Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру нәтижелері еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесін озық әлеуметтік прогресс моделіне өтуінің өзектілігін және маңыздылығын көрсетті. Кез келген мемлекет әлеуметтік саланы дамытудың тиімді моделін құруға тырысады және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – сол елдің жоғары өмір сүру стандарттарының қарқынды дамуы болып табылады. Лайықты өмір сүруді қолдауға қажетті қоғам дамуының шарттары әрбір адамның өзінің физиологиялық, әлеуметтік және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктері қандай да бір көлемде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен тығыз байланысты.
Қазақстанда құрылған әлеуметтік қорғау моделі еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік кепілдіктерді жүзеге асыруды, өнімді еңбекпен қамтуды ынталандыруды, міндетті әлеуметтік сақтандыруды, халықтың аз қамтылған топтарын әлеуметтік қолдауды, тұрғындарға қажетті әлеуметтік қызметтерді беруді қамтамасыз етеді.
Бүгінде еліміз халыққа қызмет көрсету үшін қолданылатын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласында нақты жетістіктерге қол жеткізді. Электронды үкіметті дамыту деңгейі жөніндегі БҰҰ рейтингісінің 2014 жылғы қорытындысы бойынша 193 мемлекеттің ішінде Қазақстан 28 орынды иеленді және электронды үкіметті дамытуға арналған БҰҰ Жаһандық форумы 2014 жылдың қазан айында біздің елімізде өткізілді.
Сондықтан, Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ), Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ бастамасымен Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында биылғы жылғы қыркүйек айының басында «Әлеуметтік қамсыздандырудың мақсаттарына жетудегі АКТ саласының стандарттары мен бірыңғай шешімдерін қабылдау жолдары» тақырыбында әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық және коммуникациялық технологиялар бойынша ХӘҚҚ XIV халықаралық конференциясы өткізілуі заңды.
ХӘҚҚ мүшелерінің әлеуметтік қамсыздандыруды ұйымдастырудың алдында тұрған аса маңызды мәселелерді жоғары деңгейде талқылауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік алатын осындай жаһандық форум әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандары үшін маңызды бағыт болатыны анық. Мүше ұйымдарға ғана өткізілген мұндай пікір алмасу алаңдары өздерінің кәсіби білімдерін кеңейтуге келген қатысушылардың жоғары бағасына ие болды.
Заманауи АКТ қолдану арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету стандарттарын енгізу жөніндегі ХӘҚҚ нұсқаулықтары Қазақстанда да кеңінен қолданылуда, сондықтан да конференцияны бізде өткізу ұйғарылды.
Алқалы басқосуға әлемнің 50 елінен 300-ге жуық адам келді. Оның жұмысына қатысушылардың ішінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жетекшілері, АКТ жөніндегі менеджерлер мен сарапшылар, ХӘҚҚ басшылары мен мүше ұйымдардың аға персоналдары, сонымен қатар халықаралық ұйымдардан делегаттар мен тәуелсіз сарапшылар болды.
Ауқымды жиында әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу кезінде АКТ шешімдерінің мақсаттары мен қағидаттары сияқты маңызды мәселелер, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы бағдарламалық қамсыздандырудың корпоративтік және ірі ауқымды жүйелерін қолданудағы ағымдағы тәжірибелер талқыланды. Әлемнің көптеген елдеріндегі АКТ корпоративтік қолдану нақты үдерістерді автоматтандырып қана қоймай, сонымен бірге операциялар мен қызметтерді толықтай өзгертуді жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, технологиялардың жоғары қарқынмен дамуы ұйымдардың алдына күрделі міндеттерді де қойды. Мысалы, стандартталған шешімдердің көпреттік қолданылуын жүзеге асырудың базалық технологиялары халықтың қажеттіліктерінің артуы нәтижесінде туындайтын міндеттермен тоғысты. Қолданыстағы технологиялардың қарқынды дамуын ескере отырып, бүгінде әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдары қажетті талаптарға жауап бере алатын, сонымен бірге құны қолжетімді және тәуекел деңгейі қолайлы АКТ-жүйелерінің лайықты әдіс-тәсілдерін іздестіру мақсатында жұмыс атқаруда.
Конференция барысында мынадай мәселелер бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі ХӘҚҚ басшылығының: әлеуметтік қамсыздандырудың мақсаты үшін негізгі деректерді басқару; әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы АКТ базасында халықаралық келісімдерді орындауға қатысты жаңа екі бөлімі талқыланды.
Аталған бөлімдер халықаралық озық тәжірибелерді ескере отырып, әлеуметтік қамсыздандыруды ұйымдастыру үшін бірыңғай шешімдерді әзірлеуге бағытталған маңызды қадам. Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың дербес деректерін қорғау, сондай-ақ азаматтар басқа елдерге көшкен кезде оларға зейнетақы мен жәрдемақы төлеу мәселелері қаралды. Конференцияға шетелдік қатысушылар «Қазақстандағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» көрмесін тамашалағаннан кейін өз сөздерінде АКТ саласындағы жеткен жетістіктер мен нәтижелерден алған әсерлерімен бөлісті. Көрмеде Қазақстандағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері (АЖ) онлайн-режімде көрсетілді.
