Төлегеновтер отбасын тек облыс жұртшылығы ғана емес, бүкіл еліміз танып қалды. Олар күзде «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық сатысынан жеңімпаз атанып, республикалық байқауға да қатысты. Онда жеңімпаз атанбағанымен сегіз баланы қамқорлыққа алып, тәрбиелеп өсіріп отырған Нұрлан мен Гүлжауһар өздерінің мейрімімен, еңбегімен талайды тамсандырып, алғысқа бөленіп қайтқан еді. Төлегеновтер отбасы елімізде бірінші болып отбасылық балалар үйін құрғалы отыр.
Жақында Нұрлан жүргізуші болып істейтін «KMF» шағын несие ұйымы бұл отбасына шағын автобус сыйға тартты.
– Төлегеновтер Астанаға барып, республикалық байқауға қатысқанда біз бүкіл ұжым болып, оларға дауыс бердік. Әрине, олардың жеңісін тіледік. Әңгіме жеңуде ғана емес. Өзінің бір баласымен қоса сегіз баланы асырап алып, бақытты ету Төлегеновтер отбасының басты жеңісі екенін барлығы да мойындайды. Біз оларға он орындық шағын автобусты сыйға тартуды ойладық, мұны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деп түсінеміз, – деді «KMF» шағын несие ұйымы жұртшылықпен байланыс жөніндегі басқарма төрағасының кеңесшісі Рауза Ибрагимова.
– Енді балалармен демалуға бәріміз бірге шығатын болдық. Біздің отбасы үлкен болғандықтан, табиғат аясына шыққанда папасы барлығымызды бірнеше рет таситын, енді автобусқа барлығымыз да сыямыз! – дейді қуанған Гүлжауһар. Берекелі отбасына сыйға тартқан көліктің құны 10 миллион теңге тұрады. Оның сыртында «KMF» ұйымының барлық облыстардағы 18 филиалының қызметкерлері 2 миллион 300 мың теңге қаржы жиып берді. Оны Нұрлан өздеріне арнап салынып жатқан үйге жаратпақ.
– Бізде Нұрлан үш жыл жұмыс істейді. Оның жасап отырған сауапты ісі біздің ұйымшыл ұжымымыз үшін мақтаныш, үлгі аларлық азамат, – деді «KMF» шағын несие ұйымы Қостанай филиалының директоры Нағашыбай Күркенов. Қараусыз қалған бірнеше ұлттың балаларын ата-аналық мейірімге шомылдырып, бақытты етіп отырған Нұрлан мен Гүлжауһар Төлегеновтердің отбасына қандай сыйлық та лайық.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.