Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин «Достық және қоғамдық келісім» үйінде «Елбасымен бірге жастардың 100 қадамы» тақырыбы аясында жастар өкілдерімен кезекті кездесу өткізді. Астана мейрамымен орайластырылған шарада «Қазақстан-2020: болашаққа жол» атты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын іске асыру қадамдары талқыға салынды.
– Елбасы Н.Назарбаевтың жаңа дәуірді тұтастай қамтитын 5 институттық реформасы болашақтың тірегі әрі сол дәуірдің игіліктерін жасаушы сіздерге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді өңір басшысы өз сөзінде. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінде-ақ президенттік «Болашақ» бағдарламасы қабылданды. Қазақстандық, оның ішінде біздің облысымыздың жастары да әлемнің озық білім ордаларында оқып, елімізге адал қызмет етуде. Тың ойларымен, жаңа бастамаларымен үлгі көрсетіп жүрген мұндай жастар өңірімізде аз емес. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бірі мемлекеттік қызмет сатыларынан өтіп, жуырда ғана өнеркәсіпті Степногор қаласының әкімдігі лауазымына тағайындалды.
Қазіргі күні білім іздеп міндетті түрде шетел асудың қажеттігі жоқтығын тілге тиек еткен Сергей Витальевич жиналған жастарға қуанышты хабарын да жеткізді. Ендігі жерде медициналық оқу орындарына түсуге ниет білдірген ақмолалықтарға 120 грант, ал өзге де жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіби мектепке қабылданғандарға 238 шәкіртақы тағайындалатын болады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.