Талдықорғанда Елбасының «Ақыл-парасат» кітабының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Әуелгі кезекте, «Әлем таныған егемен елдің Елбасы» атты слайд-шоу мен Мемлекет басшысы туралы кинофильм көрсетілді. Жазушы Роллан Сейсенбаевтың жетекшілігімен құрастырылған бұл кітапқа Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осыған дейін мерзімдік басылымдарда жарияланған ой-толғаулары, мақалалары енгізілген.
Жетісудың кіндік қаласы – Талдықорғанда зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан игі шарада кітап жан-жақты сарапталып, оң пікірлер айтылды. Негізі, бұл туындыны жарыққа шығарған AMANAT» кітапханасының редакциялық кеңесіне тек қазақстандық қана емес, Жапония, Англия, Украина, Татарстан, Франция, Финляндия елдерінің қалам ұстаған азаматтары енгізілген.
«Астана күні мерекесінің қарсаңында Елбасының «Ақыл-парасат» атты кітабы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен «Жетісу кітапханасы» айдары аясында жарыққа шығып, оқырмандарына ұсынылды. Мемлекетіміз тәуелсіздігін алған күннен бастап, Елбасының Қазақстан Республикасы аумағында ғана емес, халықаралық мінбелерде айтқан келелі пікірлері мен тұщымды ойлары осы кітапта жарияланды. Кітаптағы тіл, дін, мәдениет, ұлтаралық татулық және күнделікті өмірде туындайтын мәселелер өскелең ұрпақ қажеттілігін өтейді деп сенім артамын», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.