Көше фестивальдары отбасылық демалыстың заманауи қолжетімді пішіміне айналды. Қала күні мерекесі аясында бастау алған осындай игілікті шараның бірі – «Астана-Park Land» қалалық саябақтар фестивалі болды. Елордадағы «Студенттік», «Арай», «Астаналық» және «Ғашықтар» саябақтарының әрқайсысының өз тақырыбы бар. Мереке күндері олар этносаябақ, тарихи саябақ, диско саябақ және арт-саябаққа айналды.
Мереке күндері астаналықтар мен қала қонақтары үшін уақытты қызықты да мазмұнды өткізудің барлық мүмкіндіктері қарастырылған. Әсем безендірілген көшелер мен алаңдар нағыз театр сахналарына, концерттік орталықтарға айналған. Шаттық құшағындағы елорданың қай ауданына барсаңыз да мерекелік шаттыққа бөленесіз. Бұл үрдіс қалалық саябақтарда да кең көрініс табуда.
Фестиваль шеңберінде этнопаркте Ұлы Жібек жолы жәрмеңкесі дәстүрлері сақталып, шығыс базарының үлгісі қойылған. Тарихи саябақтың интерактивті экспозициясында реконструкциялық алаңдар ұсынылған. Диско саябақта осы заманның атмосферасы сақталған. Арт-саябақ аумағы интерактивті Арбатқа ұқсас. 2015 жылдың атаулы оқиғалары – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы да фестивальдің безендірілуі мен тақырыптық бағдарламасында көрініс тапқан. Саябақтарда өтетін отбасына арналған көптеген шеберлік сағаттары мен интерактивті ойын-сауықтар мерекені жарқын әрі ұмытылмастай ете түседі.
Жарас СӘДУАҚАСОВ.