
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде жастардың діни экстремистік топтарға тартылуына жол бермеу мақсатында студенттер арасында оның алдын алуға байланысты жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жақында мұнда «Аңсар» ақпараттық-насихаттық тобының мамандарымен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша 1-курс студенттерімен кездесу өткізілді.
Белгілі болып отырғанындай, қазіргі таңда діни экстремизм мен терроризм ең өзекті мәселеге айналды. Оған нақты мысал Түркия мен Сирия, Ливия мен Пәкістандағы жағдайлар болып табылады. Өз еліміздегі Тараз, Алматы қалаларындағы, батыс өңіріндегі оқиғалар да алаңдаушылық туғызуға негіз болып отыр. Көбіне діни фанаттардың арбауына жастар түсіп қалып жатады, оларды интернет арқылы қатарларына тартатыны да жасырын емес.
Осы және басқа дінге қатысты мәселелер төңірегінде студенттермен келелі әңгіме өткізілген шара терроризм туралы әлеуметтік бейнебаян көрсетумен басталды. Содан кейін «Аңсар» ақпараттық-насихаттық тобы басшысының орынбасары Асланбек Тыныштық экстремизм және терроризм туралы терең түсінік берді, экстремистік топтар мен діни фанаттардың сол топтарға тарту әдістері туралы әңгімеледі.
Студент жастар көтеріліп отырған мәселеге қызығушылық танытып, жихад деген не, радикалдық топтардың қатарына тартуға қалай түсіп қалмау керек, экстремистік топтарды қалай ажыратуға болады деген сияқты көптеген сауалдар беріп, толық жауап алды. Шарада заңсыз діни әрекеттердің қылмыс болып табылатынына нақты мысалдар келтірілді, одан жастардың бойын аулақ ұстауы қажеттігі айтылды. Студент жастар саналарына сәуле түскендей әсер алды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе.