Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылдың қаңтар айындағы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің онкологиялық қызметіне айрықша көңіл бөлді. Үкіметтің 2012 жылдың 29 наурызындағы №366 Қаулысымен «ҚР тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетуді дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасы» бекітілген болатын. Аталған бағдарлама аясында елімізде обырдың ерте анықталуын арттыру және қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді азайту, онкологияның жаңғыртылған қызметін құру жөнінде жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, аурудың алдын алуға, оның ішінде скринингтік бағдарламалар аясын кеңейтуге үлкен мән беріліп отыр. Аурудың алдын алу бойынша тексерулер жүргізу арқылы сүт безі, жатыр мойыншығы, ішек, қуық түбі безі, асқазан, өңеш және бауыр обырларын ерте анықтауға мүмкіндік туды.
Бүгінде бағдарламаны іске асыру аясында имунногистохимиялық референс-орталық ашылды. Бұл орталық телепатология жүйесімен, иммуногистохимиялық, гистологиялық және гистохимиялық зерттеуге арналған қондырғылар кешенімен жабдықталған. Бағдарламаға сәйкес Қазақстан Республикасында бес өңірлік жоғары технологиялық радиациялық онкология орталығын (әрі қарай – ЖТРО) құру жоспарланған еді. Семей қаласында орналасқан диспансер – осындай орталықтардың бірі. Біздің орталық брахитерапия жүргізуге арналған қондырғымен, компьютерлі томограф, магнитті-резонансты томограф, желілі үдеткіш, жоспарлау және верификация жүйесімен жабдықталған. Қондырғылардың арқасында онкологиялық науқастарды емдеуді әлемдік стандарт бойынша жүргізуге мүмкіндік алдық.
2012 жылдан бастап Семей қаласы өңірлік онкологиялық диспансері базасында онкопатологияларды ерте анықтайтын және емдейтін жоғары технологиялық әдістер іске қосылатын ядролық медицина орталығының құрылысы басталды. Мұнда радиоизотопты диагностика бөлімі жұмыс жасайтын болады. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет радиойодотерапия бөлімі ашылады. Оның қызметіне отандық өндірістің радиофармпрепараттары қолданылмақ. Ядролық медицина орталығының жұмысы ядролық технологияны бейбіт мақсатта қолданудың жарқын мысалы болып табылады.
Радиологиялық орталықтың құрылысымен қатар медициналық және медициналық емес бейіндегі мамандарды даярлануда өңірлік ЖТРО жұмысын реттеуге арналған құқықтық-нормативтік актілерді әзірлеу мен іске қосу жұмыстары қолға алынды. Құрамына Семей қаласы өңірлік онкологиялық диспансерінің мамандары енген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, әділет министрліктерінің жұмыс тобы ЖТРО жұмысын реттеуге арналған құқықтық-нормативтік актілерді әзірледі:
– денсаулық сақтау ісі қызметшілері лауазымының номенклатурасына мынадай жаңа мамандықтар енгізілді: медицина физигі, сәуле қондырғысының қызметі жөніндегі инженер, инженер-радиохимик, техник-дозиметрист және тағы басқалар.
– қысқа мерзімді РФП тіркеу жүйесі жеңілдетілді.
– Ядролық медицина орталықтарының штаттық нормативтері жасалып, енгізілді.
Ядролық медицина бойынша диагностика және емдеу хаттамалары әзірленіп, бекітілді. Елбасының тапсырмасы бойынша Семейде радиологиялық медицина кластері құрылатын болады. Аталған кластердің мақсаты – Семей сынақ полигонынан зардап шеккен тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту. Кластерді құру ғылымның, кәсіби білімнің терең дамуын және денсаулықтың сақталуын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Біздің диспансер көптеген халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс жасайды, соның арқасында бірқатар ғылыми жобалар жүзеге асырылды. Жапонияның «JIСА», яғни «Семей өңірі тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметті жақсарту туралы» бағдарламасы бойынша жапондық әріптестермен тәжірибе алмасу жүзеге асырылды. Бұл жобаны іске асыру нәтижесінде өңірдің медициналық мекемелері заманауи емдік-диагностикалық қондырғылармен жабдықталды. Қазіргі сәтте қызметтік байланыс жалғасуда, жапондық морфологтармен бірлесе отырып, асқазан, қалқанша без обырының морфологиялық ерекшеліктері зерттелуде, бірлескен операциялар жүргізілуде.
