• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2015

Құтқарушының қалтқысыз қызметі

357 рет
көрсетілді

Қандай да бір төтенше жағдай орын алғанда құтқарушылар қызметіне жүгінеріміз анық. Сала басшылығы мен қызметкерлерінің сыналатын да, сенім артылатын да кезі сол сәтте көрінеді. Десек те, Сәбит Битаев басқаратын жетісулық құтқарушылардың еселі еңбегі аталған қызметтің құрылғанына 20 жыл толуына арналған шарада анық көрінді. Сонымен, салтанатты жиында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов баян­дама жасап сала қызметкерлерін Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің мерекелік төсбелгісімен және Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. «Елбасының арнаулы Жар­лығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті құрылғаны мәлім. Бүгінгі таңда Алматы об­лысы төтенше жағдайлар депар­таменті қызметкерлері төл міндетін мінсіз атқаруда. Мемлекеттік сая­сатқа сай жергілікті бюджет­тен бөлінген қаражатқа жыл басында 34 арнайы және қосалқы бағыттағы құтқару техникалары, 4 жол талғамайтын, 7 қарда жүретін, 31 жүзу құралдары сатылып алынып, таратылды. Сондай-ақ, 2 мо­дульді құрылғы судан құтқару станцияларында орнатылды. Құт­қарушыларды дайындау және жаттықтыру үшін бір жүксауыт түріндегі жылу түтін камерасы және 10 жиналмалы мұнара алынды. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері жыл сайын 20 мыңнан астам төтенше жағдайлар орнына барады. Сөйтіп 1,5 мыңнан астам адамды құтқарып қауіпсіз жерге шығарды. Сондай-ақ, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел-құтқару жасағында «ТРЭКОЛ» базасындағы батпақты жолда тоқтамайтын көлік, жүрдек құтқару автомобильдері, ұшқыр жүзу құралдары мен шаңғы, қар­лы бораннан құтқаруға ар­налған автокөліктер бар. Ал жа­сақ жауынгерлері кез келген адам­ға оның тұрған орнына қара­мастан, көмекке баруға дайын тұр. Жақында ғана Алакөлдің жағалауы мен Қапшағай су қой­масында заманауи техникалық және санитарлық талаптарға сай кәсіптік қызмет үшін теңдесі жоқ екі модульді суда құтқару станциясы салынды. Бұл құтқару жүйесі жыл сайын жүздеген адам­дарды құтқаруға мүмкіндік береді. «Саламатты Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасы аясында облыс аумағындағы күрежолдарда медициналық-құтқару бекеттері орнатылып, кезекшілер төтенше жағдайлар кезінде 2 мыңнан астам медициналық көмек көрсетті. Жыл сайын ардагерлердің қа­жеттілігіне жарату үшін депар­тамент қызметкерлері бір күндік жалақыларын бөледі. Сол сияқ­ты Талдықорған қаласында ор­наласқан «Айналайын» балалар үйі «Бөбек» тобының балаларына көмек көрсетіп, мерекелеріне шақырып ойыншықтармен, жиhаз және оқу құралдарымен қам­тамасыз етуді де дәстүрге айналдырған. Азаматтық қорғаныс бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айында 1183 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелді. Осы жылдың есептік кезеңінде 3 мың 330-дан астам жедел құт­қару жүргізілді», деді Алматы об­лысы төтенше жағдайлар депар­таментінің бастығы Сәбит Битаев. Түйіндеп айтқанда, құтқа­ру­шылар жиынында өңір өнер­паз­дары арнайы дайындаған ме­ре­­келік концерт тамашаланып, кө­ңілдерге қуаныш нұрын сыйлады. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». ТАЛДЫҚОРҒАН.