АСТАНА. 19 қазан. Кеше АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында отандасымыз, боксшы Геннадий Головкин канадалық Давид Лемьемен жұдырықтасып, 34-жеңісіне қол жеткізді. Осыған орай еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жерлесімізді жарқын жеңісімен құттықтады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құттықтау жеделхатында: «Сіздің бұл жеңісіңіз Қазақстан бокс мектебінің әлем бойынша үздіктер қатарында екенін тағы бір дәлелдеді. Біз сіздің осындай жарқын жеңістеріңізді мақтан тұтамыз! Сіз, тәуелсіз Қазақстан спорты үшін маңызы аса жоғары биіктерді бағындырдыңыз. Кәсіпқой рингтегі шеберлігіңіз Қазақстан спортының даңқын бұрынғыдан да асқақтата түсті. Ал атақты Madison Square Garden аренасында орта салмақта IBF тұжырымы бойынша чемпиондық белдіктің иегері болған канадалық Давид Лемьені жеңуіңіз барша қазақстандықтарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Бұл жеңіс өскелең ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімін тудырады. Қазақстан боксының жанкүйерлері алдағы уақытта сізден тек осындай жарқын жеңістер мен қызықты жекпе-жектер күтеді. Жеңісіңіз құтты болсын!», – делінген.
Айта кетейік, аталған айқас нәтижесінде біздің сайыпқыран 8-раундта қарсыласын техникалық нокаутпен жеңіп, орта салмақта WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымы бойынша чемпиондық атағын қорғап қана қоймай, қарсыласына тиесілі болған IBF нұсқасының чемпиондық белдігін иемденді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі.
Сурет: vk.com.