Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялағаннан бері елімізді әлемдегі дамыған отыздықтың құрамына енгізу барша қазақстандықтардың ортақ мақсатына, ұлттық идеясына айналды. Осы мақсатқа жету үшін жасалатын 100 нақты қадамды Елбасы айқындап берді. Мұнда Ұлт жоспарында қоғамның барлық саласын одан әрі жетілдіру бойынша нақты іс-шаралар қамтылған.
Дегенмен, басты назар – кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға бағытталғанын ерекше айта кеткеніміз абзал. Себебі, өз ісін жетік білетін, білімді әрі білікті, талантты, адал да елжанды мемлекеттік қызметшілер елге қызмет етпейінше, бұл реформаларды іс жүзіне асыру мүмкін еместігі баршамызға белгілі. 100 қадамнан құралған Ұлт жоспарында дамыған елдердің озық тәжірибелерінің негізінде еліміздің мемлекеттік қызмет саласын реформалау бойынша жаңа міндеттер қойылды. Енді мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметке төменгі лауазымдардан бастап тағайындалады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшінің, біріншіден, маман ретінде қалыптасуына, екіншіден, халықпен тығыз жұмыс істеуге, тұрғындардың мұң-мұқтажын түсінуге үйретеді. Бүгінде жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар немесе өмір бойы басқа салада еңбек еткен азаматтар бірден жоғары лауазымдарға тағайындалып жататынын байқауға болады. Мемлекеттік қызметтің қайнаған қазанында піспеген, тәжірибесіз маманның сапалы, кәсіби жұмыс істеуі екіталай дүние. Сондай-ақ, ғайыптан пайда болған басқарушыға қарағанда, өз ісімен, адал қызметімен ел арасында абыройға ие болған басқарушыға халықтың сенімі де артатындығы айдан анық. Ұлт жоспарының келесі бір игі қадамы – төменгі лауазымдарға кандидаттарды реттеу және олардың одан әрі лауазымдық өсуі іскерлік қасиеттері негізінде жүзеге асырылады. Меритократия қағидатына негізделген мемлекеттік қызметшілерді тағайындаудың осындай жүйесіне көшу – мемлекеттік аппараттың сапасын жақсартатыны сөзсіз. Бұл мемлекеттік қызметтегі кадр саясатының ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру құралына айналады. Мемлекеттік қызметшінің іскерлік қасиеттері тек заңнаманы білу бойынша тестілеу нәтижесімен ғана емес, сондай-ақ, адамгершілік қасиеттерін анықтауға бағытталған қатаң сынақтардан өткізу, жүз жылдан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты қолданылып келе жатқан полиграфияны енгізу арқылы анықталу қажет. Бұл өз кезегінде теріс қылықтарға жақын, мәселен, ішімдікке, нашақорлыққа, алаяқтыққа бейімділігі бар немесе денсаулығында олқылықтары бар, яғни психологиялық ауытқуларға шалдыққандардың мемлекеттік қызметке орналасуына тосқауыл болар еді. Мемлекеттік қызметтің мәртебесіне деген құрметтің төмен сатылы қызметтік орындардан басталуы лауазымды тұлғаның қандай қиындықта да оңтайлы, тығырықтан алып шығар шешім қабылдауына, ұжымды ұйыта білуіне негіз қалайды. Сондықтан, аталған жоспардың 2-қадамында Елбасы бұл жайт туралы нақты тапсырма жүктеп отыр. Бұл барлық мемлекеттік құрылымдарда жүзеге асырылады. Әр мемлекеттік органдарда аға, орта және кіші буынның бірге жұмыс істеуі қоғамдық дамуда да айрықша маңызға ие. Сондықтан, біз мемлекеттік қызметте өсудің бұл мектебін қалыптастыруға тиіспіз.
Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облыстық департаменті басшысының орынбасары – облыстық тәртіптік кеңес төрағасы.
Өскемен.