АСТАНА. 24 мамыр. Австрия астанасы – Венада өткен «Еуровидение-2015» ән байқауында Швеция әншісі Монс Зелмерлев жеңімпаз атанды. Бұл туралы euronews.com хабарлады.
Байқауда Зелмерлев Heroes («Батыр») әнін шырқады. Нәтижесінде 365 ұпай иемденген ол жеңімпаз атанды. Швед әншісіне басты сыйлық – шыны микрофонды өткен жылғы жеңімпаз Кончита Вурст табыс етті. Енді 2016 жылғы байқау Швеция астанасы – Стокгольмде өтеді.
Айта кетер жайт, Зелмерлев бұл сайысқа үшінші мүмкіндігінде ғана жолдама алған. Алғашқы екі сәтсіздігінде орындаған ән кейін Ресейдің белгілі әншісі Филипп Киркоровтың репертуарына енген.
Шведтің жеңісі жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлағанымен, бұл белесті Швеция билігінің қалай қабылдағаны белгісіз. Себебі, байқауға келген швед делегациясының басшысы Кристер Бьеркман бұған дейін «Еуровидениені» ұйымдастыру өте қымбатқа түсетінін айтқан еді.
Байқау нәтижесінде 2-орын Ресей әншісі Полина Гагаринаға бұйырды. Оның орындауындағы Million Voices әні көрермендердің көңілінен шықты. Ал үздік үштікті Grande Amore әнімен II Volo триосы (Италия) түйіндеді.
Аталған ән сайысы биыл 60-ше рет ұйымдастырылды. Оған 40 елдің өкілі қатысты. Ал финалда бірінші және екінші жартылай финалдың қорытындысы бойынша іріктелген 27 елдің әншісі өнер көрсетті.
Еламан Қоңыр.
Дерек: euronews.com.
Сурет: reuters.com.