Конференцияда қонақтардың ең көп тамашалағаны республикамызда алғаш рет жасалған Kinect сенсорлы бейне-стенді болды, онда қолданушы адам қозғалыс арқылы бағдарламалық қамсыздандырумен жұмыс істей алады. Шараға қатысушылар Қазақстан азаматының мүшел жас аралығы бойынша (бала, жігіт/қыз, азамат/азаматша, аға/апа, ата/әже) барлық өміріндегі әлеуметтік қызметтер туралы ақпарат алды. Экранда әрбір өмірлік кезеңде халыққа көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттық жүйелер көрсетіледі.
ХӘҚҚ президенті Эррол Франк Стуве Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандырудағы жеткен жетістіктерін, оның ішінде әлеуметтік салаға АКТ енгізу бойынша бағдарламаларды ерекше атап өтті. Қазақстанда басталған әлеуметтік қамсыздандыру қызметтерін мобильдік қосымшалар арқылы пайдалану конференцияда талқыланған басты мәселелердің бірі болды. Халыққа қызмет көрсетуде жаңа технологияларды қолдану әлеуметтік қамсыздандырудың эволюциялық дамуында басты рөл атқарады және ел азаматтарын осындай қызметтермен кеңінен қамтымақ.
ХӘҚҚ бас хатшысы Ханс-Хорст Конколевски әлеуметтік саладағы АКТ дамуындағы Қазақстанның жеткен жетістіктерін жоғары бағалады. Оның пікірі бойынша, Астанада өткен конференция қауымдастық тарихындағы ерекше оқиғаға айналды. Конференцияның негізгі қорытындысы қауымдастыққа мүше елдер арасындағы келісімдер аясында әртүрлі елдердегі АКТ жүйелерінің қауіпсіздігі мен үйлесімділігі мәселелеріне басты назар аударылды және негізгі деректерді басқару жөніндегі қауымдастықтың екі жаңа басшылығының қабылдануы болды.
Ақпараттық технологиялардың жаһандануы қоғамды өзгертті, оған қойылатын талаптар бұрынғыдан да артуда. Көрсетілген осындай өзгерістер халыққа қызмет көрсетудің жаңа модельдеріне өтуді айқындады. Қоғамдық өзгерістерге жауап ретінде әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдары жүйелерді жаңғырту бойынша өздерінің күштерін біріктіруі қажет. Бұл ретте, әлеуметтік қорғау саласындағы ақпараттық технологиялардың көмегімен берілетін қызметтер көрсету мүмкіндігінің артуын ескерген өте маңызды. Мұндай мүмкіндіктер инфрақұрылым, сапа, қаржылық қолжетімділік сияқты негізгі факторлар ескеріле отырып, республика тұрғындары үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қолжетімділігімен сипатталады.
Қазақстандағы заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуымен және қолданылуымен шартталған қоғамдық өмірдегі экономикалық, әлеуметтік-саяси және рухани өзгерістер қоғамды ақпараттандыруға – дамудың жаңа кезеңіне қарай қадам басуын білдіреді.
Халықты әлеуметтік қорғау саласында инновациялық технологиялардың одан әрі дамуы қоғам дамуының тұрақтылығын, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осылайша, мемлекеттік қызметтер көрсету саласында енгізілетін барлық инновациялар, ең алдымен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алға қойған 2050 жылға дейінгі стратегиялық міндеттері аясында Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуіне жетелейтін халықтың қажеттілігіне бағдарланады.
Әлеуметтік салада ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануда одан әрі жүргізілетін реформалар халыққа барабар және атаулы қызмет көрсетудегі міндеттерді табысты шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетін Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің де күні енгізілгені белгілі. Осыған орай Қазақстанда басталған әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлеріне ерекше мәртебе берілгенін растады. Бүгінде ел азаматтарын әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесінде телекоммуникациялық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктерді белсенді түрде енгізіп және қолдана отырып, халыққа тиесілі барлық әлеуметтік көмек түрлерін қысқа мерзімде ресімдеуге дайын 50 мыңға жуық қызметкер еңбек етуде. Сондықтан, жаңа интерактивті құралдарды қарқынды түрде меңгерумен байланысты туындайтын жаңа міндеттерге қарамастан, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мәртебесі әлі де жоғары. Ал олардың қамқорлығымен мыңдаған адамның мәселесі шешілетіндіктен, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбектері оң нәтижелерін көрсетуде.
Мемлекеттік органдар мен әлеуметтік қамсыздандыру ұйымдарының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекелері қарсаңында жеткен жаңа жетістіктеріне әлемдік сараптама қауымдастығын мойындатып қана қоймай, сонымен бірге азаматтар мен ел арасындағы қатынасты түбірінен жеңілдететін, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен жеделдігін едәуір өзгертуді көздейтін жаңа міндеттер де қойып отыр.
Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері Қазақстан азаматтары тарапынан үлкен сенім мен құрметке ие. Бұл салада жоғары деңгейлі кәсіби мамандар жұмыс істейтінін толық сеніммен айта аламыз. Осындай айтулы күні барлық әлеуметтік қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.
Марат ЖӘНІБЕКОВ,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ вице-президенті.