Қазір шүкір, талпынған адамға жұмыс табылады. Тек ынта -ықылас болсын де. Өңірде істің ұтырын тауып, өз кәсібін дөңгелентіп кеткендер қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұған халықтың нарықтық экономиканың талаптарын жете түсініп, кәсіпкерлікті игеруге талаптануы да алғышарт жасауда. Сондай-ақ, Үкімет те бұл бағытта орта және шағын бизнеспен айналысушыларға қолдау-көмек беретін бағдарламаларды жүзеге асыруда. Осындай жұмыссыздарға «екі қолға бір күрек» табуға мүмкіндік тудырып отырған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көрушілердің арасында бұрын қазаққа тосындау көрінетін кәсіппен айналысып, тұрмысын түзеп жатқандар да баршылық. Соның бірі осы бағдарламаның екінші бағытына қатысушы Қобда ауылының тұрғыны Майра Бимашева десек қателеспейміз. Ол кезінде қазақ қоректік қуаты бар асқа санамаған саңырауқұлақ өсіріп, отбасының нәпақасын айырып отыр.
Әрине, біздің өңірге тосындау кәсіппен айналысу Майра Нұрланқызына оңайға түскен жоқ. Бастапқыда жүрексінгені да рас. Оған саңырауқұлақ өсірумен айналысуға апасы Ақмарал ақыл-кеңес берген екен. Өз ісімді ашсам деп жүрген жас келіншектің бастамасын жолдасы Амандық та қолдай кетеді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, екі бірдей ет жақынынан қолдау тапқан Майра Бимашева 2014 жылы шілде айында Қобда ауданының жұмыспен қамту орталығына келіп, қалай шағын несие алуға болатыны туралы кеңес алады. Сол жылы тамыз айында кәсіпкерлік негіздеріне оқып, қолына сертификат тиісімен шаруаны жүргізуге кіріседі. Өз кәсібін жүргізудің қыр-сырына қаныққан оның бойына сенімділік ұялай түседі. Өткен жылы қыркүйек айында саңырауқұлақ өсіру және өткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020 » мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында 1,5 миллион теңге несиеге қол жеткізеді. Алған қаражатқа жалпы алаңы 30 шаршы метр шағын жылыжай салып, 100 келі мицелий, қосымша тыңайтқыштар және басқа қажетті заттарды сатып алады. Жолдасы Амандық қажетті құрал-жабдықтарды орнатуға қолғабыс береді. Сөйтіп, қобдалықтар үшін тың шаруа – саңырауқұлақ өсіруге кірісіп кетеді. – «Вешенка» саңырауқұлағын бізде де өсіруге болатынын естігенде бойымда осы кәсіппен айналысуға деген құлшыныс пайда болды. Үлкен жер телімі мен бастапқы капиталы жоқ кәсіпкерге тиімді технология екен. Бұл саңырауқұлақтарды үйде, шағын жылыжайда өсіруге болады. Қара есепке салып қарасам, оның өткізу бағасы картоп, қырыққабат, қиярдан әлдеқайда қымбат болып шықты. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, жұмысты бастадым, – дейді жас кәсіпкер Майра Бимашева қазір. Алайда, бәрі оңтайынан келе қоймағаны да шындық. Оның айтуынша, қыстың көзі қырауда саңырауқұлақ өсіруге қажетті астық сабанын табу қиынға түсіпті. Субстратты дайындау үшін туралған сабанды ыстық суға буландырып, суығаннан кейін полиэтилен қапшықтарға салып, мицелиймен араластырған. Саңырауқұлақ тұқымын ыстық суға шыланған залалсыздандырылған ұсақталған сабанға отырғызады, қосымша минералды тыңайтқыштармен қоректендіреді. – Содан кейін барып өздеріміз ауладағы үйшікте жасалған жылыжайдағы сөрелерге қоямыз, үш күн өткеннен кейін барып, өсіп шығуы үшін қаптардың бес-алты жерінен тілімдер жасалады. 15-20 күннен кейін қаптардағы тілімдерден саңырауқұлақтар өсіп шыға бастайды. Ол үшін оны өсіру технологиясын қатаң сақтау қажет. Бір қаптан 3 келіге дейін «Вешенка» саңырауқұлағын жинауға болады. Бұл өзі ұңғыл-шұңғылы көп шаруа. Саңырауқұлақ жылуды сүйеді, бөлмедегі болмашы ауа өзгерісіне де сезімтал. Кездейсоқ бактериядан қырылып қалуы да мүмкін. Көп адамның саңырауқұлақ өсіруден бойын аулақ салатыны да сондықтан, – дейді кәсіпкер келіншек. Майра қарындасымыз саңырауқұлақ тұқымы – мицелийді Шымкеттен сатып әкелген. Бір саңырауқұлақ блогын жасау үшін 200 грамм мицелий жұмсалады екен. – Тек тез арада аста-төк пайда табуды көздесең, табысқа жете алмайсың. Бар ынта-ықыласыңмен жұмыс істеу қажет. Шаруаны жүргізу барысында көп нәрсені оқуға, ізденуге тура келді, – дейді ол сөз арасында. «Вешенка» саңырауқұлағы керемет дәмімен де, қоректік қуатымен де ерекшеленді. Оның адам ағзасынан радинуклидтерді шығаратын, ісік жасушаларымен күресетін шипалық қасиеті де бар екенін айтады білетіндер. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында шағын жылыжайда өсірілген саңырауқұлақтан екі рет өнім алынған. Кәсіпкер бұл саңырауқұлақтарды Ақтөбе қаласындағы мейрамханалар мен дәмханаларға, қоғамдық тамақтандыру орындарына өткізген. Болашақта дүкендер мен базарларға да шығаруды көздеуде. Өз кәсібінің көзін тапқан, табыстың дәмін татқан кәсіпкер келіншектің болашаққа бағытталған жоба-жоспары да жоқ емес. Ол алдағы уақытта саңырауқұлақты тұздап, маринадтап, өңдеп, қалбырға салып саудаға шығаруды ойластыруда. Түрлі салаттар жасайтын, саңырауқұлақ қосылған манты, тұшпара, паштет шығаратын цех ашуды қарастыруда. Саңырауқұлақ тұқымын зерттейтін зертхана керектігі де ойында жүр. – Тың кәсіптің қыр-сырын ұғынып іс қылып жатқан жас кәсіпкердің өнегесі өзгелерге де қозғау салары сөзсіз. Биыл осы бағдарламаға қатысуға тілек білдірген 98 адамның 52-сі әлеуметтік келісімшартқа қол қойды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 20,7 миллион теңге бөлініп, 10 жаңа жұмыс орны ашылды, ал екінші бағыты бойынша 10 адам қайта қаржыландырудан 20,2 миллион теңге шағын несие алды, 8 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда. Үшінші бағыт бойынша 27 жұмыссыз әлеуметтік жұмыстарға орналастырылды, 25 адамды жастар тәжірибесінен өткізу көзделуде, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Інжу Аетова.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы, Қобда ауданы. Суретте: жас кәсіпкер Майра БИМАШЕВА.