Соғысқа Жамбыл ауданындағы тау етегіне көлбей орын тепкен Ақтерек ауылынан 300-ден аса ер азамат аттанады. Алайда, туған жердің дәм-тұзын татудың бақыты тек 120-сына ғана бұйырады. Қалған 197-сі ел қорғауда Отан үшін шейіт болады. Жеңістің 60 жылдығына орай ауылдың орталық саябағында осы өңірдің бас көтерер азаматтары елге оралмаған сол боздақтарды ел есінде қалдыру мақсатында ескерткіш орнатып, мемориалды тақтаға есімдерін қашап жазған еді. Енді, міне, Жеңістің 70 жылдық айтулы мерекесіне орай ақтеректіктер қол қусырып отырмай, сол майданнан аман-есен елге оралып, бейбіт өмірде еңбек еткен 120 соғыс ардагерінің есімін ардақтап, мәңгілік есте қалдыру мақсатында орталық саябақтағы мемориалды ескерткіш алдынан мәрмәр тасқа есімдерін жаздырып, ескерткіш тақта ашты.
Салтанатты іс-шараны Ақтерек ауылдық округінің әкімі Досан Әбдіжанов ашып, 1941-45 жылдары Отанға қауіп төнгенде Ақтерек ауылынан майданға аттанып, сұрапыл соғыстан аман-есен елге оралған, одан кейін де еңбекке араласып, ауылдың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан ағаларға ұрпақ атынан тағзым жасау үшін ескерткіш тақтаны орнатқандарын, сонымен қатар, бүгінде ауылда соғыс жылдары тылда еңбек еткен 46 ардагер тұратынын, оларға Жеңістің 70 жылдығына Үкіметтен арнайы естелік медаль тапсырылғанын жеткізіп, ауылдастарын үлкен мерекемен құттықтады. Ақтерек жеке шаруашылық төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Темірлан Шайнүсіпов ауылымызда бүгінде Отан соғысына қатысқан ең соңғы ардагеріміз Оспанқұл атамыздың дүниеден өткеніне үш жылдың жүзі болды. Бірақ соғысқа қатыспаса да жеңісті жақындатуға қатысқан тылда еңбек еткен апа-ағаларды ұлы мерекемен құттықтаймын. Соғыстан кейінгі 1950-1960-жылдары туған біздер өзімізді бақытты ұрпақ деп есептейміз. Себебі, Кеңес Одағы кезінде де, Қазақстан егемендігін алған кезеңде де жақсы өмір сүрдік. Бұл Елбасының, сосын қазағымыздың ынтымағы мен береке-бірлігінің арқасы, деді. Ал Ақтерек орта мектебінің директоры Роза Жамантаева Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шаралар кешегі Кеңес Одағына кірген мемлекеттерде ғана емес, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысы бар елдерде де атап өтіліп жатқанын, Ақтерек ауылы да сол елдердің бір бөлшегі болғандықтан, осы айтулы мерекені атап өтуде мектепте ауқымды іс-шара өткенін, енді соғыс болмасын, бүгінгі біздің балаларымыз Қазақстанның көк туын желбірете берсін деген тілек білдірді. Бір айта кетерлігі, әсіресе, мектеп оқушылары мерекені атап өтуге ерекше дайындықпен келіпті. «Өшпейді даңқың жаңғырып...», «Ерлікке тағзым», «Жүректе қалды мәңгілік», «Жеңісті жақындатқан ардагерлер» атты фото-стендтер, сондай-ақ, әр сынып оқушылары соғыстан аман-есен келген 120 ардагердің деректерін жинастырып, жеке-жеке альбом жасауы көрменің сәнін келтіріп тұрды. – Шешемнің соғыс кезіндегі басынан өткізген бейнетін ойлағанда жүрегім қан жылайды, – деді Нәшірбек аға. – Қас қарая жұмыстан келеді де жалғыз көйлегін шешіп, киімін жуып, іліп қояды да, ертесіне киіп, таң білінбей жұмысқа кетеді. Оларды бақылап отырған Сталин де, Голощекин де жоқ. Көрдіңіз бе, уақыттың қаталдығын. Тәртіп солай. Өйткені, Отан үшін соғысып, жан беріп жатқан майдангерлерге тамақ, киім-кешек керек. Бір дәнді қалдырмай соғысқа жібереді. Қазір керемет заман ғой, Ақтерегіміз гүлденіп тұр. Қандай қиын уақыт болса да ауылымызда бір үй бұзылған жоқ, қайта бір үлкен көше түсті. Ауылымызға ауызсу келіп жатыр. Мәселен, маған екі жарым айдың ішінде кең де жарық үй салып берді. Не су іздеткен жоқ, не құм іздеткен жоқ. Жалғыз маған емес, бүкіл Ақтерек ауылының тұрғындарына үй салып отыр. Ауылымыздың көшесі қандай таза. Ол – кімнің арқасы. Ол – басшының арқасы. Ол ауыл азаматтарының, әсіресе, Темірланның азаматтығы. Ал Қазақстанның гүлденіп тұрғаны Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Ұрпағымыз иманды. Туған жерге туыңды тік деген, ауылдастарының осындай игі ісіне риза болған ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы Бекен Қожабергенов ағамыз да осы шараны ұйымдастырғандарға рахмет айта келіп, соғыстан оралған бауырларымен бірге жұмыс істегенін, олардың соғыста да, бейбіт өмірде де ерлік жасағандарын тілге тиек етті. Іс-шара барысында қанды қырғын соғысты тұншықтырып, ұрпағына бақыт әкелген ардагерлерімізге мың алғыс білдірген мектеп оқушылары көріністер көрсетіп, шағын концерттік бағдарламаларын ұсынды. Шара соңында тыл ардагерлеріне арнайы дастарқан жайылып, марқұмдардың рухына арнап Құран бағышталды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.