АСТАНА. 5 шілде. Бүгін елордада 30 жұп шаңырақ көтерді. Астана күні қарсаңында болған неке қию рәсімі «Атамекен» кешенінде өтті. Бұл туралы astana.gov.kz хабарлады.
Салтанатты рәсімге дейін жас жұптардың ата-аналары мен туыстары ақ тілектерін арнап, ақыл-кеңестерін айтты. Алаңда орнатылған сахнада жас жұбайларға ресми түрде неке куәлігі табысталып, дәстүр бойынша өмірдегі ең маңызды күннен белгі ретінде естелік суретке түсті.
Сонымен қатар, барлық жұп Қазақстанның ең биік туының тұғырына шығып, 111 метрлік жерден жүрек пішінді шарлар ұшырды. Одан бөлек, жас жұбайлар мерекелік флешмоб тамашалады. Шара кезінде 15-ке жуық адам музыка әуенімен жүрек формасында сап түзеді.
Дәстүр бойынша жас жұбайлар мерекелік торт кесіп, қуаныштарын жақындарымен бөлісті. Шара соңында жұптарға естелік сыйлықтар табысталды.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: astana.gov.kz.