• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2015

Байқоңырда ғарышкерлер баспасөз мәслихатын берді

265 рет
көрсетілді

БАЙҚОҢЫР. 1 қыркүйек. Ертең таңертең Астана уақыты бойынша сағат 10:37-де «Союз ТМА-18М» зымыраны Халықаралық ғарыш кешеніне ұшады. Бүгін ғарышкер Сергей Волков, Айдын Айымбетов, Андреас Могенсен журналистерге арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ғарышкерлер көңіл-күйлерінің өте жақсы, ғарышқа сапар шегуге дайын екендерін мәлім етті. Тыңғылықты тексеруден кейін мемлекеттік комиссия негізгі топты, яғни ресейлік Сергей Волковты, қазақстандық Айдын Айымбетовті, даниялық Андреас Могенсенді «Союз ТМА-18М» зымыранымен Халықаралық ғарыш кешеніне ұшуға тіркеген. «Команда түгел дайын. Сапарымыз сәтті болады деген ойдамын. Халықаралық ғарыш кешеніндегі жұмыс уақытымыз бен орналасатын орындарымызға дейін нақты белгіленіп қойған. Алдағы аздаған демалыстан соң ғарыш сапарына дайындалатын боламыз»,– деді командир Сергей Волков. Қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов бала күнгі арманы мен Елбасына берген уәдесінің орындалатынына бек зор қуанышты. «2009 жылы ғарышқа ұшамыз деп жоспарлаған кезде біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысқа шықтық. Сол уақытта мен Мемлекет басшысына «Халықаралық ғарыш кешенінде Қазақстанның көк байрағы желбірейтін күн жақын» деп уәде беріп едім. Осы сапарымда мен Елбасына берген уәдемді орындаймын», – деді Айдын Айымбетов. Ғарышкерлерді шығарып салуға олардың жақындары мен отбасы мүшелері келді. Ал түс қайта вице-премьер Бердібек Сапарбаев Айдын Айымбетовке ақ жол тілеп, ту тапсырады деп жоспарлануда. Ержан Байтілес. Дерек: egemen.kz. Сурет: «ҚазАқпарат».