«Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 21 тамыздағы № 369 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы
Қаулы етемін:
1. «Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 21 тамыздағы № 369 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 67, 952-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындау қағидаларында:
3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Ұлттық баяндама құрылымына қойылатын талаптар тізбесі:
1) кіріспе – Ұлттық баяндаманың мақсаты;
2) қазақстандық ғылымның соңғы 3 жылдағы ғылыми-метрикалық талдауы ұсынылған жалпы сипаттамасы, қазақстандық ғылымның жетістіктерін (ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің неғұрлым маңызды нәтижелері, енгізілген әзірлемелер) талдау, ғалымдардың зерттеу белсенділігінің көрсеткіштері (жарияланымдар саны, дәйексөзге алыну индексі, журналдардың импакт-факторы, патенттік белсенділік);
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған, ғылымның бағыттары бойынша іргелі және қолданбалы басым зерттеулерді негіздеу және олардың іске асырылуын талдау;
4) ғылыми ұйымдардың және жоғары оқу орындарының, ғылыммен айналысатын дербес білім беру ұйымдарының ғылыми әлеуетінің, сапалық құрамының жай-күйін, отандық ғылыми кадрларды даярлау сапасын, шетелдік ғалымдарды тартуды, ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін ғылыми зертханалардың қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылуын талдау;
5) мемлекеттік бюджет қаражатынан жүзеге асырылатын ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің қаржыландырылуын, ғылымға жекеше сектордан қаржы қаражатының тартылуын талдау;
6) ғылым дамуындағы әлемдік үрдістерді, шетелдік және халықаралық ғылыми ұйымдармен ғылыми техникалық келісімдерді іске асыру нәтижесінде алынған қазақстандық ғылымның жаңалықтары мен жетістіктерін талдау;
7) технологиялар мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетіктері арқылы ұлттық инновациялық жүйенің дамуын, ғылымның, өнеркәсіп пен бизнес-қауымдастықтың ықпалдасуын талдау, ғылымның ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі мен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің жалпы ішкі өнімнің өсуіне әсерін бағалау;
8) салалық уәкілетті органдардың ғылымды және ғылыми-техникалық қызметті басқару жөніндегі қызметін талдау;
9) ұлттық ғылыми жүйені одан әрі дамыту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстар;
10) әдебиет;
11) глоссарий.
4. Ғылым саласындағы уәкілетті орган Ұлттық баяндаманы дайындау үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдардан ақпарат сұрата алады.
Ұлттық баяндаманы дайындау үшін уәкілетті органның сұратуы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдар жыл сайын 15 ақпаннан кешіктірмей ақпарат ұсынады.
Ұлттық баяндама үшін материалдар дайындау кезінде ғылым саласындағы уәкілетті орган ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары мен дербес білім беру ұйымдарының ұсыныстары негізінде сарапшылық топ құрады.
Әлемдегі және Қазақстандағы ғылымның даму үрдістерін талдауды және айқындауды қамтитын материалдар Ұлттық баяндаманың бүкіл көлемінің кемінде 2/3-сін (парақпен) құрауға тиіс.
Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы Ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестіреді.».
2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2015 жылғы 21 мамыр. № 27