• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Мамыр, 2015

Қостанайда «Меценаттар клубына» 15 жыл толды (фото)

466 рет
көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. 24 мамыр.  Қостанайда өнер мен ғылымдағы дарындарға, мәдениет, білім саласы қызметкерлеріне «Меценаттар клубының» сыйлығы тапсырылды. Қостанайдың Атымтай-жомарт кәсіпкерлер мәдениет пен өнер саласы, шығармашылық өкілдерін биыл он бесінші жыл қолдап келеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Меценаттар клубы» сыйлығының шығармашылық өкілдеріне он бесінші рет тапсырылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов  мерейлі меркемен кәсіпкерлерді де, өнер мен мәдениеттегі дарындарды да құттықтады. Нұралы Сәдуақасаов: «Осы кезге дейін Меценаттар клубы» 369 сыйлық берді, оны 372 лауреат алды. 35 өнер ұжымы сыйлықпен марапатталды.  «Меценаттар клубы» ел еңсесін көтере қоймаған 2000-шы жылы құрылған болатын. Ол кезде шығармашылық адамдары қаржыға, көмекке зәру болды.  Ал бүгін «Меценаттар клубы» сыйлығының мақсаты басқа, ол лауреаттардың өнерге, мәдениетке, білімге, ғылымға, спортқа, әлеуметтік басқа салаларға сіңірген еңбегін бағалайды. Қазір де уақыт жеңіл емес, бірақ меценаттар қай уақытта да меценат болып қала береді. Біздегі шығармашылық  өкілдері меценат кәсіпкерлерге рахмет айтуы тиіс. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығында істейді. Сыртқы жағдайлардың әсерінен экономика да ауыр жағдайды бастан кешіп отыр, сонымен қатар толлассыз жаңбыр диқандардың қолын жіпсіз байлап отыр. Мұның барлығын да кәсіпкерлер жеңеді және халқымыз руханиятына қызмет ететін өнер мен мәдениет, ғылым өкілдеріне қол ұшын соза береді» деді. Мұнан кейін «Меценаттар клубының» «Қазына» және «Шабыт» сыйлықтары «әдебиет», «мәдени мұра», «Ғылым», «Білім», «Хореография», «Театр», «Вокал», «журналистика», «Ауыл өнерпазы», «Өнер ұжымының жетекшісі», «Музыка өнері» деген бірнеше аталымдар бойынша тапсырылды. Олардың арасында қолөнерші және этнограф Шөптібай Байділдин, Сақтаған Досмұхамбетов, актер Қонысбек Бегайдаров, филология ғылымдарының докторы Алмас Әбсадықов, білікті ұстаз Николай Кочин, музыкант Святослав Стаканов, композиор Геннадий Седов, Мұрат Хамитов, өнер студиясының жетекшісі Әсия Беркенова, әнші Гүлмира Үмбетова, журналистер Татьяна Башкатова, Гүлжібек Бекмұхамбетова тағы басқалар бар. Еске сала кетсек, 2000-шы жыл елімізде мәдениет жылы деп белгіленген болатын. Елбасы Н.Назарбаев кәсіпкерлерге шығармашылық өкілдерін қолдауды  ұсынған еді. Сол жылы Қостанай облысының әкімі болып тұрған  Өмірзақ Шөкеевтың бастамасымен облыста «облыс әкімі сыйлығы» тағайындалып, кейінірек ол «Меценаттар клубы» болып құрылды. Оны белгілі шаруашылық ұйымдастырушы, кәсіпкер, «Иволга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Василий Розинов басқарды. Міне, содан бері  Атымтай жомарттар өнер мен мен мәдениет, білім мен ғылым, спорт салалары өкілдеріне 100 миллион теңгенің сыртында көмек берді. Нәзира Жәрімбетова. Дерек, сурет: egemen.kz