Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичтің елімізге ресми сапарына орай кеше Астанада екі елдің бизнес өкілдері бас қосқан бизнес-форум болып өтті. Оған Сербия Президентімен қатар Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты.
Форумда сөйлеген сөзінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстан мен Сербия арасында ынтымақтастықтың әлеуеті зор екендігін атап өтті.
«Бiз Сербия тарихы бай және тез дамитын экономикасы бар мемлекет екенiн бiлемiз. Оның географиялық жағдайы, тарихы мен дәстүрi, Сербия қайраткерлерiнiң бiрi Әулие Савва Сербский айтқандай, «батыста шығыс болуға, шығыста батыс болуға» мүмкiндiк бердi. Бiздiң мемлекеттерiмiз арасындағы ынтымақтастық әлеуетi өте үлкен. Жан-жақты ынтымақтастықты дамыту үшiн көптеген мүмкiндiктер мен бағыттар бар. Қазақстан Сербияның өңiрдегi негiзгi және келешегі зор сауда және инвестициялық серiктестерiнiң бiрi бола алады. 2015 жыл біздің өзара қарым-қатынасымыз үшін айрықша маңызды кезең. Қазақстан дипломатиялық өкілдігін Белградта ашып, Сербия азаматтары үшін визасыз режім енгізді.
Қазақстан ДСҰ мүшесі ретінде бизнес үшін қолайлы ортаны қолдау мен дамыту тұрғысында барлық күш-жігерін салуда», деді Премьер-Министр. Сонымен қатар, К.Мәсімов еліміз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен табысты ынтымақтасып отырғандығын, бұл өз кезегінде халықаралық стандарттар мен үздік әлемдік тәжірибені енгізуге мүмкіндік беретіндігін айтты.
«Қазақстанның мақсаты – отыз ең дамыған әлем елдерінің қатарына кіру. Бұл өз кезегінде біздің индикаторлар мен инвестициялық тартымдылықты жақсартып, жетілдіру үшін барлық қажетті жұмыстарды атқаратындығымызды білдіреді», деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр сербиялық бизнесті кәсіпкерлер үшін арнайы жасалған барша шаралар мен жеңілдіктерді пайдалануға шақырды. Бұл тұрғыда инфрақұрылымды, металлургия, мұнай-газ және химия кешенін, құрылыс материалдары өндірісін айтуға болады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ, білім мен адами капиталды дамыту екі елдің ынтымақтастығын үдету үшін лайықты база бола алатындығын тілге тиек етті.
К.Мәсімов Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында жаңғырмалы энергия көздерін, инновациялық білімді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатқандығын айта келе, осы бағытта жаңа технологиялар мен білім, тәжірибе алмасу серіктестердің өзара іс-қимылының нәтижесінде жүзеге асатындығын жеткізді.
«Біз Сербиямен ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастықты көздеп отырмыз және бұл байланыстар әлемдік экономикадағы барлық сын-қатерлерге төтеп бере алады деген ойдамыз», деді ол.
Өз кезегінде Сербия Президенті Томислав Николич Қазақстан Премьер-Министрінің сөзіне қолдау білдірді.
«Сiздердің маған Қазақстанның бизнес-қауымдастығымен кездесу мүмкiндiгiн ұсынып отырғандарыңызға алғыс бiлдiремiн. Бiздiң елдеріміз бүгінде тығыз саяси қарым-қатынас орнатып отыр. Сербия мен Қазақстанның маңызды сегменттерi бiр-бiрiн толықтырады. Бiр-бiрiмiзден үйренетініміз көп. Бүгiн сiздер отыздан аса сербиялық компаниямен танысу мүмкiндiгiне ие болдыңыздар», дей келе, Т.Николич құрылыс саласындағы сербиялық компаниялардың көпшiлiгi Қазақстанда бұрыннан жұмыс iстеп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, ол Сербия ауыл шаруашылығы саласында да біраз тәжірибесімен бөлісе алатынын алға тартты. Сербия астық өңдеудiң заманауи технологиясы мен жоғары санатты материалдар ұсына алады, деді ол. Бұл Қазақстанда астықты екi есе көбейтуге мүмкiндiк бермек.
«Сербия экономиканы тұрақтандыру үшiн барлық жағдайды жасады. Сербияға келiңiздер. Бiздiң достығымыз бен менiң сөзiм Сербиядағы сенiмдi бизнестiң кепiлi болады. Бiз сiздердiң инвестицияларыңыз тиiмдi әр табысты болуы үшiн барлығын жасаймыз», дедi Т.Николич. Шындығында, Сербия Республикасы құрылыс, құрылыс материалдары индустриясы, энергетика, тау-кен iсi саласында Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытып отыр.
Қазақстан-Сербия бизнес-форумы аясында «KAZNEX INVEST» АҚ пен Сербияның Сауда-өнеркәсiп палатасы арасындағы өзара түсiнiстiк туралы меморандумға және «KAZNEX INVEST» АҚ пен «Energotehnika-Juzna Backa d.o.o» арасындағы өзара түсiнiстiк туралы меморандумға қол қойылды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».