• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2015

«Мың жылда бір болатын той» Чешенстанда өтті

339 рет
көрсетілді

Біреу үйленген екен, онда тұрған не бар дейміз ғой. Бірақ Чешенстанда аудандық полицияның бастығы 47 жастағы Нажуд Гучиговтың 17 жасар Хэда (Луиза) Гойлабиеваға үйленуі қазір ақпарат құралдарының, әсіресе, әлеуметтік желілердің айға жуық уақыттан бергі басты тақырыбына айналып отыр. Осы жерде Чешен Республика­сының басшысы Рамзан Қадыров­тың сөзін келтіру қажет болып тұр: «Мен бүгінге дейін ғасыр тойы деп мұрагер Уильям мен Кэтрин Мидлтондардың некелесу салтанатын айтуға болар деп ойлаушы едім, – деді ол өзінің Instragram-ын­да. – Бірақ соңғы біраз күннің оқи­ғасы Нажуд Гучигов пен Луиза Гой­лабиеваның үйлену тойы мың­жылдық салтанаты болатынына сенімдімін. Бұл үйлену тойына қызығушылық танытқан БАҚ саны қазір 1,5 мыңнан асты. Австралиядан, Монакодан хабарласып жатыр. Грозный қаласында өтетін Нажуд пен Луизаның некесін қию салтанатына келіңіздер!». Шақыруға республика басшысы жүрген соң, шамасы келгендер баратыны анық. Қалыңдықты сол салтанатқа республика басшысы әкімшілігінің жетекшісі Махомед Даудов қолтықтап апарды. Тойда Рамзан Қадыровтың өзі «Лезгинканы» биледі. Сонда бас­қалар қайтып тұрсын. Бәрі де шабылды. Расында да, той даң­ғазалықтың биік шыңына көтерілді. Сонда бұл тойға жұрттың назары неге ауды? Өткен сәуір айының соңғы күндерінде «Новая газета» басылымында оның тілшісі Елена Милашкинаның Чешенстанның Ново-Юрт ауданындағы Байтарки ауылында бір мектеп оқушысын жасы біразға келген аудандық полиция бастығы әйел үстіне алмақ көрінеді, оған қыздың ата-анасы амалсыз көнеді екен, әйтпесе, бұларға полиция бастығы қиянат жамасақ деген мақаласы шығып, жұртты елең еткізді. Бұған Рамзан Қадыров араласып, айрықша белсенділік көрсетіп, бұл үйленудің заңға ешқандай қайшылығы жоқтығын, әлемде бұл әдеттегі жағдай екенін түрлі мысал­дармен «дәлелдеді». Тіпті, атақ­ты Алла Пугачеваның өзінен екі есе жас Максим Галкинге тигенін айтады. Әңгіме Ресей Конституция­сы бойынша некеге тұру 18-ден басталатынында. Қалыңдық – 17-де. Заңсыздық. Рас, кәмелетке тол­мағандардың некеге тұрып жата­тыны бар. Барлық жерде де ондай­ларға заң да кеңшілік жасайды. Ал Қадыров өз қызметкерінің әрекетін заңға сай етіп көрсеткісі келеді. Бұл жерде Қадыров жеке емес, оны Ресейдің бала құқы жөніндегі өкілі Павел Астахов та қолдап отыр. Кавказда эмансипация және жыныстық жетілу ерте болатынын алға тосып, бұл некені заңға сыйыстырған. Тіпті, ерте үйлену керек, әйтпесе, 27 жасыңда кемпір боласың деген пікір айтып, әйел қауымның шамына да тигені бар. Қазір сол Астаховты орнынан алу жөнінде 15 мың адам қол қойған петиция президент Путинге жолданды. Сірә, бұл оның түбіне де жететін шығар. Сөз басында айтқандай, біреу үйленген екен, онда тұрған не бар деуге де болғандай-ау. Тіпті, ымы­рамен де бітетін нәрсе. Сол Че­шенстанда бұдан басқа шеше­тін мәселе жоқ па дейсің. Рам­зан Қадыровтың осы істегені белсен­ділігі таңдандырады. Заңсыздық­ты қолдағанда не табады? Осыдан біраз бұрын Қадыров Ресей­дің басқа аймағынан келген құқық­­танушыларды ату керек деп те шу­латқан. Украинаның шығысын­да чешен еріктілері бар деп те мақтанған. Енді терроршы Царнаев­ты заңсыз жазаладыңдар деп АҚШ-қа да қыр көрсетеді. Сірә, айқай-шу, даңғазамен бедел көтерілмес.