Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында аталып өткен мерекелердің бірі – Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы.
Аталмыш мерейтойға орайластырып, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы жастардың Ата Заңның қалыптасу тарихының кезеңдері мен Конституцияның сипаты, маңызы туралы білімдерін тереңдету, заң алдындағы жауапкершіліктерін арттыру, оларды өз құқығы мен міндеттерін білуге, Ата Заңымызды, мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеуге үйрету мақсатында «Ата Заңым – Айбарым!» атты тұрақты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Тәуелсіздік алғанға дейінгі кезеңдерде қазақтың жазылмаған дала заңына бағынғаны белгілі. Дала ережелері қағазға түспесе де білікті, зерделі, беделді адамдардың, ақсақалдардың аузынан көпке тарап, ғасырлар көшіне ілесіп, жалғасып отырған. Осыған орай, көрмеге «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен шығарылған «Қазақтың ата заңдары» 10 томдық құжаттар, деректер және зерттеулер, С.Табанов пен А.Оразованың «Күрделі заманның өтпелі кезеңдеріндегі қазақ қоғамы Ата Заңдарының (Конституцияларының) тарихи-құқықтық сабақтастығы», Өмірәлі Қопабаевтың «Ата Заң – мемлекет дамуының іргетасы» атты еңбектері, қолданыстағы Конституция, Елбасының әр жылдардағы және хроникалық қызметтері жайында кітаптары, Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары, Ассамблеяның 20 жылдығына арналған кітаптар қойылды.
Оқырмандар көрмеде кітапхана қорында бар кітаптармен, фотоальбомдармен, мерзімді басылымдарда жарияланған тың деректермен, түрлі-түсті фотолармен таныса алады.
Тоғыз бөлім, тоқсан сегіз баптан тұратын Конституция – тағдыр талайында тоқсан тараулы жолдан өткен ұлтымыздың басын бір арнаға тоғыстырған зор мән-маңызға ие құжат. Бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде белгілеуде Елбасымыздың көздегені елдің Ата Заңға деген құрметін арттыру болса керек. Әрбір адамның, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың ел Конституциясына деген құрметін, ізетін арттыру бәрімізге ортақ міндет. Ендеше, ортақ міндетті орындауда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білу баршамызға серт. Алдағы уақытта да Конституцияның 20 жылдығына орай кітапхана қызметінде қазіргі Ата Заң туралы жастарға толыққанды ақпарат беруде іс-шаралар өз жалғасын таба бермек.
Гүлзада БЕЙІСОВА,
С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.
Ақтөбе.