жануарларды вакцинациялаудан өткізуге қажетті 2 млн. еуроны (500 млн. теңге) құрайтын вакцина-банкін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы ретте кеңсенің ашылуына жағдай жасағаны және ветеринария саласының ХЭБ талаптарына сәйкес дамуына қолдау көрсеткені үшін ХЭБ-тің бас директоры, доктор Бернард Валла мырза Қазақстан Республикасының Пре­­­зиденті Н.Ә.Назарбаевқа шынайы алғысын білдіріп, дипломатиялық арналар арқылы хат жолдады.

– Аталған шараларды тиімді жүзеге асыру неге байланысты?

– Ветеринариялық іс-ша­ра­лар­ды жүргізу – онымен айналысатын мамандардың біліктілігі мен ветеринариялық кәсіпорындарды материалдық жарақтандыру дең­гейіне тікелей байланысты. Осы мақ­сатта 2013-2014 жылдары рес­пуб­ликалық бюджеттен жергілікті атқа­рушы органдар жаңадан құрылған мемлекеттік ветеринариялық кәсіпорындарды (196 ветеринариялық станса мен 2365 ветеринариялық пункт) материал­дық-техникалық жа­ғы­нан жаб­дықтауға 16,0 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бүгінде ве­те­­ринария­лық кәсіпорындар қара­па­йым шприцтен бастап арна­йы­ ав­то­көлікке дейінгі қажетті құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз етілген.

– Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға маман-кадр­лардың дайындық деңгейі толық жауап бере ала ма?

– Бүгінгі күні еліміз бойынша жергілікті жерлерде тікелей ветеринариялық алдын алу және емдеу жұмыстарымен 11 664 ветеринария маманы айналысады, олардың 4 574-інің жоғары ветеринариялық білімі, 7 090 маманның арнайы кәсіптік ветеринария білімі бар. Атап өту керек, 2012 жылдан бастап ауылдық жерде еңбек ететін ветеринария мамандары да басқа әлеуметтік сала мамандарына көрсетілетін жеңілдіктерге ие болды.

– Экзотикалық аурулар шық­­қан жағдайда, оны жоюдың нақ­ты іс-қимыл жоспары бар ма?

– Қазақстан Республикасының аумағына басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуын алдын алу мақсатында мемлекеттiк вете­ринариялық-санитариялық ба­қылауды және қадағалауды жүзеге асыру үшiн уәкілетті орган – шекара және кеден бекеттерінде (автомобиль өткізу пункттерін қоспағанда, Кеден одағының кедендік шека­расымен тұспа-тұс келетін Қазақ­стан Республикасының мем­лекеттік шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнде) уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен ветери­нариялық бақылау бекеттерiн ұйымдастырды. Ал «Ветеринария саласындағы нормативтік-құ­қық­тық актілерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығына сәйкес, жануарлардың экзотикалық ауруларының профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

– Малға және мал өнімдеріне ветеринариялық анықтамалар беру тетіктері жеңілдетілді деп естідік. Осы жағын айтып берсеңіз?

– 2013 жылдан бастап мал және мал өнімдеріне ветеринариялық анықтаманы жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық дәрігерлері мен өндірістік бақылау бөлімшелерінің аттестациядан өткен ветеринариялық дәрігерлері беретін болды. Ветеринариялық анықтаманы қайтарымсыз негізде беру арқылы, оны беру рәсімі жеңілдетілді және ол бүкіл респуб­лика аумағында жарамды.

– Жақында Париж қала­сын­да өтетін Халықаралық эпизоотиялық бюросының жиынына қазақстандық делегация да қатысқалы отыр...

– 2014 жылдың 15 тамызында Қазақстанның ветеринариялық қызметі эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығы негізінде, аусыл ауруы бойынша 5 облысқа вакцинация қолданылатын және 9 облысқа вакцина қолданбайтын қолайлы ел мәртебесін алу үшін ХЭБ-ға екі тапсырыс берді. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар айында ХЭБ өкілі Дэвид Джеймс Патонн Қазақстанға келіп, Жамбыл облысының ветеринариялық ұйымдарының жұмысымен танысқан еді.

2015 жылдың 24-29 мамыры аралығында Париж қаласында ХЭБ-ке мүше 180 мемлекет пен бақылаушылардың қатысуымен ХЭБ Бүкіләлемдік делегаттары ассамблеясының кезекті 83-ші бас сессиясы өтеді. Аталған шара шеңберінде салтанатты түрде Қазақстанның 9 облысын (Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе) вакцина қолданбайтын аусылдан таза ел мәртебесін тану туралы сертификат табыс етіледі деп күтілуде.

Әңгімелескен

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».