2009 жылы Халықаралық Қызметтестік жөніндегі Корей агенттігі (КОICА), ШҚО әкімдігі және Семей қаласының өңірлік онкологиялық диспансері арасында «Семей өңірі тұрғындарына көрсетілетін онкологиялық көмекті жақсарту» жобасы бойынша үш жақты келісімшартқа қол қойылды. Бұл жоба аясында медициналық диагностикалық құрылғыларды жеткізу жүзеге асырылды: компьютерлі томограф, мобильді жылжымалы маммограф алынды, 20-дан астам шығысқазақстандық медицина қызметкері Ұлттық обыр орталығында маманданудан өтті.
2007-2009 жылдар кезеңінде МАГАТЭ ұйымымен «Шығыс Қазақстанда радиологиялық қызметті жетілдіру» және «№2 Шығыс Қазақстан облыстық онкологиялық орталығында ядролық медицина бөлімін құру» ұлттық жобалары іске асырылды. Осы арқылы МАГАТЭ диспансер қызметкерлерінің ТМД елдері мен алыс шетелдерде оқып келуін, тағылымдамадан өтуін қаржыландырды, сондай-ақ, жақын фокусты рентгенотерапияға арналған Gulmay D3225 аппаратын, қалқанша безді зерттеуге арналған шағын гамма камера және қосымша қондырғылар алынды. МАГАТЭ ұйымымен бірге жүзеге асырған екі жоба аясында 35 маман оқып келді.
2014 жылы Семей қаласы өңірлік онкологиялық диспансері еліміздің денсаулық сақтау және әлеуметтік даму мен әділет министрліктері атынан «Қазақстан Республикасында радиациялық онкологияның жоғары технологиялық орталықтарын құру» атты Ұлттық жобаны 2016-2019 жылдары іске асыруға тапсырыс берді. Бұл жоба МАГАТЭ ұйымының бекітілу сатысында жатыр. Біздің диспансеріміз осы жобаның үйлестірушісі.
Еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және ШҚО әкімдігі арқылы 18 маман даярланды. Сондай-ақ, біз, Семей қаласы мемлекеттік медицина университетінің медицина ғылымдарының докторы, профессор Т.Әділханов басшылық ететін Д.Мусинов атындағы онкология және визуалды диагностика кафедрасының клиникалық базасы болып табыламыз. Кафедрада резидентура, магистратура, PһD-докторантура бағдарламасы аясында онкоқызметке арналған мамандар дайындалады. Қазіргі уақытта кафедрада Оңтүстік-Шығыс Азияның (Жапония, Корея, Малайзия және тағы басқа елдер) ғалымдары мен біздің диспансеріміздің дәрігерлері бірлесе отырып, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ғылыми гранты аясында қаржыландырылатын сүт безі обырын сәулемен қарқынды және тиімді емдеу жөніндегі «Forum of Nuclear cooperation of Asia» ғылыми жобасы басталды. Кафедра базасында жыл сайын Нагасаки және Хиросима университетінің профессорларымен бірге обырдың радиоиндуцирлі формасын ерте анықтау және емдеу жөнінде шеберлік сабақтары өткізіліп келеді.
Марат САНДЫБАЕВ,
Семей қаласы өңірлік онкологиялық диспансерінің директоры, медицина ғылымдарының докторы,
профессор.
СЕМЕЙ.