
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингте Қазақстан Қарулы Күштері қатарының жаңа сарбаздармен толығатыны айтылды.
Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру департаменті бастығының орынбасары Амантай Өсербаевтың мәлім етуінше, «Əскери қызмет жəне əскери мəртебе туралы» Заңның аясында биылғы күз айларында Қарулы Күштер қатарына 18-27 жас аралығындағы əскери мерзімдік қызметті кейінге қалдыруға болмайтын жəне əскери мерзімдік қызметтен босатылмайтын 12 мыңдай азамат шақырылатын болады. Қазір осы жұмысты атқару үшін жергілікті əкімдіктердің шешімімен барлық облыстарда əскерге шақыру комиссиялары мен əскер қатарына шақырылатын азаматтардың денсаулығын тексеретін медициналық комиссиялар құрылған.
Сонымен, əскерге шақыру комиссиясының төрағасы болып жергілікті əкімдердің орынбасарлары, медициналық сараптама комиссиясының төрағасы болып жергілікті денсаулық сақтау басқармасының басшылары тағайындалатынын жеткізген Амантай Өсербаев әрі қарай былай деді: «Әскерге шақырылып отырғандардың арасында техникалық білімі бар жігіттер əуе қорғанысы саласындағы əскери бөлімдерге, ал парашюттен секіру спортымен айналысқандар аэроұтқыр əскерлерінің қатарына, жалпы денсаулығы жарамды қалған жігіттер əртүрлі əскери бөлімдерге жіберіледі. 2015 жылғы әскер қатарына күзгі шақырудың жылдағыдан ерекшелігі – биыл азаматтардың саны көбірек және шақырылушыға қойылатын талаптар күшейтіліп отыр. Атап айтқанда, азаматтардың денсаулығы, білім деңгейі және моралдық-психикалық ұстамдылығы жіті қаралады».
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».