• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2015

Құқық қорғау органдары академиясының басшылығы таныстырылды

346 рет
көрсетілді

АСТАНА. 1 қыркүйек. Бас прокурор Асхат Дауылбаев Бас Прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының басшылығын таныстырды. Бұл туралы Бас Прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Өткен аптада Мемлекет басшысының өкімімен Ұлан Байжанов осы академияның ректоры болып тағайындалған болатын. Сонымен қатар, Президент жанындағы кадр саясаты жөніндегі комиссияның келісімінен кейін Бас прокурордың бұйрығымен бірінші проректор лауазымына Еркін Оңғарбаев және проректор лауазымына Роза Досымбекова тағайындалды. А.Дауылбаев жоғары оқу орнының басшылығын таныстыра отырып, барлық құқық қорғау органдары үшін бірыңғай академия құру жөніндегі бастаманы еліміздің Президенті қолдағанын ерекше атап көрсетті. Жоғары оқу орнының қызметі құқық қорғау органдарының жұмысын бірыңғай ғылыми қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқық қолдану қызметінде пайдалануға боларлық қолданбалы зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Осыған орай, тұңғыш рет бір жоғары оқу орнында барлық құқық қорғау органдарының басшы кадрларын даярлау және осы саладағы ғылыми зерттеулер жүргізу шоғырландырылған. Бүгінде академияның материалдық базасы тыңдаушылардың бірнеше тобын бір уақытта орналастыруға мүмкіндік береді. Академияның жарғысы, оның құрылымы, штаттық кестесі, қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары, магистратура мен докторантураға қабылдау ережелері бекітілген. Білім беру қызметімен айналысуға лицензия алынған. Бас прокурор академияның басшылығына ғылыми-білім беру қызметінің басым бағыттарын белгілеп, сондай-ақ ұйымдастырушылық міндеттердің кешенін анықтап, Мемлекет басшысының құқық қорғау органдары кадрлық құрамының сапасын арттыру жөніндегі міндеттерін тиімді жүзеге асыруды қаматасыз етуді тапсырды. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұрғандарды қоса алғандағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру, құқық қорғау қызметі саласындағы ведомствоаралық ғылыми зерттеулерді жүргізу және оларды үйлестіру, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру Академия қызметінің негізгі бағыттары ретінде белгіленген. Ұ.Байжанов әр жылдары мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. Атап айтқанда, Алматы қалалық атқару комитетінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласы әділет басқармасының бастығы, Мемлекеттік кірістер вице-министрі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры, Қазақстан Республикасы Бас прокуроры аппаратының басшысы лауазымдарында қызмет істеген. Е.Оңғарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды жоғары мектебі бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы, Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетінің төрағасы, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің проректоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры болып қызмет еткен. Р.Досымбекова Парламент аппаратында, Премьер-Министрдің кеңсесінде, прокуратура органдарында жауапты лауазымдар атқарған. Тағайындалғанға дейін Бас Прокуратураның кадр жұмысы департаментін басқарған. Айдар Өрісбаев. Дерек: Бас Прокуратураның баспасөз қызметі. Сурет: today.kz.