Шүкіршілік етейік, елімізде Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында тыныш, бейбіт күн кешудеміз. Алайда, алаңдатарлық жайттар көп-ақ. Солардың бірі – көлденең көк аттылардың ептеп көбейіп бара жатқаны, ертең едәуір проблема туғызып жүрмей ме деген ой да жоқ емес. Вокзалдың маңайында да, сауда орындарында да қаптап жүргендер де солар.
Ондайлардың жанында жүрген кіп-кішкентай періштелерді көргенде жүрегің елжірейді. Бір жолы соған куә болғаным бар. Астана шаһарындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚО) алдында жалаңаяқ кәмелетке толмаған бір жеткіншек жүр. Өткен-кеткеннен қайыр сұрайды. Бір кезде бала тысқары шыға беріп еді, баланың анасы аяқ киімін қалқалап кигізіп жатты. Мұны қалай түсінуге болады? Анасының ойы, халық жалаңаяқ баланы көргенде жанашырлық танытып, нан-пұлға тиын-тебен береді дегені болар, сірә?! Туған анасының баласының денсаулығын ойлаудың орнына осындай жалған әрекетке өзі барып отырса, басқадан не үміт, не қайыр? Мына, жаңа заманның адамы неге мұндай аярлыққа барып жүр? Өз Отанымыздың азаматтарының арасынан да арагідік ондай көріністер кездесіп қалатынын жоққа шығара алмасақ керек.
Иә, қазақ деген ұлы еліміздің ұрпағы ретінде жас та болса, бас қаламыз Астана келбетінің ашылуына сіз бен біз болып үлес қоса білсек, нұр үстіне нұр болары хақ! Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жаңа Астананың қаласы да, адамдарының санасы да жаңа болсын», – деген болатын. Осыған сай болу бәрімізге парыз деп білемін. Атам қазақ парызды білген ертеңге қарыз болмайды, дейді.
Нұрмаханбет АХАТАЕВ,
Астана қаласының тұрғыны.