Биылғы жазда Жамбыл облысы тұрғындарының денсаулығын жақсарту және денсаулық сақтау жүйесін медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі мен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Міне, соның арқасында жақында Тараз қаласындағы медициналық колледжі жанынан С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылды.
Ынтымақтастық туралы бұл екіжақты меморандумның негізгі бағыты – медицина қызметкерлерінің әлеуетін жетілдіру, әлеуметтік медицинаны дамыту. Яғни, Тараз қаласында аталмыш университеттің филиалын аша отырып, қашықтықтан оқыту мен телемедицинаны енгізу, әлемдік деңгейдегі шетелдік мамандарды шақыру. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде диагностикалау және емдеудің жаңа технологиялары мен мамандандырылған көмекті енгізу. Сондай-ақ, 2015-2016 жылдар аралығында Тараз қаласы мен Жуалы ауданында медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуді, Жамбыл ауданы Қызылтаң ауылында орналасқан «Айша бибі» шипажайы базасында оңалту көмегін көрсетуді дамыту болып табылады. Сондықтан Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен ашылып отырған университет филиалы аймақта резиденттер дайындау және оқу орнының студенттерін емдеу мекемелерінде интернатурадан өткізу, жоғары курс студенттерін дайындау және медицина мамандарының кәсіптік біліктіліктерін арттырумен айналысады. Әрине, осыдан кейін аймақтық филиалдың базасында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы жұмыс істеп, олар өз кезегінде тек оқу орнының студенттерін ғана емес, емдеу-алдын алу мекемелерінің қызметкерлерінің де біліктіліктерін арттырумен айналысатын болады.
Соңғы жылдары Жамбыл облысының медицина саласы дамып келеді. Биыл Тараз қаласында 300 орындық көпсалалы аурухана, 200 орындық перинаталдық орталық, Байзақ ауданында 60 орындық туберкулезге қарсы диспансері іске қосылмақ. Меркі ауданы мен Қаратау қаласында 150 келушіге арналған емханалардың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.