АСТАНА. 30 тамыз. Прокуратура органдары өзге де құқық қорғау және фисқалдық органдармен бірлесіп жалған кәсіпкерлікке тосқауыл қою бойынша мақсатқа бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы жылдың өткен кезеңінде прокурорлардың арыздары бойынша жалған кәсіпкерлік белгілері бар 197 заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуінің күші жойылды, 115 арыз соттардың қарауында жатыр.
Мемлекеттік тіркеуінің күші жойылған заңды тұлғалардың контрагенттеріне қадағалау актілері бойынша мемлекеттік кіріс органдары 31 млрд. теңге кірісті қайта есептеді, бүгінгі таңда олардың 6,9 млрд. теңгесі бюджетке қайтарылды.
Сонымен қатар, Бас прокуратураның арнайы прокурорларының өндірісіндегі жалған кәсіпкерлік фактісі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істің шеңберінде 4,2 млрд.-тан астам теңге көлеміндегі салықтың мемлекет кірісіне өндірілуі қамтамасыз етілді.
Айдар Өрісбаев.
Дерек: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Сурет: egemen.kz.